ҚАЗАҚ ҰЛТЫ ӨТЕ БАУЫРМАЛ, ЖОМАРТ ХАЛЫҚ

1  225 көрілім

2002 жылы Түркістан қаласында дүниеге келдім. Осы киелі ша-һарда туып өстім. Қазірде осы қалада Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде «Журналистика» мамандығының 3 курс студентімін. Менің ұлтым-өзбек. Менен өзге отбасымда туған-туыстарым да осы елде туып-өскен, қазіргі таңда білім алып, жұмыс жасайды. Менің атам, әкемнің ата-әжелері де осы өлкеде ер жетіп, соғысқа аттанған. Елімізде 150-дан астам ұлт пен ұлыс өмір сүреді. Олар бір-біріне көмектеседі, қиын-қыстау кездерде қол ұшын созып, қолдау білдіреді. Халық арасында әдемі сөз бар “Ұлттың жаманы болмайды, адамның жаманы болады” дегендей, тату өмір сүретін халық үшін, бір шаңырақ астында тұруға ешқандай кедергі жоқ деп ойлаймын.

1 наурыз елімізде жалпыхалықтық мереке – Алғыс айту күні. Мерекеге орай барша қазақ бауырларымды алғыс айту күнімен құттықтаймын. Бұл күні қазақстандықтар бір-біріне құрмет көрсетіп, ризашылығын білдіреді. Қазақ-қонақжай, дәстүрін ұлықтаған халық. Жастайынан баласының санасына ұят пен арды,ерік пен жігерді,тәлім-тәрбиені құйып өсіреді. Дәстүрі мен салтын ұмытпаған, бойға қайсарлық жия білген ұлы халық. Қазақ деген сөзді естігенде ең алдымен өте бай салт-дәстүр мен мәдениет ойыма келеді. Бұл мәдениет әлі де жалғасып және заманауи тұрғыдан да дамып келе жатыр. Бұл өте қатты қуантады.

Қазақ ұлты өте бауырмал,жомарт халық.Ешкімге соқтықпайтын, үнемі жадырап жүретін халық. Есіктен кірген қонағын төрге, көмек сұраған жанға қолғабыс ете білетін қонақжай жомарт халық. Береке мен татулықты арқа тұтатын, текті халық! Қазақ-еңбекқор, кішіпейіл және мәдиниет пен ғылымға бай халық. Менің қазақ ұлтынан достарым, ұстаздарым, жаныма жақын жандар өте көп. Қазақ ұлты шын мәнінде де өте қонақжай. Келген қонағын ас беріп, сый беріп шығарып салады.

Осы кезекте мен ең алдымен қандай жағдай болмасын бауырындай қабылдап, көмек беруге әзір тұратын достарыма алғыс айтамын. Басыма іс түскенде, жақсы-жаман күнімде жанымнан табылғандары үшін алғысымды білдіремін. Көмегімен мейірімін аямаған барша қазақ еліне және Қазақстандағы барша ұлт пен ұлысқа алғыс. Еліміз өркендей берсін, жұртымыз тыныш болып, қуанышты күндеріміз көп болсын!

Шаира ЖУРАХАНОВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы