Бәйдібек ауданының әкімі Ержігіт Шәріпбеков Борлысай ауылдық округі тұрғындарымен кездесіп, округтегі өзекті мәселелерді талқылады. Қошқарата ауылындағы мектептің мәжіліс залында өткен кездесуде ауыл тұрғындары аудан басшысына округтегі ауыз су, электр бағаналарын ауыстыру, ардагерлер аллеясына күрделі жөндеу жүргізу, көше шамдарын жағу, Борлысай мектебіне күрделі жөндеу жүргізуге ықпал ету және басқа да бірқатар мәселелер жөнінде ұсыныс пікірлері мен сұрақтарын жеткізді. Жиын барысында округке қатысты тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныс пікірлер мен сұрақтарға тиісті бөлім, мекеме басшылары жауаптарын беріп, аудан әкімі алда атқарылатын жоспарлы жұмыстармен және жобаларды айтып өтті. Бірқатар ұсыныстар аудан басшысы тарапынан бақылауға алынып, тиісті жұмыстар жүргізілетін болады.

Сонымен қатар Ержігіт Шәріпбеков Бәйдібек ата ауылдық мәдениет үйінде Алмалы ауылдық округі тұрғындарымен кездесті. Кездесуде округ тұрғындары ауыз су, аяқ жолдар салу, электр энергиясының жиі өшуі, бағаналарды ауыстыру, жол белгілері мен кедергілер орнату және басқа да бірқатар ұсыныстарын айтты. Айтылған ұсыныстарды өзінің бақылауына алған аудан басшысы тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтардың бірқатарына жауаптарын беріп, атқарылатын жобалармен бөлісті. Екі ауылдық округте өткен жиындардағы тұрғындардың айтқан ұсыныстары мен пікірлері хаттамаға енгізіліп, жоспарға сәйкес тиісті жұмыстар жүргізіледі.
Бәйдібек ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
