Киелі шаһар облыс орталығы болғалы оң өзгерістер көп-ақ. Ежелден бақ қонып, қыдыр дарыған Түркістан өлкесіне зәулім ғимараттар бой көтеріп, қаншама рухани, мәдени ошақтар ашылды. Түрленуі мен гүлденуі көз ілеспестей болды. Бірақ. Бірақ дейтініміз елді қысқан қымбатшылықта осы дүрмекпен қоса келгендей.
Халық көп тұтынатын негізгі өнімдердің бағасы бүгінде аспандап тұр. Мәселен, соңғы күндері елімізде көп талқыланып жатқан қанттың бағасына тоқталайықшы. Ресми статистика отандық өндірушілер елдегі қантқа сұраныстың тек 40 пайызын ғана өтейтінін айтады. Тіпті, өндірілген барлық өнім ішкі тұтынуға кетеді екен. Ал, қалған қантты алыс жақын шетелдерден тасымалдайды екенбіз. Атап айтқанда, Ресей, Бразилия, Беларусь, Мексика сияқты елдерден бізге импортталады екен. Енді осы түйткілдердің түйіншегін шешуді еліміз мықтап қолға алмақ. Күні кеше Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Қазақстанда қант өндірісін 80 пайызға дейін жеткізуді жүзеге асыратындарын жеткізді. Нақтылап айтқанда, шикізатты, өндірістік қуатты ұлғайту арқылы алдағы 3-4 жылда өзін-өзі қамтамасыз ету көрсеткішін еселей түспек. Енді бір сөзбен айтқанда, Жамбыл және Алматы облыстарында орналасқан еліміздегі қант өндіретін төрт зауыттың санын арттырып, бесіншісінің шаңырағын оңтүстік өңірден көтеру көзделген.
Шаһардағы мониторингілік топ қант бағасын әлеуметтік дүкендерде 315 теңге деп көрсеткен. Сонымен қатар, «Алтын бұлақ» базары мен супермаркеттерде әлдеқайда жоғары бағада сатылып жатқаны жайында ақпарат берген. Анығы көтерме сауда орталығы саналатын «Алтын бұлақ» базарында 500 теңге, супермаркеттерде 600-650 теңгеден сатылып жатқанына тоқталған.
Жоғарыда көрсетілген орындарға арнайы ат басын бұрып, бағамен танысып қайттық. Сондай-ақ тұрғындар мен сауда иелерінің де пікірлерін тыңдап көрдік. Анық көзіміздің жеткені көтерме саудадағы баға біркелкі емес. Ең төменгі қант бағасының өзі 650 теңгеден басталады екен. Ары қарай әр дүкен қалауы бойынша түрлі баға ұсынады.
«Заттың барлығы қымбаттап жатыр. Бүгін сатып алған затыңның бағасы тез өсіп кетеді. Қай күні ғана «Шапағат» супермаркетінен 500 теңгеге сатып алған қантты ертесі 650 теңгеге алдым. Ал, он айлық сәбиіме алып жүрген памперстің (4 нөмірлі 80 үштік) үлкенін 7500 теңгеге сатып алып жүргем. Бүгін алуға барсам 13000 теңгеге жетіпті. Осының барлығына тоқтау барма», – деген жанайқайын жеткізді қала тұрғыны Дана Тоқтарова.
Көтерме сауда иелерінің айтуынша, бағада өсім анық байқалады. Мәселен, Пәкстанның жаңа картобы басында 180 теңгеден сатылымға қойылса, қазір 220 теңгеден асып кеткен. Тіпті доллар бағамына қарай жалғасты бағаның шарықтайтынында жоққа шығармайды. Осы секілді Өзбекстаннан кіретін тауарлардың да бағасы өскен.
Ал, құзырлы орындардың айтуынша шаһардағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қоры жеткілікті. Соңғы статистикалық мәліметке сәйкес тауық еті, қырыққабат, сәбіз және құмшекер бағасының өсуі байқалған. Одан басқа 13 тауар (нан, жарма өнімдері, қарақұмық, картоп, күнбағыс майы, сары май, пияз, күріш, жұмыртқа, айран, сүзбе, сиыр еті, тұз) бойынша жағдай тұрақты.
Өз кезегінде облыс әкімінің баспасөз қызметі өңірге қант толығымен импортталатынын хабарлаған. Сондай-ақ, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының негізсіз өсуінің алдын алу мақсатында ірі сауда орындары мен дүкендер және әмбебап базарлармен облыс көлемінде 1 098 меморандум жасалған екен.
Осы қолға алынып жатқан шараларға қарамастан өңірде қант бағасынан басқа да азық түлік бағасы күн санап артып келе жатқаны жасырын емес. Қымбатшылықтың бораны үдей түскен. Шындап келгенде дүниежүзіндегі қымбатшылықтың кесірі және саяси жағдайлардың салқыны секілді себептерді ескерсек қымбатшылық қант дүбірімен бітпейді. Ақиқаты қордалы мәселенің басталу көзі ғана. Бар болғаны қымбатшылық қос бүйірден қысқан осы бір кезеңнен сүрінбей өтудің нақты қадамдары жасалса екен дегіміз келеді.
Үмітбек БАҒДАТ.
