Тұңғышбай Төрегелдиев. Қанды қаңтар. Лаңкес. /деректі әңгіме/

1  677 көрілім

Оянып кетті. Қайда екенін біле алмады. Шалқалап жатыр. Аузы кеуіп, таңдайы жабысып қалыпты. Әбден ішкеннен мең-зең. Құлағы шыңылдап, басы сынып барады. Бөтен үй. Көзіне әуелі төбедегі алты шамды арзанқол люстра түсті. Сосын көзбен жан-жағын шола бастады.  Қатып тұрған жиһаз көрінбейді. Бұрышта ескі қара теледидар, арырақта киім салатын қызғылт шкаф. Қалың пердемен жабылған жалғыз терезеден таңның әлдеқашан атқаны білініп тұр. Жаңа жылдың алғашқы күніне қарамастан, далада қатты жауған жаңбырдың гуілі дамылсыз естіледі.

Қасында біреу жатқан сияқты. Пысылдаған демалысы шығады. Әйелі емес. Айырылысып кеткеніне жыл асқан.

Кешегі күнді еске түсіруге тырысты. Жаңа жылды достарымен бірге кафеде қарсы алғаны есінде. Әуелі сырадан сыздықдатқан. Қыза-қыза арты толассыз ақаңдармен жалғасқаны ойына оралды. Арғы жағы қалың тұман. Ол жақтан қашан, қалай қайтқаны жадында жоқ. Өшіп қалыпты. Жастығына қарамай, көп ішсе, өстіп ақылынан адасып қалатыны бар. Бар кемшілігі осы. Әйтпесе соқталдай өзін басқалардан кем көрмейді. Орнынан тұрмақ болған. Масқара! Үстінде лыпа жоқ.

Қасындағы қыз да… Жо-жоқ, қырықтарға таяп қалған әйел екен. Жыртитып  көзін ашты. Шашы қобырап, бөстектенген. Түнімен отырып  біреу  ұйпалап тастағандай.

Баттиған бояулары бет аузына жағылып, алабажақтанып, көрімі шығып тұр. Түріліп түскен көрпені өзіне тартқылап, бүркене беріп, сойған түлкі сияқтанып, ыржиып күлді.

-Жас жігіт, танысайық, атың кім?- деді.

Сосын:

– Вечеринкадан келе жатып, үйдің жанындағы сәкіден тауып алдым. Әйтпесе, ендігі мына жаңбырдың астында өліп қалатын едің. Маған мүмкін, рақмет айтарсың. Әлде мен айтайын ба?

Артынша әрі-сәрі тұрған мұны құшақтап, сүймекке ұмтылды. Ішкіліктің иісі мүңкіп тұр. Жиіркеніп, басын кекшитіп, бұрып әкетті. Тез түрегеліп, айналасын сипалап, іш киімін іздеп кетті.

– Қалтаңда ашылмаған сергіткіш сусын бар екен. Сонымен бас жазарсың. Жастарды горилла ішіп маймыл болғанша, қымыз ішіп айғыр болмай ма деп айыптаушы ем… Сөйтіп атың кім?  Түнімен Зағираш, Зағираш деп шықтың. Зағираш дегенің кім?

Бетінің оты шықты. Әйелінің атын айтып отыр. Киімін түгендеп,  үйден тұра қашты.

Бірінші қаңтар. Жаңа Жылдың алғашқы күні. Жыл басының бұлай басталғанына қатты өкінді. Қу кедейшілік құрығынан құтқармай келеді. Қанша жерді түртпектеп көрді. Табысы күнкөрерлік жұмыс таппай діңкелетті. Камаз да айдады. Краншы да болды. Такси де жүргізді. Әйтеуір бір құтаймай қойды. Үйленіп үй болған. Былтыр табыс таппай, арағын қоймағасын, әйелі үш баласын жетектеп, төркініне кетіп тынды. Соларды қайтып қолға алғысы бар. Бірақ жолы болмай-ақ қойды. Отырса-опақ, тұрса-сопақ. Мінезі де оңып тұрған жоқ. Ашушаң. Шыбық тимес, шіңк етер.  Бастықтардың бақырығына шыдай алмайды. Қолын сілтеп кете беретін.

Осының бәріне мына өмірге әкелген әкесін кінәлайды. Ес білген жасында бұларды тастап, барлық тауқыметті анасының мойнына кигізіп кетті. Байғұс шешесі туғаннан ауру қарындасы мен екі жасқа енді толған інісін тапқаны күнделікті тамаққа жетер-жетпес майда-шүйде сауда жасап бақты. Көше жағалап, темекі, пісте сатып, ілдалап өмір сүрді. Ол қайбір өмір. Өлместің алдындағы жанталас еді.

Ақжан ауыр күрсінді. Бәрінің басынан теуіп, аспанға ұшып-ақ кеткісі бар. Уақыт өткен сайын тағдыр темір торын тарылтып келеді. Американдықтар Марсты игеру үшін баруға бар, бірақ қайтуға жоқ сапарға адамдарды іріктеп жатыр дегенді жаңалықтардан естіген. Ұсыныс түссе,  ойланбастан келісер еді. Ақшасын төлесе, балалары мен өмірбақи бишаралықтан шыға алмай келе жатқан  анасы мен мүгедек қарындасы  үшін де, кәмелеттік жасқа толысымен Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған  інісі үшін де өзінің түкке тұрмайтын өмірін қиюға еш қиналмай келісер еді. Бірақ ондай бақыт қайда?

Кенет қалта телефоны жағымды әуенге салып, бір хабарлама түскенін білдірді. Ашып қарады. Ватсап желісі арқылы белгісіз біреуден жазбаша хат келіпті. Ұзынырғасы былай делінген.

«Құрметті, бауырлар! Жаңаөзендіктер  тағы көтерілді. Сұйытылған газ бен басқа да жанар-жағар май материалдары соңғы жылдары екі есе көтеріліп, қымбатшылыққа негіз болып, халықтың тұрмысы нашарлай түсті. Барлық елді, әсіресе жастарды бейбіт шеруге шақырамыз. Болашақ жастардың қолында. Біз сіздерге сенеміз. Қосыламыз дегендер болса, жекеге жазыңыздар. Қосымша айтарымыз бар.»

Үйге жетпей достары хабарласты. Олар да осы тақылеттес хабарламалар алыпты. Тіркелу керек екен. “Иә” деп бұл да жазып жіберді. Бір жағынан қызықты да. Ешқандай астар іздемеді. Шымкенттегі қалалық әкімшілік алдына жиналмақ. Көргісі келді. Не айтылады деп ойлады. Жағдайы жақсарып кететіндей, мына азапты тірліктен бір күнде құтылатындай, қатысып көрмекке көңілі ауды. Кешке өздері сияқты бір желөкпе досы қоңырау шалып, Алматыға жиналып жатқанын айтты. Барасың ба деп сұрап, барып қайтайық, әрқайсымызға жүз мыңнан бермекші деді. Жүз мың! Ол қандай ақша! Кім береді. Не үшін?! Тек қатысқанға бола ма? Бұл осындай сұрақтарды бастырмалатып қойып жатыр. Көзі жайнап кетті. Түсінгені митингіге шыққанын айғақтайтын бейнебаян жолдаса, телефон нөміріндегі банк картасына айтылған ақша сол заматта түседі екен. Сонымен төрт жігіт жиналып, бір машинаға отырып, Алматыға жол тартқан.

Алматыға жете бере Армиядағы інісі Нұржаннан хабар түсті. “Аға, біз шұғыл Алматыға аттандық. Жағдай қиын болып жатыр екен. Ереуілшілер арасында арандатушылар бар сияқты. Полицияға бағынбай, машиналарын өртепті. Жол бойындағы сауда орындары мен банктерді, банкоматтарды қиратып, тонапты.  Бұл іске қатыспаңыз. Үйде отырыңыз. Көшеге шықпаңыз. Анама қараңыз.”

Бірақ кеш еді. Түнімен жүріп отырып, бұлар түске таяу Алматыға кіре берді. Қаланың барлық халқы көшеге шығып кеткендей. Нөмірсіз машина көп. Оған қарап жатқан ешкім жоқ.  Мемлекеттік автоинспекция қызметкерлері басымен қайғы болып кеткен секілді. Бұлар да бір шетке тоқтап, машинаны сол жерге қалдырып, нөмірін шешіп, жүк салғышқа тығып тастады. Сөйтіп қарақұрым елмен бірге ілесіп, көше кезіп кете берді. Нөпір халық орталыққа қарай беттеп барады. Ара-арасында хормен, «Алтын күн аспаны, алтын дән даласы…»  деп әуелетіп, еліміздің әнұранын  шырқап қояды.

Алматы аспанында алтын күн көрінбейді. Аппақ бұлт тұмшалап алған. Таң ата қалың тұман басып еді, келе-келе сейіліп кетті. Жолшыбай тәртіпсіздіктер көбейе берді. Үкіметке, заң қызметкерлеріне қарсы ұрандар айтылып, алдан тосқан полиция қызметкерлеріне қарсы тас лақтырыла бастады. Жол-жөнекей таяқпен, темірмен қаруланған жастар қарасы көбейді.

