ТҮРКІСТАНДА ӘЗ-НАУРЫЗ БАР СӘН-САЛТАНАТЫМЕН ТОЙЛАНДЫ

1  397 көрілім

Түркістан қаласында Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз мерекесі «Жібек жолы» саябағында кеңінен аталып өтті. «Жібек жолы» саябағына таң алакеуімнен жиналған халықтың қуанышында шек жоқ. Бәрі де шат-шадыман көңіл-күйде, келбеттері жарқын, бір-бірлерімен амандық-саулық сұрасып, наурыз мерекесімен құттықтап жатты. Ұлттық нақыштағы ән-әуендер барлық жанға шуақты көңіл-күй сыйлауда. Ал, осынау күнгі ауа-райы да құбылып, салқын болуы түркістандықтардың көңіліне қаяу түсірген жоқ.

Қала тұрғындарының жүздерінен мерекелік леп сезіліп, ерекше құлпырып, олардың бойларынан мейірім мен жылылық тарады. Көктемнің шуақты күндері нұрын шашқан Наурыз мейрамында «Жібек жолы» саябағы жиналғандарды аялы құшағына қарсы алды. Осы күні қала тұрғындарымен қатар, түрлі ұлт өкілдері, этномәдени орталықтардың мүшелері, қала қонақтарының жүздерінен сәуле шашып, күлімдеп жүргенін байқадық.


Ұлыстың ұлы күні әз-Наурыз мерекесіне аймақ басшысы Ө.Шөкеев, ҚР Сенатаның депутаты Ә.Құртаев, облыстық мәслихат хатшысы Қ.Балабиев, Түркістан қаласының әкімі Н.Тұрашбеков, Түркістан қалалық мәслихат хатшысы М.Таңғатаров, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, облыстық, қалалық ардагерлер, облыстық ақсақалдар, қаланың зиялы қауымы, мекеме басшылары, қоғамдық ұйымдар мен этно мәдени орталықтың өкілдері наурыз мерекесін тамашалады. Мерекелік шарада Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Естайұлы барша түркістандықтар мен қала қонақтарын Ұлыстың ұлы күні әз-Наурыз мерекесімен құттықтап, игі тілегін жеткізді.

Саябақта ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, қала қонақтары мен тұрғындары наурыз көшеден дәм татып, мәре-сәре болысты. Наурыз мерекесіне арналған қолөнер шеберлерінің, оқу орындары мен білім саласының көрмелері қойылды. Сонымен қатар, спорттық шаралар қазақша күрес, арқан тарту, садақ ату, қошқар көтеру сынды жарыстар ұйымдастырылды. Бұдан соң, қала тұрғындары мен қонақтарына қалалық мәдениет үйінің арнайы дайындаған Наурыз мерекесіне арналған «Наурыз – бірлік бастауы» атты театрландырылған қойылымдық іс-шарасы көпшілік назарына ұсынылып, мерекелік концерттік бағдарламаға ұласты.

Қуаныш ТАСЫБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы