Төлеби ауданында «2022 жыл – Балалар жылына», «ТМД халық шығармашылығы және мәдени мұрасы жылы» мен ауданның 90 жылдық мерейтойына арналған көкпардан жастар арасында облыстық чемпионат өтті. Дүбірлі дода көкпардан Кеңес Одағының 7 дүркін жеңімпазы Шымырбай Жарылқапұлы Әуезбаевтың жүлдесіне арналды.
Турнирдің ашылу салтанатында Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев пен облыстық көкпар федерациясының төрағасы Ғани Ахметбаев сөз сөйлеп, көкпаршыларға сәттілік тіледі.
Бұл көкпар турнирінің мақсаты – Талғар қаласында өтетін ел чемпионатына Түркістан облысының негізгі құрамасын жасақтау. Жарысқа Түлкібас, Ордабасы, Келес, Бәйдібек, Төлеби, Қазығұрт аудандары мен Арыс қаласының шабандоздары қатысып, бақ сынасты.
Сайыста көкпаршылар білек күші мен ат құлағында ойнайтын шеберлігін сарапқа салды. Нәтижесінде бас жүлдені Төлеби ауданының құрамасы иеленсе, күміс жүлдені Бәйдібек ауданының жастары алды. Ал, қола жүлде Қазығұрт ауданының көкпаршыларына бұйырды.

Ат пен шабандоздың сыналатын жері осы көкпар. Көкпар соңында салым салған шабандоздармен қатар ойын барысында ептілігімен көзге түсіп, көпшіліктің ықыласына бөленген құрыш білекті жігіттер, бабы мен бағы қатар шапқан сәйгүлік аттар да ұйымдастырушылар тағайындаған арнайы номинацияларға ие болды. Турнир қорытындысы бойынша төлебилік Мейрамбек Әбду «Үздік салымшы» атанса, бәйдібектік Бақдәулет Есмахан «Үздік шабуылшы» номинациясына ие болды. Шеберлігімен көзге түскен Ердәулет Тұрлыбай «Үздік қорғаушы» деп танылды. Сонымен қатар Әлімхан Бековтың Жауынгер аты «Үздік сәйгүлік» атанды.
Чемпионаттың марапаттау рәсімінде аудандық мәслихат хатшысы Нұрлан Қойбағаров сөз сөйлеп, турнир қатысушыларын құттықтады. Сондай-ақ ардагер шабандоздар жеңімпаздарға жүлделерін табыстады.
