№28 мектеп-лицейінде саналы ғұмырын қолөнерге арнаған шебер Тасболат Сүйімбаевты еске алу кеші өтті.
Аталмыш шара өңірдегі елге танымал тұлғалардың жемісті жолы мен ғибратты ғұмырнамаларын оқушыларға үлгі-өнеге ету мақсатында қолға алынған «Бейсенбілік кездесу» атты жаңа жобамен ашылды. Жиында мектептің жас өнерпаздары көрерменді «әсем ән мен тәтті күйге» бөлесе, жас суретшілер мен қолөнершілер өз туындыларын жұртшылық назарына ұсынды. Белгілі тұлғалардың басын қосқан жобаға тарихшы, ұстаз Тұрсын Хазірет, облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретберген, шебердің достары мен сыныптастары және Тасболат ағамыздың жұбайы Түймекүл Ақынбекқызы, белгілі сатирик Көпен Әмірбеков пен адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Қолдасова Оразкүл қатысты. «Бейсенбілік кездесу» Тасболат Сүйімбаев жайлы шағын бейнероликпен басталып, №28 мектеп-лицейінің директоры Ләззат Жаналықызының жүрекжарды тілегімен жалғасты.
Дөңгелек үстел барысында қонақтар қолөнер шеберінің өмір жолы, балалық шағы туралы сырлы сұхбат жасап, оқушылар мен көрермендерге тағылымды ойлар айтса, бүлдіршіндер Тасболат ағамызға арналған өлең шумақтарын оқыды.
«Ат тұяғын тай басар» демекші, жоба аясында әке жолын жалғаған ізбасар ұл, суретші-зергер, керамист Есболат Тасболатұлының да шығармашылығы туралы танымдық кездесу өтті.
Т.Сүйімбаевты еске алу кеші жас ұрпақты еңбек пен өнерге баулуды, жастардың шығармашылыққа ынтасын арттырып, белгілі тұлғаларды дәріптеуді мақсат етті.
Дәурен ТІЛЕУХАН.

