Бүгін шаһардағы Ахмет Байтұрсынов атындағы №1 жалпы орта мектебінде «Балалар мен жастардың сөз және мінез-құлық мәдениеті» атты іс-шара болып өтті.

Атаулы шараға қалалық мәслихат депутаты Ғалымжан Құдияров, қалалық «Түркістан» газетінің директор-редакторы Мәлік Дәулетов, Түрік этно-мәдени орталығының төрағасы Ү.Медетов, мектеп директоры Д.Құдайбергеновтер қатысты.
Жиналыста мектеп оқушыларының тәрбиесі сөз болып, бүгін мен ертеңі жайында тартымды әңгімелер айтылды. Елдің болашағы болған жастарға кешке қатысушы қонақтар тәрбиелік мазмұнда жылы сөздерін айтып, болашақтарына сенім білдіретіндерін жеткізді. Алдыңғы буын ағаларға қарап бой түзеп, солардан үлгі-өнеге алудың маңызы жайында естеліктермен бөлісті.

«Мен де осы мектеп қабырғасынан түлеп ұшқанмын. Бір кездері сендер секілді оқушы болғанбыз. Сол кезден бастап арманымды айқындай отырып, спорт саласына біржолата барымды салдым. Сөйтіп осы жолда айтарлықтай өз биігімді бағындырдым. Арман жолынан талмау мен тәрбие маңызды. Сондықтан сендерде тәрбиелі, өнегелі азамат болып, биіктен көрінуге талпыныңдар», – деді депутат Ғалымжан Құдияров.
Айта кетейік, қала әкімдігінің ұйымдастыруымен қолға алынған жобаның мақсаты мектеп оқушыларымен кездесу арқылы жастардың мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға серпін беру. Бүгін алғаш рет өткізілген шара шаһар мектептерінде кезегімен өз жалғасын тауып отыратын болады.
Үмітбек Бағдат.