Түркістан музыкалық драма театрында «Ер түріктің бесігі Түркістанға – Алтын бесік Ақтөбеден» деген тақырыппен мәдениет күндері аясында ақын, драматург Исраил Сапарбайдың «Сыған серенадасы» музыкалық спектаклі өтті. Бұл спектакль бірінші рет Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының тарихында «Өнер орталығы» концерттік залында көрерменге ұсынылған.

Түркістан қаласынан бастау алған республикалық деңгейдегі премьерасы «Сыған серенадасы» қойылымында ән падишасы атанған әйгілі Шәмші Қалдаяқовтың тағдырын бейнеленді. Бұл нәзік сезім мен романтикалық шығарма – кіршіксіз, таза махаббаттың жемісі болды. Спектакль дарынды композитордың әндері сүйемелденді. Спектакльге филармонияның 80-нен аса әртісі қатысты. Поэзиямен және әнмен өрнектелген қойылым аншлагпен өтіп, түркістандық көрермен Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармония ұжымына үлкен қошеметпен қол соқты.

Әсерлі туындыны көрерменге ұсынуға Қазақ камералық хорының көркемдік жетекшісі және дирижеры Мербол Құспанов, камералық оркестр дің көркемдік жетекшісі және дирижері Али Ермекбаев, «Аққу» би ансамблінің көркемдік жетекшісі Омар Мамбетов, бас балетмейстері Гүлнар Мамбетова үлес қосты. Сонымен бірге классикалық музыка ансамблінің көркемдік жетекшісі Нұртас Омаров, «Екі езу» сатира театрының көркемдік жетекшісі Нұрлыбек Жұбатқан да еңбек сіңірді. Басты рөлдерді Нұржан Қаражанов пен Әлия Бисенбаева сомдады.

Мәртебелі меймандар Түркістан шаһарының адам танымастай өзгергеніне тоқталып, рухани-мәдени орталыққа айнала бастағанын жеткізді. Осы күні «Керуен сарай» туристік кешенінде Ақтөбе облысы әншілерінің «Алтын аймақ – Ақтөбе» концерттік бағдарламасы ұсынылды. Түркістан қаласының тұрғындары мен қонақтары эстрада жұлдыздарының әндерін тыңдап, ән әлеміне саяхат жасады.
