Кентау қаласына қарасты Байылдыр ауылында биылдыққа бірқатар жұмыстар атқарылып, өзекті мәселелер шешілді. Бұл жайында ауыл әкімі Әбубәкір Қалдыбеков баспасөз брифингінде баяндады.
Бүгінде ауыл тұрғындарына «Ащысай Су» МКК-ны тарапынан ауыз су 24 сағат тұрақты берілуде. 320 абонент ауыз суды пайдалануда, су есептегіш құралдары 100 пайыз орнатылған.

Ауыл көшесіндегі беті ашық жатқан құдықтар толықтай қақпақшалармен жабылған. Сонымен қатар, осы сәтке дейін тұрғындар тарапынан көтеріліп келген мәселе төменгі айналма жол болатын. Бүгінде бұл мәселеде шешімін тауып отыр. Яғни демеушілердің көмегімен толықтай тегістеу жұмыстары жүргізіліп, мазаратқа баратын жолға порода тасы төгіліп тегістелген.
“Ауыл тұрғындарының өзекті мәселелерінің біріне айналған қоғамдық автокөліктің уақытылы жүруі болатын. Қазіргі таңда «Тұлпар-2030» ЖШС-і №2 Кентау- Байылдыр бағыты бойынша қатынайтын қоғамдық автокөліктер бекітілген кестеге сәйкес тұрақты қызмет көрсетуде” дейді ауыл әкімі.

Ағымдағы жылы ауылға салауатты өмір салтын ұстану, жастардың бос уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында «Стрит-Воркаут» спорттық ойын алаңшасы мен ауылға жабық спорт кешенін (ангар) салу үшін сметалық құжаттамалар әзірленуде.
Ауылдың тыныс-тіршілігін баяндаған ауыл әкімі БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сауалдарға тұщымды жауаптар берді.