Елтай Бимаханбетұлы түркістандықтарға белгілі есім. Ол көп жылдардан бері қала көлемінде басшылық қызметпен қатар, шығармашылық жолында қалам тербеп келе жатқан облыс көлеміндегі оқырмандарына кеңінен танымал қаламгер, 17 кітаптың авторы. Елағаң – әдебиеттің төрт жанрында (поэзия, проза, драма, публицистика) қатар алып келе жатқан әмбебап жазушы. Оның шығармашылығы адамгершілік, тәрбие, отансүйгіштік тақырыптарына кеңінен арналған. Елағаңның өлеңдері, мақалалары әрдайым республикалық баспасөз беттерінде кеңінен жарияланып тұрады. Шығармалары тартымды, оқылуы жеңіл, тәлім-тәрбиелік мәні зор, оқиғалы болып келеді.
Елтай Бимаханбетұлы 1932 жылы наурыз айының 13-і күні Қызылорда облысының Жаңақорған ауданындағы кешегі кеңестің кезіндегі «Өзгент» кеңшарының мал жайылымында ауқатты отбасында дүниеге келген. Елтай көке Түркістан ауданына қарасты Шорнақ елді мекеніндегі Фрунзе атындағы орта мектептің жанындағы интернатта жатып, осы мектепті 1951 жылы бітіреді. 1957 жылы Алматыдағы Абай атындағы пединститутының филология факультетін тәмәмдап, Түркістан ауданы мен қаласында оқу-ағарту және мәдениет саласында 30 жылдай басшылық қызметінде жұмыс атқарады. 1992 жылы жерлесіміз Саттар Ерубаев мұражайын ашып, оның атына мектеп пен бір көшенің атын беруге ықпал жасайды. Өзі ашылуына ұйытқы болған Саттар Ерубаев мұражайының алғашқы директоры және Түркістан қалалық «Қазақ тілі» қоғамының тұңғыш төрағасы қызметтерін атқарды.
Сондай-ақ, қалалық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы қызметін атқарып жүрген кезінде Түркістан қаласының барлық көшелері мен мектеп аттарын қазақшалауды қолға алып, ұйымдастырады. Мәдениет саласын басқарып жүрген кезінде 1978 жылы Түркістан қаласының Халық театрын ашады. Ал, 1982 жылы «Қаратау» халық аспаптар оркестрін ұйымдастырып және «Победа» колхозының мәдениет үйі жанынан өзбек халық театрын ашуға ықпал жасайды.
Елтай Бимаханбетұлы 2001 жылы Түркістан қаласында республиканың 10 жылдығына байланысты өткен батагөй ақсақалдардың «Батаменен ел көгерер» … атты республикалық бірінші байқауына қатысып, 12 облыстан келген 42 ақсақалдың арасынан үздік шығып, Бас бәйгенің жеңімпазы атанды.
Елағаңның азды-көпті еңбектері еленіп, «Құрмет» орденімен, «Лениннің 100 жылдығы» медалімен, Социалистік жарыстың жеңімпазы медальімен 3 рет, Ұлы Жеңістің 40, 50, 60, 65, 70 жылдығы медальдары және көптеген «Алғыс хаттармен» марапатталған. Түркістан қаласының Құрметті азаматы. Сондай-ақ, ҚР Жазушылар Одағы мен Журналистер Одағының мүшесі.
Елбасымыз Н.Назарбаевтың арнайы жарлығымен ұйымдастырылып өткізген «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының 2014 жылғы тұңғыш жеңімпазы атанды. Елтай көке 90-ды алқымдап қалса да қалалық қоғамдық жұмыстардан шет қалмай, әлі қаланың тыныс-тіршілігіне белсене араласып келеді. Қазірдің өзінде қалалық «Қ.А.Ясауи кесенесін қорғау» қоғамдық бірлестігінің, ономастикалық комиссиясының, ардагерлер ұйымы пленумының белсенді мүшесі қызметтерін атқарып жүр.
Кезінде абыроймен қызмет атқарып, Түркістан ауданы мен қалалық Кеңестерінің бірнеше рет депутаты болған Елағаң өмірлік жары Елена Төлеуліқызы екеуі – сегіз ұл-қыз тәрбиелеп, 35 немере мен 27 шөбере сүйіп отырған өнегелі үлкен шаңырақтың иелері. Сонымен қатар, Елтай көке сурет салып, музыкалық аспаптың түр-түрін тартып, әнді де керемет айта білетін қария. Осындай өнерлерін ұлдары мен немерелері үлгі тұтып, атасының жолын басып келеді.
Қуаныш ТАСЫБАЕВ.
МАҚТАН ЕТЕМ ТҮРКІСТАНДАЙ ҚАЛАМДЫ
Киелі деп Түркістандай қаламды,
Кіл жақсылар басын қосып құралды.
Бұл қаланы дін ордасы етпек боп,
Тәу етеді қолға алып Құранды.
Мақтан етем сондықтан да қаламды,
Сөйтіп, бұған ислам діні оралды.
Содан бері қазақ халқы бас иіп,
Асыл діннің шуағына оранды.
Мен сүйемін Түркістандай қаламды,
Ізгі ниет осы жерде қаланды.
Отыруды партаға да үйретті,
Оған қосып ұстауды да қаламды.
Дәріптеймін Түркістандай қаламды,
Тәу етемін Қожа Ахмет – данамды,
Осы қала тәрбиелеп өсірді,
Үрім-бұтақ, ұрпағы мен бабамды.
Кей нәкестен қызғанамын қаламды,
Солар үшін ойым менің алаң-ды.
Ей, ағайын, дін ордасын күтіңдер,
Соған үйрет ертіп келген балаңды.
Бұл Түркістан жақтырмайды арамды,
Өсіреді болсаң адал, жарамды.
Ескертейін ұнатпайды тағы да,
Жоқ-жітікке көмегі жоқ сараңды.
Мақтан етем Түркістандай қаламды,
Киелі жер ұнатады адалды.
Шын достық пен ынтымақты күшейтіп,
Менің қалам жақындатар араңды.
