Түркістанда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауындағы міндеттерді орындау мәселелері бойынша партияның облыстық активінің мәжілісі өтті. Жиынды облыс әкімі, «Amanat» партиясының облыстық филиалының төрағасы Өмірзақ Шөкеев төрағалық етіп жүргізді. Актив отырысына партияның облыстық филиалының атқарушы хатшысы Бейсен Тәжібаев, Саяси кеңес мүшелері, қоғамдық кеңестер мен бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, мәслихат депутаттары, партия ардагерлері мен белсенділері, үкіметтік емес ұйым және БАҚ өкілдері қатысты.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында алдағы уақытта жүзеге асатын Мемлекеттік басқару ісіндегі басты өзгерістерге тоқталды. Елде Парламенттің ықпалын күшейтіп, берік негізді елге айналудың алғышарттарын ұсынды. Саяси трансформациялар – қоғамдағы әділдікті орнатып, ел дамуына ерекше серпін беретіндігіне де тоқталды. Мемлекет басшысының ұсынысымен еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымына өзгерістер енгізіледі. Бұл тарихи әділеттілікті орнатып қана қоймай, жергілікті тұрғындардың әлеуметтік жағдайына да оң ықпалын тигізері анық. Біз бұған өзіміздің Түркістан облысының бүгінгі келбеті мен тыныс-тіршілігін мысал ретінде көрсете аламыз, – деген Өмірзақ Шөкеев Жолдаудағы бағыттар Жаңа Қазақстанды құруға деген үлкен талпыныс, зор мүмкіндік екенін атап өтті.
Айта кету керек, қазіргі таңда Жолдауды жүзеге асыру бойынша атқарылатын іс шараларды жүзеге асыру бойынша арнайы комиссия жұмыс жасауда. Үкімет басшысы Әлихан Смайылов өткізген онлайн конференция барысында Ұлттық экономика министрі Ә.Қуантыров «Елдің әкімшілік-аумақтық құрылысын жетілдіру» бойынша 5 іс-шара іске асырылатындығын атап өтті.
Бүгінде министрлік Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарын құру бойынша жұмысты бастап кетті. Биылғы 25 наурызда Премьер-Министрдің өкімімен аталған облыстарды қалыптастыру үшін Комиссия құрылды. Комиссияның міндеті – жаңа өңірлерді құру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс шеңберінде мемлекеттік органдардың ведомствоаралық өзара іс-қимылын қамтамасыз ету. Сондай-ақ жауапты орындаушыларды және іске асыру мерзімдерін көрсете отырып, «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» Президент Жарлығын қабылдау жөніндегі жұмыс алгоритмі әзірленді. Алгоритм ұйымдастырушылық-дайындық және жедел іс-шаралар тізбесін қамтиды.
«Алгоритм аталған облыстар әкімдіктерінің назарына жеткізілді. Жалпы алғанда, Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарын құруды көздейтін «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» Президент Жарлығының жобасы жақын арада Президент Әкімшілігіне енгізіледі», -деді Ә.Қуантыров.
Шындығында, Мемлекет басшысы Жолдауда межелеген үш облыстың ашылуы, берілген тапсырмаларды кезең-кезеңімен жүзеге асыруда бұрын Республикамыздың ең маңызды салаларында түбегейлі өзгерістерді жүзеге асырған Өмірзақ Естайұлының Түркістанды жасартып-жаңғыртудағы қажырлы еңбек үлгісі мен тәжірибесін ұсынуға әбден болады.
«Түркістан-ақпарат».
