«Музейге сый» акциясы өтеді

1  228 көрілім

Музей-заттық ескерткіштер жинау мен халықтың жадын, тарихын сақтайтын, қорғайтын және оларды жалпақ жұртқа көрсете алатын бірден-бір орын. Музейдегі негізгі құндылық жәдігерлер халықтың бүкіл рухының белгісі, өмірінің айнасы. Өйткені кез-келген халықтың рухани болмысы оның материалдық дүниелерінде көрініс беріп отыратыны белгілі. Бүгінгі технологияның қарыштап дамыған заманында көне заттардың күнделікті тұрмысқа қажетсіз болып қалатыны бар. Алайда, сол заттардың халқымыздың өткен уақыттардағы өмірі мен тарихын зерттеуде, болашақ ұрпаққа өз тарихы мен болмысын танытуда қаншалықты маңызы бар екенін ескере бермейміз. Музей үшін сол заттар халық жадын жандандыруға қызмет ететін, мамандардың зерттеулеріне арқау болатын, ондаған, жүздеген жылдардан кейін де болашақ ұрпақ таңдана тамашалайтын жәдігер болатын құнды дүние.

Музей қорын толықтырудың көптеген жолдары мен әдістері бар. Солардың бірі-халық арасында акциялар өткізіп, қолдарында жинақталған тарихи маңызы бар жәдігерлерді музей қорына сыйға тартуға шақыру. Музейлерге сый жасау әлемдегі музейлерде дәстүрлі шараға айналған құбылыс. Әлемдегі ең ірі музейлердің барлығы дерлік музейге жасалған сыйлардың негізінде құрылып, жеке сыйлар мен отбасылық құндылықтарды музейлерге өткізу ісі арқылы қорлары толығып отырады.

Мәселен, Ватикан музейінің қалыптасуына папа Юлий ІІ коллекциясындағы мүсіндер мен көркемсуреттер негіз болса, әлемге танымал Лувр музейі де алғашқыда француз корольдері Франциск І мен Людовик ХІV жиған коллекцияларынан тұратын жинақты Жан-Луи Давид бастаған Якобиншілер тарихи құндылығы бар жәдігерлердің тек монархтың эстетикалық сұраныстарын ғана қанағаттандыруға қажетті жәдігерлер емес, бүкіл адамзаттың игілігіне қызмет етуі қажет дүниелер екендігін дәлелдеп берген соң музей жалпы көпшілік қауым назарына ұсынылған болатын. Оның қорлары да жан-жақтан келген сыйлармен толыға түскен.

Қазақ тарихындағы бүгінгі біздің танымымыздағы музей ұғымына сәйкес келетін ең алғашқы жәдігерлер жинағы да 1827 жылы Бөкей ордасының ханы Жәңгір хан құрған «Қарулар жинағы», Жәңгірдің сыйға берген дүниелерінен құрылған болатын. Қазіргі таңда қазақ жерінде 400-ге жуық түрлі бағыттағы музейлер халыққа қызмет етіп келеді. Бұл тұрғыда айта кететін өте маңызды нәрсе, бұл музейлердің қорларының басым бөлігі музейге берілген сыйлардан тұрады.

«Музейге сый»  акциясының тарихына көз жүгіртер болсақ, «Музейге сый»  әйгілі қолбасшы Әмір Темірдің заманынан бастау алатынын байқауға болады. Оған дәлел кесенеде сақталған Әмір Темірдің бұйрығымен құйылып, кесенеге сыйға тартылған халық өнерінің лағыл маржандарының қатарына жататын алтын күміс жалатылған 6 шырағдан мен тайқазан, лауха сияқты жәдігерлеріміз.

«Музейге сый» акциясы деп аталмаса да музей қорын толықтыруда өз үлестерін қосып көптеген жәдігерлер сыйлаған Қазақстандық Ұлы Отан соғысы ардагері, ұлағатты ұстаз Адасқан Алтаев, Қазақтың «Дарабоз» батыры Қаракерей Қабанбай батырдың қанжарын сыйға тартқан Қазақ ССР халық суретшісі Сахи Романов және де Ахмадулла Исаев, Аман Абдуллаев, А.Хамракулов сынды музей қорына сирек кездесетін көптеген құнды дүниелерін сыйға тапсырған ағаларымызға айтар алғысымыз шексіз.

Сондай-ақ, аталған іс-шараға Қазақстаннан ғана емес Түркия Республикасынан да атсалысып құнды жәдігерлерін музейге сыйға тартып жүрген Исматуллах Ясеви мырзаны ерекше атағымыз келеді.   

«Музейге сый» акциясы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейінде 2016 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан ауқымды іс-шаралардың бірі. «Музейге сый» акциясының мақсаты: ұлттық тарихи-мәдени мұраларымызды сақтау мәселесіне қоғам назарын аудару, ел арасында елеусіз жатқан тарихи маңызы зор құнды заттарды, ұлтымыздың ұлы тұлғаларының тұтынған заттарын жинақтау, кәсіби тұрғыда сақтау болашақ ұрпаққа жеткізу.

Биылғы жылы «Музейге сый» акциясы наурыз мерекесіне орай ұымдастырылып отыр. 3-18 наурыз күндері аралығында «Музейге сый» акциясымен жәдігерлер қабылдау жұмыстарын жүргізеді. 18 наурыз күні сағат 15:00-де «Музейге сый» акциясымен қабылданған жәдігерлердің таныстырылымы мен көрмесі өтетінін хабарлаймыз.

Қабанбайдың қанжары.                     
Сыйға берген  Сахи Романов
Мөр. (Үсенбай датқаның мөрі )
Сыйға берген Ұзаиров Қожакелді
Түркістан қаласының тұрғыны.
Қолтық тұмар ХХ ғ.
Сыйға берген Юнусов Ырзуан Атабай ауылының түрғыны.
Құман  ХIХ ғ.
Мемлекет және қоғам қайраткері
Ө.Жәнібековтың басшылығымен
Қалалық партия комитеті қала халқынан
жинаған кезде музейге сый ретінде тапсырылған.

Н.Әшірбекова,
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының бас қор сақтаушысы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы