ҚАЗАҚҚА ҚАРЫЗДАРМЫЗ

822 көрілім

Менің есімім Ирина Ким. Мен – кәріспін. Түркістанда дүниеге келдім осында тұрып жатырмын. Бұл елге біздің ата – бабаларымыз 1937 жылы сталиндік қуғын – сүргін кезінде келген екен. Әжемнің айтуынша алғаш келген жылдары қазақтардың көмегі көп тиген. Бұл елге келгенде алғашында қатты қорыққан екен. Кейін қазақтардың ізгі ілтипатын көріп бұл елге келгендері үшін дән риза болған. Қазірде қазақтар бізге үнемі өз көмегін тигізіп жүреді. Жалпы қазақтар өте қонақжай халық. Үнемі көмек беруге дайын тұрады. Осы үшін қазақтарға қарыздармыз.

Қазақ пен кәріс ұлтының ұқсас жерлері өте көп. Үлкенді сыйлау, кішіні құрметтеу сынды салт екі ұлттың негізгі ерекшелігі деп білемін. Мен қазақша жақсы сөйлей алмаймын. Бірақ түсінемін. Болашақта қазақ тілін толық үйренуді мақсат етіп қойдым. Маған қазақ киносы және ән өнері қатты ұнайды. Біздің музыкалық аспаптарымызда да ұқсастық бар. Мен бұл елде өзімді ешқашан бөтен сезінген емеспін. Бұл әрине қазақтардың арқасы.

Бізге ортақ құндылықтар өте көп. Міне сол себептен шығар маған Қазақстанда тұрған ұнайды. Мен Кореяда бір рет болдым. Әрине өз елім ретінде маған ерекше әсер етті. Алайда менің туған жерім Қазақстан. Мен осында туып, осында білім алдым, көп достарым да осында. Сонымен қатар қазақтардың жылы құшағы тек осында ғана бар . Сол себепті мен бұл елден ешқайда кетпеймін. Қазақ халқына алғысым шексіз. Қиын-қыстау кезеңде бізге пана беріп, есігін айқара ашты. Қазақ халқының мейірімділігінің арқасында бүгінде Қазақстанда қаншама ұлт тату-тәтті өмір сүруде.

Мен барша қазақстандықтарды алғыс айту күнімен құттықтаймын. Әсіресе, қазақ еліне ерекше ықылас танытқым келеді. Қазақтар расымен бірегей ұлт. Өйткені, өмірі көрмеген өзге ұлт өкілдері сонау қиын кезде жер аударылып келгенде жай көмегі былай тұрсын, бастарына баспана, алдарына ас берді. Бұл күн менің отбасым үшін ерекше күн. Өйткені, менің ата-әжем сияқты Қазақстанға жер аударылғандардың қиын тағдырын үлкендерден естіп-біліп жүрміз және сол кездегі қазақ ұлтының бауырмалдығын ұмытуға болмайды, ол ұмытылмайды да. Жер аударылып келген адамдар үшін, сол адамдардың ұрпағы – біз үшін Қазақстан Отанымызға айналды.

Сондықтан, ұлтым кәріс болса да, менің Отаным, туған жерім – Қазақстанды ешбір байлыққа айырбастамаймын. Менің Қазақстан алдындағы міндетім осы елде пайдалы қызмет ету деп білемін. Осы жолда жұмыс жасауға талпынамын. Меніңше әрбір адам ұлтына, дініне, тіліне, қарамастан туған жеріне қызмет ету керек. Менде өз туған жеріме адал қызмет етемін!

Ирина КИМ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы