МӘШҺҮР ЖҮСІП КӨПЕЙҰЛЫ ЖӘНЕ ДІН

1  497 көрілім

Мәшһүр Жүсіп Көпеев 1858 жылы Баянауылдағы Қызылтаудың Найзатас деген жерде дүниеге келген. Азан шақырып қойған есімі – Адам Жүсіп. «Бес жаста «бісмілла» деп жаздым хатты, Бұл тағдыр жастай маған тиді қатты» деп ақынның өзі айтқандай, 5 жасынан бастап-ақ молдадан хат таныған ол 1870 жылы Хамеретдин хазіреттің медресесінде дәріс алады. Молда бір ғана дін сабағын емес араб, парсы, шағатай тіліндегі кітаптарды да қатты қадағалап оқытады. Мәшһүр бір жыл ішінде хат танып, өнер-білімге, әдебиетке құмар болып өседі. Жеті-тоғыз жасында «Ер Тарғын», «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» сияқты халық жырларын, шығыс қиссаларын жатқа айтады. Он бес жасынан бастап ақындық жолға бет бұра бастайды. Мұса Шорманұлы ауылына қонақ болып келгенде кішкене баланың өнеріне тәнті болған ақын баланың әкесіне: «Сопы, мына балаңа мұнан былай бас киіміне үкі тақтырып қойыңыз. Көз-тілге шет болмасын! Бұл өз заманында халыққа Мәшһүр болатын бала екен! – деп айтқан екен. Содан кейін «Жүсіп» – деген атына «Мәшһүр» аты қосақтала бастаған. Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің өлеңдеріндегі қозғалатын мәселелері адамгершілік, имандылық, жұмақ пен тозақ және рухани байлыққа негізделген. Мәшһүр Жүсіптің сонымен бірге дін тарихы, оның ішінде ислам діні тарихы, мәні, ерекшеліктері туралы жазғандары бір төбе. Дінді, оның ішінде ислам дінін саралаған Мәшһүр Жүсіптің «Шайтанның саудасы», «Соқыр, саңырау және жалаңаш», »Жарты нан хикаясы», «Мәшһүрдің 46 жасында сөйлегені» тағы сол сияқты туындылары бар. Шығыстың классикалық әдебиетін жетік білген ғұлама артына көптеген өшпес мұра қалдырды. Әсіресе, ислам құндылықтары туралы өлеңдерінде дін тарихы терең баяндалады. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шығармашылығы көп қырлы, әсіресе дін мәселесіне ерекше көңіл бөлген. Мәшһүр Жүсіп атамыздың айтуынша дін адамның рухани дүниесін қалыптастырады, құдайды тану адамшылыққа, әділдікке бастау сынды. Мәшһүр Жүсіп: «Мен Құдайды бір деп білемін, бар деп білемін, күшті деп білемін. Осы үшеуіне нанымым, сенімім күшті. Өзге нәрсеге «құлақпен естіген танық, көзбен көрген анық» дегендей, көзім көрмей нанбаймын» дейді. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы еңбектерінде дін Исламның ақиқаттығы, құндылығы қадір-қасиеті, адамзат өміріндегі пайдалары уағыздалған. Оның еңбектерінің біраз бөлігі – біздің дініміз, тіліміз, тарихымыз, әдет-ғұрпымыз, салт-дәстүріміз. Ақынның түсінігінше, елдің елдігін сақтайтын, қандай қиындық болса да алып шығатын – дін. Сондықтан да: «Құдайдың шын нансаңдар бірлігіне, Ерлердің күш қосыңдар ерлігіне. Сарт демей, ноғай демей, қазақ демей, Тілек қыл дін мұсылман бірлігіне». «Азаттық бәріне бар, дінде болса» – деп білген ақын «Шариғат низамменен қатарласып, Бірдей боп келсе екен деп теңбе – теңге». «Шариғат ортамызда тұрса екен деп, Бір дүкен дін ислам боп құрса екен деп. Мешіт пен медресенің тексеруі, Құран кітап жөнімен болса екен»- деп жырлаған. Дін –мхалықтың рухани сенімі.мСенімінен айрылған халықтың болашағы жоқ. Сондықтан да отаршылдар өзге ұлттарды бағындыру үшін оның болашаққа деген сенімінен айырады. Бұл мақсатқа жетудің басты құралы – дінінен айыру болып табылады. Патша үкіметінің де қазақтарды шоқындыру саясатын жүргізгені анық. Мәшһүр Жүсіп Көпеев осындай арам ойларға қарсылық танытып, елдің тұтастығын сақтап қалу үшін дінді ұмытпай, халықтың діннен айырылып қалмауы үшін дін жайында көп қозғаған. Дініңді қорлаған адам елді қорлағанмен тең деп білген ақын: «Дініңді кім қорласа – сол өш қасың, Қорлықтан ақпап па еді көзден жасың» – деп айтқан. Мәшһүр Жүсіп Көпеев өз еңбектерінде Ислам дінінің барша мұсылман, адамзатқа аса пайдалы дін екендігін ашып айтқан, дәлелдеп те берген ғұламалардың бірі болған. Оның ислам діні хақындағы айтқан пікірлері, дініміздің ақиқаттығын дәлелдейді. Яғни, Мәшһүр Жүсіп адамды тура жолға шақырғаны: Аллаға сыйыну, шариғат жолына түсу, «Иманды адам» болу, мұсылман парыздарын орындау т.с.с. Мәшһүр Жүсіптің көзқарасы туралы қорыта айтсақ: Адамды адам ретінде биіктете түсетін исламдағы амалдар мен ілімдер аса мол. Ақын ислам құндылықтары туралы жазған өлеңдерінде Құран аяттарын, ғаламның жаратылысын, пайғамбарлар тарихын, Алла алдындағы парыздар туралы терең талдап жазған. Сөйледім қадіри хал білгенімше, Қылайық хаққа тәубә өлгенімше. Тілеңіз жалғыз хақтан жарылқасын, Көңілі жер қойнына кіргенімше – деп Мәшһүр Жүсіп өлеңдері мен дастандарында халықты имандылыққа шықырып, адамгершілік рухында тәрбиелеуге тырысқан. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының жазба деректерінің тарихи маңыздылығы өте зор. Оның еңбектерін оқи отыра, санамызға түйер дүниенің көп екендігін байқауға болады.

Ж.Байгерей, Түркістан облысының дін істері басқармасының«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»КММ-нің дінтанушы маманы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы