Мемлекет Басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында аудан әкімі Ержігіт Шәріпбековтің ауыл тұрғындарымен кездесу жиыны бүгін түстен кейін Жамбыл ауылдық округінде жалғасын тапты.
Бәйдібек ауданындағы Жамбыл, Жүзімдік, Шыбыт, Тасқұдық және Қызылжар елді мекендері тұрғындарымен өткен кездесу жиынында округ тұрғындары ауыз су сапасының төмендігі, жаңадан ауыз су ұңғымасын қазу, электр желілері мен бағаналар және трансформаторларды ауыстыру, көше жарығы, жолдарды асфальттау, канал тазалау, ортақ жайлымдық жер, ағын су, көшедегі ретсіз өскен талдарды кесу, дүкендердегі бағаны тұрақтандыру, Шыбыт елді мекенінен жаңадан мектеп пен ФАП салу және ұялы байланыс сапасының төмендігі, бұрынғы спорт мектебі жайының бос тұрғандығы жөніндегі мәселелері туралы аудан басшысына талап-тілектерін жеткізді.

Жамбыл елді мекенінің тұрғындары ішкі көшелерді жарықтандыру, аяқ жолдар салу, асфальт жолдарды жаңалау жұмыстары жүргізілсе деген ұсыныстар айтып өтті. Аудан әкімі «Ауыл ел бесігі» бағдарламаса бойынша биыл Жамбыл елді мекеніндегі 6 көше жарықтандырылатынын, аталған 6 көшенің екеуіне асфальт төселіп, үшеуіне суағарлар мен аяқжолдар салынатынын айтып, қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде екендігін бөлісті. Сонымен қатар биыл Екпінді бағытыннан Жамбыл елді мекеніне бұрылатын 14 шақырым автомобиль жолға асфальт төселетінін және Кәрітоған мен Қосарық каналдары тазалаудан өтетінін жеткізді. Биылғы жылы округке қарасты Шыбыт елді мекенінен жаңадан модулды ФАП ғимаратының құрылысы басталады.

Жалпы, бүгінгі Жамбыл ауылдық округінде өткен кездесу жиында тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныс пікірлер мен қойылған сұрақтар ескерусіз қалмай арнайы хаттамаға енгізіліп, орындалуы аудан әкімінің жіті бақылауында болады. Орындалуы тиісті бөлім, мекеме және ауыл әкімі тарапынан мерзімінде сұралып, тұрғындарға баяндалады.
Бәйдібек ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі