ФЕРМЕРЛЕРГЕ ҚАЙТАРЫМСЫЗ ҚАРЖЫ ҚАШАН БЕРІЛЕДІ?

1  062 көрілім

Солтүстік облыстарға қарағанда ерте көктемде қимылдайтын Түркістан өңірінің дихандары қайтарымсыз қаржыны (субсидия) күтумен жүр. Жергілікті қаржы институттары жоғарыға сілтейді. Әлі күнге «сен салар да, мен салар, атқа шөпті кім салардың» кебімен өздерімен өздері қамын жасауда.

Сауран ауданы фермерлер қауымдастығының төрағасы Рәджап Кариевтің айтуынша, қазіргі таңда аудандағы 430-дан астам дихандар мен фермерлер үшінші айға кетсе де, субсидияның төбесі көрінбей тұрғанына қынжылулы екендігін жасырмады.

Осы мәселе бойынша «Наурыз» несие серіктестігінің төрағасы Серік Өтегеновтен сұрап білгенімізде, әлі күнге дейін ауыл шаруашылығының қай саласына қайтарымсыз қаржы бөлінетіндігі белгісіз болып отырғандығын, бірқатар фермерлер өздерінің жобалары мен жоспарларын өткізіп қойғандығын, алайда әлі қаржы түспей отырғандығын тілге тиек етті.

– «Былтырлары мал өсіретін фермерлерге 16 пайыздық несие бөлінсе, оның 10 пайызын банкілер жауып отырғаны белгілі. Бірақ күні бүгінге дейін шаруашылықтың қай түріне, малдың, егіннің қай түріне берілетіні белгісіз болып отыр», – дейді С.Өтегенов.

Алдыңғы жылдары Түркістан облысында балық және асыл тұқымды мал өсірушілерге қайтарымсыз қаржы бөлініп келген болатын. Өңірдің дихандары негізінен мақта өсіруге бейімделген. Алтыннан қымбат мақта өсірушілердің республикалық деңгейде субсидиялануы керектігін және оның жылдың басында берілуі тиістігін көптен бері көтеріп келе жатқан Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Абдурасул Құрбаналиевті сөзге тарттық.

– Өткен жылы «Ақ жол» демократиялық партиясының мүшесі,Түркістан облысының мәслихат депутаты, агроөнеркәсіп кешені бойынша комитет төрағасы ретінде жиын өткіздім. Оған Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов бастаған жүзден астам шаруа-фермер қожалықтары мен кәсіпкерлер, салалық ассоциациялар мен бірлестіктер, сонымен қатар қаржы институттарының бірінші басшылары қатысып, 2022-2026 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамыту жөніндегі ұлттық жобаның тұжырымдамасына ұсыныстар әзірлеу және көктемгі дала жұмыстарына қаржының тапшылығы туралы мәселелері талқыланған еді.

Сол жерде ауыл шаруашылығы басқармасына облысымыздың табиғи климаттық ерекшеліктерін ескеріп, көктемгі егіс жұмыстары республиканың басқа өңірлерімен салыстырғанда біздің облыс аумағында бірнеше ай бұрын ерте басталатынын алға тартып едім. Бұл көптен бері көтеріліп келе жатқан мәселе.

 Мәселен, бізде қаржы институттары тарапынан несиелер, жылда дәстүрлі түрде тек наурыз айынан бастап құжаттар қабылдап, мамыр, сәуір айларында беріліп келген. Бұл уақытта шаруаларымыз егістік алқаптағы қызу жұмыстарында жүреді. Осы ретте, ерте пісетін дақылдар бойынша қаржыландыру мерзіміне сәйкес келмейтіні және оның осы уақытқа дейін ескерілмейтіндігіне назар аудару қажеттігін алға тарттым. Себебі, ерте басталатын көктемгі дала жұмыстарына шаруалар жоғарғы пайызбен екінші деңгейлі банк пен микроқаржы ұйымдарынан тұтынушылық несиелер алуға және үйдегі бар малы мен астындағы көліктерін сатуға мәжбүр болады.

Несібесін жер анадан күткен жандар үшін жылдағы бас ауру десе болады. Күзгі жиын-терімнен соң шаруалар келесі жылға әрекет ететіні белгілі. Алған өнімдері бір жылдары жақсы табыс әкелсе, кей кезде шығынға ұшырауы мүмкін. Осы сәтте күн көзі жылынғанда іске кірісетін шаруалар үшін ең бірінші қаржы қажет. Несиені наурыз айында аламын деп күтіп отыра берсеңіз, «жаздың бір күні жылға азық» дегендей Түркістан өңірінің климаты жылы болғандықтан қыс мезгілінде егіс егуге әрекет етпе-сеңіз кеш қалатыныңыз белгілі. Міне, шаруаларымыздың қиналатын уақыты осы сәт.

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Түркістан филиалының директоры Файзулла Байдуллаев 15 ақпаннан бастап көктемді дала жұмыстарына қажетті қаржыға байланысты өтінімдер қабылдай бастайтындығын айтты. Күні кеше ғана Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақовпен облыстық мәслихаттың сессиясында жолығып, субсидия қашан бөлінетінін сұрадым. Ол кісі осы айда құжаттары әзір дихандарға бере бастаймыз деп қуантып қойды, – дейді А.Құрбаналиев.

Ескендір ЕРТАЙ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы