Пәйзі Хамза 1942 жылдың наурыз айының 13-ші жұлдызында Өзбекстан Республикасының Ташкент қаласында дүниеге келген. 1945 жылы ата-анасы қайтыс болуларына байланысты кішкентайынан жетім қалып, Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан ауданына қарасты Сауран ауылында нағашыларының қолында өсіп, жастайынан еңбекке араласқан. 1961-1964 жылдар аралығында Кеңес Одағының әскери күштерінің қатарында өзінің әскери борышын Семей ядролық полигонының аумағында орналасқан әскери бөлімде өтеген.
Пәйзі Хамза еңбек жолын 1964 жылы Кентау қаласына қарасты Ащысай полиметалл комбинатының кен бұрғылаушысы болып бастаған. Бұдан соң Түркістан қаласының коммуналдық шаруашылық бөлімінде 40 жылдан астам ағаш ұстасы болып жұмыс істеп, зейнеткерлікке шыққан.
Пәйзі Хамзаның қарапайым еңбегі елеусіз қалған емес. Ол «Ұлы Жеңіске – 65 жыл», «Ұлы Жеңіске – 75 жыл», «Еңбек ардагері» медальдарымен және Семей ядролық полигонынан зардап шегуші ретінде көптеген төсбелгілерімен марапатталған. Кентау және Түркістан қалалары бойынша 5 рет қатарынан социалистік жарыстардың жеңімпазы атанған. 5 рет қатарынан Түркістан қалалық кеңесіне халық депутаты болып сайланған.
Пәйзі Хамза үлкен үлгілі отбасының отағасы және баталы атасы. Бүгінде марқұм болған жұбайы Жанат Қуанышбаева екеуі бес ұл мен төрт қыз тәрбиелеп өсірген. Олардан қазіргі таңға 41 немере мен 5 шөбере сүйіп отыр. Ұлы Марат Файзиев спорттағы жетістіктері үшін «Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы» атағына ие болса, тағы бір ұлы Ержан Файзиев 30 жылдан астам уақыт ішкі істер саласында жергілікті полиция қызметінің басшылығында еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан. Одан басқа да ұл-қыздарының барлығы жоғары білімді мамандар, халық шаруашылығының әр саласында ел экономикасынның өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосып жүрген азаматтар. Немересі Хамза Дидар бүкіл дүние жүзіне танымал спортшы, ол көптеген халықаралық турнирлерде, Еуропа және әлем чемпионаттарында еліміздің намысын қорғап, жеңімпаздар мен жүлдегерлер қатарынан көрініп келеді. Сонымен қатар, Хамза Дидар Рио-де Жанейро мен Токио Олимпиадаларына қатысқан.
Бүгінде Пәйзі Хамза Түркістан қалалық ардагерлер ұйымының мүшесі ретінде қаламыздағы қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Осынау мерейлі күнде біз өз тарапыздан Пәйзі Хамзаны 80 жасқа толуымен шын жүректен құттықтай отырып, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, шаңырағына шаттық, отбасына амандық пен береке тілейміз.
Түркістан қалалық ардагерлер ұйымы.
