ҒАСЫР ҚҰРДАСЫ

771 көрілім


Жаратқанның берген саналы ғұмырында игі істер атқарып, қазыналы қарттық жасқа жетіп зейнетінің бейнетін көру бар адамзат баласының ізгі тілегі. Есік алдында төбе болса, ерттеулі атпен тең, үйіңде қартың болса, жазулы тұрған хатпен тең демекші, қарттарымыз-тамырын тереңге жіберген бәйтерегіміз, адастырмайтын ақылшымыз.
Осындай көнекөз қариямыздың бірі Шарбан Ералиева. 1922 жылдың 8-наурызында өмірге келген ардақты ана, 2022 жылдың 8-наурызында 100 жасын тойлағалы отыр. Ардақты ана қаламыздағы мақта зауыт аумағында тұрады
Тылдағы тіршілікті бастан кешірген Шарбан Ералиева «Чапаев» совхозында Майшай Әбеновамен бірге трактор айдап, қатар еңбек еткен. Өздері мұқтаж болса да, осындай жігерлі аналарымыз 24 сағат тынбай белді бекем буып, талай ауыр жұмыстар атқарған. 1979 жылы зейнетке шыққан кейуанаға, мақта зауытындағы атқарған адал еңбегі үшін, зауыт басшылығы «Ваз» автокөлігін сыйға тартқан.
Шарбан әже жұбайы Артықбаймен 40 жыл отандасып 3 ұл, 1 қызды дүниеге әкеліп, өсіріп жеткізген. Олардан бүгінде 16 немере, 60 шөбере,11 шөпшек тараған.
Еңбек адамының үлгісіне айналған, әулетінің қазыналы қарты Шарбан Ералиева қазіргі бейбіт өмірге шүкіршілік айтады. Әжемізге Құдай қуат беріп немере-шөберелерінің қызығын көре берсін дегіміз, келеді.


Арайлым МЕЙРАМХАНҚЫЗЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы