«Мақтанышым – Тәуелсіз Қазақстан». Түркістан қалалық Мәдениет үйінің ұйымдастыруымен осындай тақырыпта ақындар мүшәйрасы өтті. Жыр додасында 16-55 жас аралығындағы ақындар бақ сынап, Тәуелсіздік тақырыбындағы тың туындыларын оқыды. Байқау ережесі мен шарттары алдын-ала әлеуметтік желіде жарияланып, үміткерлер өтінімдері мен 2 тақырыптағы өлеңдері қазылар алқасының құрамына тапсырылды.
Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық жетістіктерін тақырыпқа арқау етіп, туған қаламыз Түркістанды дәріптеу, өсуі мен өркендеуін жырға қосып, жастарға патриоттық тәрбие беру мақсатында қолға алынған байқауға 14 үміткер қатысты.
Ақындардың туындыларын сарапқа салған қазылар алқасының құрамына Филиология ғ,к, доцент, Ясауи университеті «Рухани жаңғыру» ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры – Әдемау Толысбаева, «Өнер» мектебінің директоры, облыстық, республикалық айтыстардың жеңімпазы – Тұрар Тлеулиев, ҚР журналистер одағының мүшесі – Ақмарал Ғаниқызы бекітіліп, үздіктерді саралады.
Гүлденген, түрленген Түркістанның бүгінгі келбетін жырлап, шығармашылығын шыңдау мақсатында ұйымдастырылған байқаудың алғы сөзін Түркістан қалалық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Әбдіжаппар Сәкенұлы мен Түркістан қалалық Мәдениет үйінің директоры Шәмет Лиза Төлегенқызы алып, торқалы тойға тарту болған байқаудың маңыздылығын атап өтіп, жырсүйер қауымды мерейлі мерекемен құттықтады.
Қазылар алқасының құрамы сахнаға шығып, ақындардың өлеңдерін сарапқа салу барысында мән берген жәйттарды атап көрсетті. Байқау қорытындысына сәйкес, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар болып танылғандардың есімдері де анықталды.
Сонымен, байқаудың Бас жүлдесін Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің оқытушысы Ислам Досбол еншілесе, І орын №28 мектеп-лицей мұғалімі Әмәлият Арқалыққа бұйырды. Қос ІІ орын Дәурен Тлеухан мен Бақнұр Нұрманға үлестірілді. Үш бірдей ІІІ орынға Жумабаева Айкерім, Қайсар Бауыржан, Шилдебаева Көркем лайық деп танылды. Сондай-ақ, «Қаныбек Сарыбаев» атындағы номинациямен Қалдан Серік марапатталса, «Жас поэзия» номинациясы Серікбай Ақмаралға берілді. Ал, «Жас қалам» номинациясы Бектұрғанова Ақылзатқа берілсе, «Шалқар шабыт» номинациясын Бухарбаев Ердәулет еншіледі. Қалған үміткерлер қатысқандары үшін алғыс хаттармен марапатталды. Ал, жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен қаржылай сияпаттар табысталды.