ҚЫЛМЫС ХРОНИКАСЫ

668 көрілім

МАЛ ҰРЛАҒАН КҮДІКТІ ҰСТАЛДЫ
Мақтаарал ауданы полиция басқармасына мал ұрысының құрбаны болған тұрғыннан арыз түскен. Оның айтуынша күндізгі уақытта егістік алқапта жайылып жүрген ірі қара малдарын белгісіз біреу жымқырып кеткенін көрсеткен. Жәбірленуші ер адамға келтірілген жалпы шығын көлемі 2 миллион теңгеден астам. Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-1-бабы «Мал ұрлығы» қылмыстық құқық бұзушылығы бойынша тіркеді.
Жан-жақты жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдіктінің жеке-басы анықталды. Ол жергілікті тұрғын болып шықты. Тәртіп сақшылары анықталған күдіктіні бірден полиция басқармасына жеткізді. Қазіргі таңда аталған жәйт бойынша күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде. Белгілі болғандай, күдікті ер азамат жүк көлігі бар өзінің танысын алдап шақырып, ірі қара малдарды ұрлап, оқиға орнынан бой тасалаған. Осылайша қолды болған жылқыларды Сайрам ауданына апарып сатып, ақшасын өз қажеттілігіне жұмсаған. Сонымен қатар, күдіктінің тағы бір мал ұрлығына қатысы бар екенін анықтады. Онда да жергілікті тұрғынның 1 бас айғырын ұрлап, 900 000 теңге шығын келтіргені белгілі болды.

ЕСІРТКІ ЗАТЫН ТӘРКІЛЕДІ
Мақтаарал ауданы полиция басқармасына жергілікті тұрғындардың бірінен хабар келіп түскен. Онда сырттай танысы есірткі затын сақтайтыны айтылған. Тәртіп сақшылары аталған жәйтты ҚР ҚК-нің 296-бабы 4-бөлігі «Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» бойынша тіркеп, жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде күдікті ер адам Мақтаарал ауданындағы көшелерінің бірінен анықталды. Күдіктіден сіріңке қорабына салынған есірткі заты табылып, тексеру барысында есірткіге ұқсас зат екенін анықтады.
Сараптаманың қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат кептірілген «марихуана» екендігі анықталды. Қазіргі таңда күдікті ер азаматқа қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

НОТАРИУСКЕ ҰРЛЫҚҚА ТҮСКЕН КҮДІКТІ ҰСТАЛДЫ
Бәйдібек аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Оның нотариус кеңсесінің сыртқы терезесін белгісіз біреу сындырып, ішіне заңсыз кірген. Содан 2 дана рация, ішінде 15 000 теңге ақшасы бар әмиянын, «Apple watch» маркалы қол сағатын ұрлаған. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 120 000 теңгеден асты. Аталған жәйтты полицейлер ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алды. Нәтижесінде полицейлер күдіктінің жеке-басын анықтап, оны 12 сағат ішінде көшелердің бірінен ұстады. Ол 2020 жылы Бәйдібек аудандық сотымен ҚР ҚК-нің 188-бабымен сотты болып, жазасын өтеп шыққан. Десек те, өзінің соттылығынан оң нәтиже шығармай, қайта қылмыс жасаған.
Күдікті ұрлық қылмысын жасаған сәтте мас халде болған. Ол терезенің темір торын бар күшімен тартып шығарып, терезесінің әйнегін таспен сындырған. Осылайша мекемеге заңсыз кіріп, қолына ілінгенін алып кеткен. Бүгінгі таңда күдікті қамауға алынды.

ҰЯЛЫ ТЕЛЕФОН ҰРЛАҒАН АЗАМАТ ҰСТАЛДЫ
Сайрам аудандық полиция басқармасына арызданған жергілікті тұрғын ұялы телефонының ұрланғанын жеткізген. Жәбірленушінің айтуынша, аудан орталығындағы дәмхана бөлмесінен «Галакси А02» маркалы ұялы телефонын белігісіз біреулер алып кеткен. Аталған жәйт ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеді. Жан-жақты тексеру жұмыстарын жүзеге асырып, нәтижесінде күдікті азамат анықталып, полиция бөліміне жеткізілді.
Айғақты зат ретінде қолды болған ұялы телефон тәркіленіп, заңды иесіне қайтарылды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жалғасуда. Жәбірленуші ұялы телефонын тауып берген полиция қызметкерлеріне үлкен алғысын білдірді.

АҚША ЖЫМҚЫРҒАН ӘЙЕЛ ҰСТАЛДЫ
Кентау қалалық полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданып, оның автобекетінің кассасында істейтін жұмысшысы рұқсатсыз кассадағы 60 мың теңге ақшасын иемденіп кеткен. Аталған жәйт ҚР ҚК-нің 189-бабы «Сеніп тапсырған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан таражға салу» бойынша тіркелді. Нәтижесінде полицейлер осы қылмысқа қатысты күдіктінің жеке-басын анықтады. Ол Алматы облысының тұрғыны болып шықты.
Күдікті әйел өз арам ойын жүзеге асыру мақсатында кассадағы ақшаны алып, Алматы қаласына қашып ізін суытқан. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

АЛАЯҚ ҚҰРЫҚТАЛДЫ
Келес аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Ер адамның айтуынша, оны сырттай танысы алдап кеткен. Жәбірленуші «Ұлыңды жұмысқа кіргізіп, өзіңді мүгедектікке шығарып беремін» деген күдіктінің сөзіне сеніп, оған 1,2 миллион теңгеден астам ақша берген. Аталған ақшаны бірнеше рет бөліп, өткен жылдың қазан айынан, осы жылдың ақпан айы аралығында күдіктінің есепшотына салған. Алайда, арада біршама уақыт өтсе де, танысы уәдесін орындамаған. Осы уақыт аралығында мүгедектікке шыға алмаған, ұлын жұмысқа орналастыра алмаған тұрғын алданғанын түсініп, аудандық полиция басқармасына арызданды.
Аталған жәйт ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеліп, нәтижесінде күдікті ретінде бұрын сотты болған Шымкент қаласының тұрғыны ұсталды. Күдікті ер адам ақшаны алғанын, оны өз басының қажеттілігіне жұмсап жібергенін мойындады. Қазіргі таңда тәртіп сақшылары күдіктінің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығын анықтауда. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Дайындаған:
Қуаныш ТАСЫБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы