Сарыағаш ауданында өткен мобильді қоғамдық қабылдаудың екінші күні ашық алаңда ұйымдастырылуымен ерекшеленді. Әлімтау ауылдық округіне қарасты 2 елді мекеннен келген 132 азамат түрлі мәселелермен жүгінді. Әлімтау елді мекеніне байланысты тұрғындар көтерген проблемалар Жайдаққұдық елді мекенінде де кездесті. Ортақ мәселелер: ауыз су тапшылығы, жол салу, электр бағаналарының ескіруі, жаңа зауыттар ашу, интернет сапасының нашарлығы, субсидия және қайтарымсыз грант алуға ықпал ету, шаруаларға бөлінген несиелерді ала алмау, жұмыспен қамту, халықты құжаттандыру, жаңа медициналық пункттер мен мәдениет үйлерін салу.

Әлімтау елді мекенінің тұрғыны Е.Куранов жаңадан салынып жатқан мектептің құрылысы тоқтап, уақытылы қолданысқа берілмей қалмай ма деген уайымы бар екенін жеткізді. Аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің өкілі мектептің құрылыс жұмыстары жалғасып жатқанын, жоспар бойынша 2023 жылға аяқталу жоспарланғаны түсіндірді. Ал Түркістан облыстық мәслихат депутаты Жомарт Әбдібаев Д.Қонысбаевтың елді мекенге балалар алаңшасын салу туралы өтінішін жеке бақылауына алып, депутаттық сауал жолдайтын болды.
ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі азамат Ж.Абдурайымов қайтарымсыз грант алуға ниетті екенін айтты. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының өкілі мамыр айында грант беру жоспарланғанын хабарлап, бағдарламаның ережелерін түсіндірді. Сондай-ақ А.Байбатырова тұрақты жұмысқа орналасуға көмек сұрады. Мамандығы бойынша ауылдық округте бос жұмыс орны анықталып, аудандық жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркелеуге кеңес берілді.

Өңірлік партия филиалы Атқарушы хатшысының орынбасары П.Тұрсынбаев, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, облыстық жауапты басқарма басшылары, құрылымдық бөлімдер тарапынан барлық арыз-шағымдарды қабылдап, оңтайлы шешілуіне дейін Заң аясында жұмыстар жүргізетін болады. Жалпы екі күнге жоспарланған мобильді қабылдаудың нәтижесінде 5 елді мекен тұрғындарымен кездесу өтіп, 268 азаматтың мұң-мұқтажы тыңдалды.
