КЕҢЕСТЕ ЫНТЫМАҚ ПЕН БІРЛІК МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

1  133 көрілім

Таяуда ел ордасында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «Қариялар – ел қазынасы» І республикалық ақсақалдар форумы болып өтті.

Басқосуға ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, ҚР Мемлекеттік хатшысы Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Ержан Байтілес, Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Серік Егізбаев және ақсақалдар кеңесінің мүшелері Мырзатай Жолдасбеков, Өмірзақ Озғанбаев, Мұрат Жұрынов, Жабал Ерғалиев сынды қоғам қайраткерлері мен республиканың түкпір-түкпірінен белсенді ақсақалдар мен облыстардың бас имамдары келді.

«ҚМДБ биылғы жылды «Ислам – ынтымақ пен бірлік діні» деп жариялады. Осы жыл аясындағы жұмысымызды ел ынтымағы үшін, бірлігі үшін жүргізетін боламыз. Бүгін мүфтият ғимаратында «Қариялар – ел қазынасы» атты І ақсақалдар форумы өтіп жатыр. Әр кезде ақсақалдар еліміздің қазынасы болған, біз ақсақалын сыйлаған тәрбиелі ұлттың ұрпағымыз. Осы қариялардың өмірлік тәжірибесін, білімін жастарға дұрыс тәрбие беруде, имандылықты дамытуда, салт-дәстүріміз бен ана тілімізді кең насихаттауда пайдалануды жоспарлап отырмыз», – деді Наурызбай қажы Тағанұлы. Оның айтуынша, жыл басында ҚМДБ жанынан Ақсақалдар кеңесі құ-рылған. Оған жасы алпыстан асқан және ел алдында абыройлы-сыйлы қариялар шақырылады. Форумға да делегат ретінде өңірлерден 80-ге жуық ақсақал келген. Қасиетті қаңтар оқиғасында мерт болған қазақстандықтардың рухына Құран аят-тарын бағыштаумен бастау алған жиынға Түркістан қаласынан делегат ретінде Түркістан қалалық «Яссы» Орталық мешітінің ақсақалы Смағұл Нұрымбетов атамыз да форум қатысушысы атанып, жиын төрінен орын алды.

Осылайша келелі басқосуда ынтымақ пен бірлік мұраты ту етіліп, жиналғандар өздерінің ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Қорыта айтқанда аға буын өкілдерінің келер ұрпақ алдындағы аманаты – ынтымақ пен бірліктің берік болуы тұрғысындағы істерді кешенді түрде жүзеге асыру мақсатында нақты қадамдар жасауға уағдаласты.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы