- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Конституция Қазақстан халқы үшiн аса маңызды мерейлi мереке. Бұл — тарихымызды түгендеудiң бастамасы. Қазақстан Республикасының Конституциясы күнi бүгiнiмiз бен келешегiмiздiң кемелдiгiнiң көрiнiсi. Тәуелсiздiгiмiз бен Конституциямыз тайға таңба басқандай ажырамас егiз ұғымға айналған. Бiрiнсiз бiрi толыққанды мазмұнға ие бола алмасы анық. Дегенмен, ата-бабаларымыз қолданған дала заңы ежелден-ақ құқықтық саясатымыздың негiзi болғанын ұмытпауға тиiспiз. Біздің Ата Заңымыз жарқын болашаққа апаратын айқын жолымыз, ардағымыз, айбарымыз.
Осы әділ Заң аясында көпұлтты Қазақстан халқы бір анадан туғандай тату-тәтті бақытты өмір сүріп, еліміздің тәуелсіздігін нығайтып, байлығын молайтып, қорғаныс қуатын арттырып келеді. «Қасым салған қасқа жол», «Есім салған ескі жол», Әз-Тәукенің «Жеті Жарғысы» сияқты тарихи дала заңынан бастау алған Ата Заңымыз өзінің әділдігін, өміршеңдігін көрсетті.
Конституция дегеніміз – қоғамдық және мемлекеттік құрылыс негіздерін, мемлекеттік органдар жүйесін, олардың түзілу реттілігі мен қызметін, азаматтардың құқықтары мен міндеттерін айқындайтын мемлекеттік заң. Конституция бүгін мемлекетімізді мекендейтін халықтардың тыныш әрі бейбіт өмір сүруінің кепілі болып отыр. Ата заң аясында алтын дала- Қазақстан әлем елдері алдында экономикалық реформалар жүргізу мен демократиялық қоғам қалыптастыруда, әртүрлі ұлт өкілдерінің бейбіт өмір сүруі және әлеуметтік мәселелердің оң шешім табуы жөнінен үлгі болып отыр. Қазақстан Республикасының Конституциясы – мемлекетіміздің іргесін нығайтудағы қарышты қадамдардың қалыптасуы мен жаңа жүйенің орнығуына, саясат сахнасында Қазақстан Республикасының қанат жаюы жолындағы бірден-бір бастаушы заң, серпінді сенім, әділет жолын көрсетер мемлекетіміздің Ата заңы, айшықты құжаты.Ұлттық болмысымызды бейнелеген заңдық қағидалар мен өркениеттік Заңдық ережелерді жастардың бойларына сіңіру және Ата заңымызды құрметтеуге, сыйлауға тәрбиелеу.
Ата-бабамыз аңсаған Тәуелсіздікке қол жетіп, Егемендігіміздің еңсесі нығайып, көпұлтты Қазақстанымыз көркейіп, ел экономикасы өсіп-өркендеп, халқымыздың әл- ауқаты артып, дамудың даңғыл жолын таңдадық. Қыруар қайратты, еңселі еңбекті қажет етер күрделі де, қиын өмір өткелдерінен өтіп, алуан асуларды, биік белестерді бағындырдық. Елбасымыздың салихалы саясатының арқасында әлем халқын мойындатқан Егемендігі еңселі, Тәуелсіздігі тұғырлы, саяси тұрақтылығы орныққан көпұлтты мемлекетке айналдық. 1991 жылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Заң қабылданды. Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев ұсынып, оны Қазақстан халқы 1995 жылы 30 тамыздағы Республикалық референдумда бірауыздан мақұлдады. Біздің еліміз Ата Заң аясында тарих үшін аз жылдың ішінде әлеуметтік- экономикалық жағынан қарқынды дамып келе жатқан, саяси тұрақтылық берік қалыптасқан, іргесі мықты, айдынды ірі мемлекет ретінде дүниежүзіне танылды. Конституция мемлекетіміздің тарихи дамуының негізі ретінде ғана танылып қоймай, ол барлық заңдардың бастауы болып табылады. Конституцияда адамның жеке бас бостандығы, жеке өміріндегі құндылығы, сондай-ақ билік тармақтарының қоғамдағы рөлі айқын тұжырымдалған. Конституция біздің саяси, мәдени, рухани және экономикалық дамуымыздың құқықтық қайнар көзі ретінде танылады.
Қазақстан Республикасының Ата Заңы біздің еліміздің дамуына жол ашып, жаңа тәуелсіз мемлекет буынының бекуіне себеп болды. Сан жылдар егемендікке қол жетпей, аңсатып келген азаттық Елбасының салиқалы да сарабдал саясатының арқасында бізге бұйырып отыр. 1995 жылы қабылданған Конституция Президент лауазымына үлкен міндеттер мен зор жауапкершілік жүктеді. Ата Заңда атап көрсетілгендей, Қазақстан Республикасының Президенті – халықтар бірлігі мен ынтымақтастығы, азаматтар және адамдар құқығы мен бостандықтарының нақты кепілі.
Қазақстан Республикасының Парламенті қабылданған өзгерістер мен толықтырулар енгізілгеннен кейін Ата Заңымыз жаңа сипатқа ие болып, еліміздегі демократиялық реформалар тереңдей түсті. Сонымен, Қазақстан Республикасының Конституциясы – елдің басты саяси құқықтық құжаты. Ата Заң біздің бүкіл жарқын істеріміздің қайнар бастауына айналды. Конституция мызғымас мемлекетіміздің алтын қазығы, бірлігі мен ынтымағы жарасқан елдігіміздің бұлжымас бағдары, кемел келешегіміздің кепілі. Өз Отанын танып, сүюі, оның заңдарына бағынуы – бұл әр адамның азаматтық жауапкершілігін сезінуі, өз елінің алдындағы азаматтық борышын орындауы.
Гүлжанат ДҮЙСЕНБАЕВА,
Түркістан облыстық тарихи-мәдени
этнографиялық орталықтың директоры,
ҚР Мәдениет қайраткері.