ҚҰРМЕТТІ ТӨЛЕБИЛІКТЕР! Сіздерді 1 наурыз – Алғыс айту мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Алғыс айту күні – еліміздің халқын топтастыруға бағытталған, Қазақстанның тарихына құрмет көрсетіп, барша ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына біріктіретін мереке.
«Бұл мейрам – өзара құрмет пен сенімнің, мейірім мен ізгіліктің мерекесі. Тәуелсіздік кезеңіндегі табыстарға береке-бірліктің арқасында ғана қол жеткіздік. Бұл – егемен еліміздің баға жетпес байлығы. Сондықтан бұл қастерлі құндылықтар әрдайым айнымас темірқазығымыз болып қала береді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Cаяси тұрақтылық – әрбір қазақстандықтың зор жауапкершілік пен белсенділік танытуының нәтижесі», -деген болатын.
Еліміздегі татулық пен бірліктің кішігірім бір айғағы ретінде Төлебилік тұрғындардың берекелі тіршілігін айтуға болады. Биыл тұғыры биік Төлеби ауданының құрылғанына 90 жыл толып отыр. Бұл – ауданның барша тұрғындары үшін үлкен мереке. Ауданымыздағы 120 мыңнан астам халықтың 30 пайызынан астамын өзге этнос өкілдері құрайды. «Ынтымақ жүрген жерде, ырыс бірге жүреді» деген халық даналығында үлкен мағына бар. Төлеби ауданы – көптеген ұлт өкілдерінің өзара ауызбіршілікте өмір сүріп жатқан, халқының бірілігі жарасқан мекені.
Құрметті жерлестер! Қазақтың абыз жазушысы Әбіш Кекілбаевтың «Бағалай білмегенге бақ қонбайды, қуана білмегенге құт қонбайды» деген қанатты сөзі бар. Тек айтулы мерекеде ғана емес, күнделікті тіршілігімізде бір-біріміздің жасаған еңбектеріміз бен жетістіктерімізге алғыс айта білейік. Баршаңызға мықты денсаулық, еңбектеріңізге табыс, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін! Егемен еліміздің әрбір таңы арайланып атып, ынтымақ-бірлігіміз нығая берсін!
Ізгі ниетпен,Аудан әкімі Т. Телғараев