Бүгін Түркістан қаласында Түркістан облысы Қоғамдық даму басқармасының Жастар ресурстық орталығында Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров облыс жастарымен кездесті.
Нұрлан Мәжитұлы жастармен кездесуінде бұл қызметке жаңадан келгенін, сайлау комиссиясының жұмысымен етене танысып жатқанын, жақында Мемлекет басшысының қабылдауында болып, елімізде сайлауды әділ және ашық өткізу жөнінде нақты тапсырмалар алғанын жеткізді. Қазіргі таңда еліміздегі барлық өңірлерді аралап жүргенін, бұған дейін Қызылорда, Атырау облыстарында болып, кездесу өткізіп келгенін мәлім етті.

«Жастар – біздің болашағымыз», әрбір істе жастардың үлесі мол болу керектігін сөз етті. Сонымен қатар, қасиетті шаһар 2018 жылы облыс орталығы атанып, бүгінгі таңда қарқынды дамып, қаншама әлеуметтік нысандар, саябақтар мен демалыс орындары бойы көтеріп, өңір түрленіп келе жатқанын атап өтіп, жастарды еркін форматта ашық әңгімеге шақырды.
Кездесуде өңір жастары ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровке елімізде саяси науқан сайлау төңірегінде көптеген сұрақтар мен қатар, ұсыныс пікірлерін жолдап, оған лайықты жауаптарын алды.
Қаршыға ШОМБАЙ