Ақжан әй мынаның арты топалаң болып кетпесін, қайтайық деп еді, қасындағылар елмен бірге көреміз. Қашқанымыз ұятты деп, ұяттары беттеріне төгіліп қалды. Бәрінде бір-бір телефон айналасын да, өздерін де видеоға түсіріп, оны әлгі нөмірге жіберіп әлек. Осындай мыңдаған жіберушіден босамай жатыр ма, уәде етілген ақша түспеді.

Орталыққа жақындай бере, айнала қым-қиғаш тонаушылыққа ұласып кетті. Әр жердегі топтардың арасынан полицияша, әскерше киінген адамдар машиналарға от қойып, көзден жас ағызатын гранаталарды халыққа қарай лақтырып, қырғын топалаңын шығарды. Өздері бастап, жол бойындағы дүкендер мен банкоматтарды сындырып, ашық тонауға кірісті. Ел жаппай лап қойды. Кімді-кім сабап жатыр, кімді-кім тепкілеп жатыр. Түсініксіз. Супермаркетті тонағандар құшақ-құшақ тауарларды қапсырып, беті ауған жаққа қашып барады. Әнебіреулері машиналарын тоқтатып қойып, қолдарына іліккенін ішіне, жүк салғышына сиғанша тоғытып жатыр. Бұлар  жұртпен бірге К-700 тракторы кіреберіс есігін сүзіп, тас-талқан еткен бір  банк ғимаратына топан судай лап қойды. Неге өйткеніне өздері де есеп бере алмай қалды. Жүгіре кірді. Жан-жағына алақтап, аш қасқырдай жалақтап, ақша іздеп безіп жүр. Төртеуі төрт жаққа шапты. Ақжан төмендегі быт-шыт сынған   есіктен  инкассаторлардың қолынан талай көрген жасыл қапшықтарды құшақтап , тарақанша тырақайлап қашып бара жатқан адамдарды көрді. Таласа-тармаса әркім көтергенінше алып жатқан ақша толы қапшықтардың біріне келіп бұл да жармасты. Толасына ұмтылды. Әжептеуір ауыр. Оншақты келі тартатынға ұқсайды. Қос қолымен қапсыра құшып, сыртқа ұмтылды. Достары да бір жерде қарқ болып жатқан тәрізді. Марат, Төреш, Айбар  деп айқайлаған. Көзге түспеді. Аулаққа шыға, бір үйді айналып, қапшықтың аузын ашып қараған. Белінен қағазбен буылып, бояудың иісі әлі аңқып тұрған жап-жаңа он мың долларлық пәшкілер! Әрқайсы 10 мың доллар! Мұнда кемінде 40-50-і жатыр. Ақжан жылап жіберді. Мұндай ақшаны өңі түгілі түсінде  көрмеген. Тез сыртқы киімін шешіп, қапшықты орап алды. Не әкетіп бара жатқанын ешкім білмегені керек.

Машина қалған жаққа қарай құстай ұшты. Машинаға, құдай-ай, бір жетсе. Мына сіңірі шыққан қиындықтан мәңгіге құтылар еді. Ел қатарлы үй салып, жетімнің күйін кешіп жүрген бала-шағасымен табысар еді. Ең болмаса, әбден қартайып біткен анасына қолдан келген бар жақсылығын жасар еді. Аман-сау туылып, өсе келе қараусыз тірліктің кесірінен құлап, құныс болып қалған қарындасы Тоғжанды шетел асырып емдетер еді. “Құдай-ау, қарғыс атқыр мына жерден тезірек кетіп, машинаға тезірек жетсем екен…”

Осы ойлардың бәрі сананың сан түкпірінен андағайлап, әлі орындалып бітпеген шексіз армандарға айналып бара жатты. Шексіз қуаныштың шексіз көбелектері жан-жақтан ұшып келе бастады. Екі көзінен жас парлап келеді. Өкпесі өшіп, жүрегі атқақтап алқымына тығылса да жылдамдығы баяулар емес. Қуанышқа қоса соңынан қорқыныш та, үрей де қуалап келеді.

Кенет қасынан қиқулатып ағызып бара жатқан полицияның көкжағал машинасындағылар мұны байқап қалды да асфальт жолды айыра барып тоқтады. Төрт доңғалақтан шыққан  көкала түтін көліктің үстін жауып кетті.

Ақжан жақын тұрған биік үйлердің арасын сағалап, безе жөнелді. Екінші демі ашылғандай, зымырады. Атқан оқтай ұшты. Аяғы жерге тимей, сұңқардай самғап келеді. Әлгіндегі шаршағаны ізім-ғайым жоғалған. Жеп-жеңіл. Төрт полицей екі жүз қадам жүгіре алмай, қарасы үзіліп қалды. Май басқан денелері борпылдап, қарындары салбырап, жол жиегіне қол тіреп отыра-отыра кеткен. Ақжан қанша жүгіргенін білмейді, әйтеуір бір уақытта бір зәулім үйді айнала беріп, таса бетіндегі қоқысы шашылып жатқан бес алты жәшіктің біріне келіп сүңгіді де кетті.

Халық қызық қой, көбінесе жәшіктің қақпағын ашып, тамақ қалдығын ішке тастамайды. Ашуға жиіркенеді. Жақын да келмейді. Бес-алты қадам арырақта тұрып, лақтырып кетеді. Ақжан ана бір жылдары қоқыс жинаушы компанияда жұмыс істегені бар. Содан жақсы біледі. Түйсігі алдамапты. Қақпағын жауып, қимылсыз қатып қалды. Дем алуға да қорықты. Қанша сасық болса да шыдап бақты. Бір кезде түшкірік қысты. Мұрынын қос қолдап қысып, тастай қатты. Жөтелгісі келді. Алқымынан алып, өзін буындырды. Анау ақшадан айырылғанша, сол қапаста  өлуге даяр. Шыдады. Дыбысын шығармады. Қанша уақыт өткенін білмейді. Кірген сәтте телефоны  шырылдап қалмасын деп, дереу сөндіріп тастаған. Алматыға жеткенше, машинаны кезек-кезек айдап, түнімен жүріп отырған. Сол ұйқы қысып, талықсып кетіпті.

Айналада тарсыл-гүрсіл көбейіп, айқай-шуға толып барады. Құдды соғыс болып жатқан секілді. Жаңа жылдағы партылдақтар сияқты тапаншалар мен бірінен соң үздіксіз тарылдап атылған автомат дауыстары жан-жақтан дамылсыз естіліп жатты. Қақпақтан сығалап қарады. Кеш қарайып қалыпты. Тез жәшіктен шығып, келген жағына қарай беттей берген. Кенет алдынан әскери үш адам шыға келді. Қолдарында қару. Бұл ақша толы қапшықты  қос өкпесіне қысып, жалт беріп қаша жөнелген. Олар да қуып берді. Ақжан зымырап келеді. Артындағы біреуі шапшаңдау екен. Қалар емес. Қалған екеуі қалып кеткен сияқты. Кенет артындағы қуғыншы айқайлады.

– Ақжан, аға-а! Бұл сіз бе, тоқтаңыз! Ақжан аға, тоқтаңызшы.

Безіп келе жатқан Ақжан кілт тоқтап, жан-жағына қарады. Інісі Нұржан екен қуып келе жатқан. Жүгіріп барып, құшақтай алды.

– Ақжан аға, бұл сіз бе? Мұнда қалай келдіңіз. – Нұржанның көзі атыздай болды. Баяғыдай емес, осы бір жылға таяу уақыт ішінде есейіп, толысыпты. Қолында автомат. Сұсты. Әскери киім өзіне жарасып тұр. Інісімен бұлай жолыққанына  қатты намыстанды. Қобалжып, қолындағы қапшықты не істерін білмей, дағдарып қалды.

– Нұржан… Нұржан… Сен мені көрген жоқсың. Бәрін кейін түсіндіремін.

Екеуі де ентігін баса алмай, тұрып қалды.

– Аға ,қолыңыздағы не? Тонауға қатысқаннан саумысыз? Қолыңыздағы не?

– Доллар… Білесің бе, Нұржан?  Бұл доллар. Кемінде мұнда 500 мың доллар бар. Егер мен алмасам, мұны басқа біреу алады. Бұл өмірде бірақ рет беріліетін мүмкіндік. Біздің қалай өскенімізді өзің білесің. Анамыздың бізді қалай жеткізгенін, осы күнге дейін үйсіз-күйсіз жүргенімізді өзің жақсы білесің. Тоғжан ше, Тоғжан не көрді мына өмірден…

Ақжан зар еңіреп жылап жіберді.

– Жолымнан тұр былай!

– Болмайды, аға, болмайды, түсінесіз бе? Аға, ертең елдің бетіне қалай қараймыз? Өз елімізді өзіміз тонаймыз ба? Аға, мен Отан алдында ант берген әскери адаммын. Қасық қаным қалғанша қорғаймын деп ант бергенімді неге ойламайсыз. Сіз қалай өзгеріп кеткенсіз, аға?!  Ертең анама не айтасыз? Ұрының анасы дегізіп бүкіл жұртқа масқара етпексіз бе? Аға, қапшықты маған беріңіз. Жүріңіз бірге барып, командирге тапсырамыз. Райыңыздан қайтыңыз, аға?  Бұлай істеуге болмайды! Сіз мені мұндайға үйреткен жоқ едіңіз ғой, аға!

Нұржан жыламсырай,  жалынып тұр.

– Жоқ! Бермеймін! Сен маған жолыққан жоқсың. Мен кеттім.

– Аға, тоқтаңыз!

Ақжан арт жағынан автомат тиегінің сарт-сұрт еткен дауысын естіді. Қорғаныш құлпының ашылып, ұңғыға оқтың жіберілгенін ұқты. Жалт қараған. Нұржанды бұлай өзгереді деп күтпеген. Тіпті басқа адам. Бала сүті аузынан кеппеген жап-жас түрі адам айтқысыз бұзылып, сұрланып кетіпті.

– Аға, істі қиындатпаңыз. -деді дауысын қатаңдатып. Тағы өзі артқа бір адым шегініп, автоматын мығым ұстап тұрды.- Не айтсаңыз да мен сізді бұл ақшамен жібере алмаймын. Ондай қарабеттікке ешқашан жол бермеймін. Ақылға келіңіз, аға! Қапшықты тастап кетіңіз.

– Не, сонда мені атпақшысың ба? Ал, қане, ат… ат онда!

Ақжан жынданып кетті. Бүкіл санасын жаулап алған, кедейліктен құтылдық па деген ой-арманы күйреп, кедейшіліктің мәңгілік қамытын қайта кигелі тұрғандай қалтырап кетті. Ызадан жарылардай ашуланып, інісіне тап берді.

– Қане, ат! Біз алмасақ, басқа біреу алады. Алып та жатыр, алып та кетті. Ал, ат, қане…

Сол сәтте қашып келе жатқан бір топ бүлікшілерді бастырмалата ығыстырған әскерилер қарасы жан-жақтан көбейе бастады. Осыны пайдаланып, Ақжан жалт беріп тұра жүгірген. Нұржан аға деп айқайлап үлгергенше, бүлікшілер тарапынан атылған оқ мұның сан етіне келіп тиді. Жақын жерден атылғандықтан, аяғын жұлып кете жаздады. Қатты ауырсынғаннан, Нұржанның көз алды бұлдырап, есінен танып бара жатты.

Ақжан мұны байқамады. Артына қарауға мұршасы жоқ. Бар ойы машинаға жету. Жүгіріп келеді. Атыс тоқтар емес. Кімді кім атып жатыр. Еш түсініксіз. Жолдағы бір алаңқайдан өте бергенде, алдын үш адам кес-кестей берді.

– Әй, тоқта, қайда қашып барасың? – Қазақша айтқанмен, таза қазақ тілі емес. Біртүрлі. Басқа ұлт секілді. – Қолыңдағы не?  Көрсет!

– Жұмысың қанша? Өзімнің киімім…

– Тоқта!

Олар қолтықтарына тыққан келте мылтықтарын суырып-суырып алды. Бұл қайтадан қаша жөнелген. Бірақ біреуі атып үлгеріп қалды. Оқ арқадан келіп тиді. Бұл екпінмен әрі дене қызуымен он шақты қадам жүгіріп барып, сүріне етбетінен құлап түсті. Біреуі мұны аударып көріп, демі жоқ, өліп қалыпты деді. Екіншісі қапшықты ашып көріп, әй, мұнда тола доллар, тез кеттік деп қапшыққа тарпа бас салып, мұның қолынан жұлып алды. Сөйтіп үшеуі де ол маңнан табандарын жалтыратып, айналада босып жүрген жүздеген адаммен араласып кете берді. Біреуінің сол кезде парсы тілінде :

-Яроқи қатли ом номуьтадили ва хорич аз онхо. Паембароне, камии дин, камии забони.  –  / Бұларды қырып тастау керек. Діннен безген, тілінен безген кәпірлер. / – деп айтқаны анық естіліп бара жатты.

Авторы Тұңғышбай Төрегелдиев

13-01-2022.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы