ЖАРҚЫН ІСТЕРГЕ БАСТАМАШЫЛ БОЛМАҚ

480 көрілім

Мемлекет басшысы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен онлайн форматта партияның кезектен тыс XXII съезі өтті. Оның жұмысына еліміздің барлық өңірінен 400-ге жуық делегат онлайн-форматта қатысты. Съездің күн тәртібінде екі мәселе қаралды: 1. Партияның Саяси кеңесінің құрамына өзгерістер енгізу; 2. «Nur Otan» партиясының модернизациясы.

Съезд барысында «Nur Otan» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов партия жұмысын жаңғыртудың 7 басымдығын ұсынды. Атап айтқанда: 1. Халықпен кері байланыс жасау құралдарының тиімділігін арттыру; 2. Партияластар арасында ынтымақтастықты арттыру; 3. Партияның жұмысында ашықтықты қамтамасыз ету; 4. Партиялық бақылауды күшейту; 5. Партияның Бағдарламалық құжаттарын қайта қарау; 6. Халықтың әр түрлі топтарымен жұмыс істеу; 7. «Jas Otan» жастар қанатының жұмысын жетілдіру.

Жиында Мемлекет басшысы партияның келешегі жөнінде айта келіп, оның бұған дейін атқарған жұмысын ұмытуға болмайтынына, өз ісіне берілген партия белсенділерінің қажырлы еңбегіне құрметпен қарау керек екеніне тоқталды. Сонымен қатар, партияның атауын өзгерту ұсынылды. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Саяси ұйымның атауын «Аманат» деп өзгерту ұсынылды. Жасыратын ештеңе жоқ, мен де бұл мәселеге байланысты пікірталасқа қатыстым. Бірнеше ұсыныс болды, соның ішінен «Аманат» деген атауға тоқтадық. Бұл – еліміз үшін де, ұлтымыз үшін де айрықша мәні бар киелі ұғым. Егемендігіміз, елдігіміз бен бірлігіміз, кең байтақ жеріміз – бізге бабалардан жеткен аманат. Осы қастерлі құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтап, болашаққа мирас етуіміз керек. Мемлекеттілік дәстүр жалғастығы, ұрпақ сабақтастығы дегеніміз – міне осы. Халқымыз ешқашан аманатқа қиянат жасамаған. Партия бұл қағидатты берік ұстанады.

«Аманат» ата-бабаларымыздың келешек ұрпаққа қалдырған өсиеті деген ұғымды білдіреді. Аманат сөзінің – мағынасы терең, халқымыздың тарихы мен мәдениетінде ерекше орын алады. Ол бабаларымыз өсиет еткен тәуелсіздіктің мәңгі арман-мұраты, қуатты мемлекеттіліктің және жалпыұлттық тұтастықтың, кең-байтақ Отанымыздың құндылығы ретінде сипатталады. Біз осы баға жетпес мұрамызды сақтап, нығайтуға тиіспіз. Бұл – біздің аға буын мен өскелең ұрпақ алдындағы қастерлі борышымыз. Сондықтан мен партиямызды ресми түрде «Аманат» деп атауды толық қолдаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы өткен айда жүргізілген ауқымды сараптамалық жұмыстар партия қызметіне маңызды өзгерістер енгізу қажет екенін атап өтті. Съезде айтылған ұсыныстарды қолдай отырып, партия Төрағасы бірқатар басым міндеттерді айқындап берді. Ендеше, алдағы уақытта жиында айтылған барлық ұсыныс-тарды жүйелі түрде жүргізу бағытында күш салатын боламыз.

А.ТЕМІРБАЕВ,

«AMANAT» партиясы Түркістан қалалық филиалының Атқарушы хатшысы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы