Түркістан облысы ПД-нің баспасөз қызметі «Пәтерді ұрылардан қалай қорғауға болады» тақырыбында ресми парақшада брифинг өткізілді. Спикер ретінде Түркістан облысы Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының бөлім бастығы полиция майоры Ердәулет Амантаев қатысты.

«Түркістан облысында ағымдағы жылдың 3 айында 411 ұрлық жайты тіркелген. Оның ішінде 158-і пәтер ұрлығы. Ал пәтер ұрлығының тіркелімі өткен жылмен салыстырғанда, 109-дан 158-ге өссе, ашылымы керісінше артқан. Яғни ауыр дәрежелі пәтер ұрлығының ашылымы 75,6%-ға, орта дәрежелі пәтер ұрлығы 86,4%-ға көтерілді. Біздің полицейлермен пәтер ұрлығының алдын алу бағытында ауқымды іс-шаралар атқарылып келеді. Мәселен, учаскелік полиция инспекторлары өзіне бекітілген әкімшілік аумақтағы жергілікті халықпен тұрақты түрде «ұрылардан сақ бол», «пәтер ұрылары» тақырыбында халықпен кездесу, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Адамдар көп шоғырланатын орындарға ескертпе мәтіндер, жаднамалар, үлкен билбордтар ілініп, таратылады. Телеарналарға, ақпараттық сайттарға, әлеуметтік желілерге ескерту ретінде дайындалған бейнероликтер жарияланады. Сөз соңында барлық облыс тұрғындарын ұры-қарыдан сақтануға кеңес беремін. Қарапайым ғана қауіпсіздік шараларын ұстану арқылы ұрылардың жолын кесуге болады. Әсіресе пәтер ұрлыларынан сақтану үшін міндетті түрде терезелеріңізге темір тор, бағалы заттар мен алтын бұйымдарын тиісті сейфтерге сақтау қажет. Сондай-ақ мүмкіндігінше бейнебақылау камераларын орнатып, дабылқаққыш қоюға кеңес береміз. Күзет агенттіктерінің күшін пайдалану да осы қауіпсіздік шараларына жатады», деді Полиция майоры Е.Амантаев.
