Бүгін, «Ұлыстың ұлы күні – Наурыз» мерекесіне орай Түркістан қаласындағы этноауылда қазақтың ұлттық ойын түрлерінен ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енген асық ату, тоғызқұмалақ сынды ұлттық ойындары мен гір көтеру, арқан тарту, садақ ату секілді спорт түрлерінен жарыс болып өтті. Шара жас спортшылар мен студенттер, мектеп оқушыларын ұлттық спорт түрлерімен айналысып, салауатты өмір салтын ұстануға шақырады. Сонымен қатар, тарихи сананы жаңғыртып патриоттық сезімді қалыптастыруға және Наурыз мерекесін ұлықтау мақсатында өткізіліп жатыр.

Жиынды Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитеті «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» РМҚК және Түркістан қаласы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімі ұйымдастырып, “Әзірет Сұлтан” мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы директорының міндетін атқарушы Ерсін Тәжібаев ашып берді.

“Ұлыстың ұлы күнін ең бірінші ұлттық спорттан бастап отырмыз. Ата-бабадан бүгінге жеткен ұлттық ойындарымызды Түркістан қаласына келген қонақтарға дәріптеп, бүгінгі шараға қатысқан жанкүйер жастарға кеңінен насихаттау, елдігіміздің іргелі қасиетін, үлгі-өнегесін таныту біздің басты мақсатымыз. Жас спортшылар мен жеңімпаздарға “Әзірет Сұлтан” музей-қорығы арнайы сыйлықтар тағайындады. Сонымен қатар, бүгінгі сайыс барысында жоғары оқу орындарының ұстаздары мен музей қызметкерлері де бақ сынасады. Баршаңызға сәттілік тілеймін. Бүгін-Көрісу күні. Халқымыздың дәстүрін дәріптеп, салтын сыйлаған бүгінгі ұрпақ әрбір күннің маңызы мен мәнін де терең ұғынуы қуантарлық жағдай. Баршамыз үлкеннің батасын алып, қуанышпен көрісе берейік. “Әзірет Сұлтан” қорық-музейінің бастамасымен ұлттық спортты насихаттаудан басталған шара келесі күндері ұлттық тағамдар мен ұлттық киімдерді, салт-дәстүрлерді насихаттауға, республикалық ақындар айтысына ұласады”, -деді, Ерсін Ботабайұлы.

Спорттық сайысқа қалалық Ұлттық спорт мектебінің спортшылары мен мектеп оқушылар қатысып, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің «Алғашқы әскери дайындық», «Спорт және денешықтыру» факультеттерінің студенттері, Халықаралық туризм және меймандостық университетінің «Спорт және денешынықтыру», «Туризм» факультеттерінің студенттері, басқа да оқу орындарының шәкірттері қатысты. Жеңімпаздарға “Әзірет Сұлтан” мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы атынан арнайы ақшалай сыйлықтар мен диплом табысталды.
Шапағат ҒАЙБУЛЛА.
