БІЛІМПАЗ БАЛАЛАР ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫ ҚАРСАҢЫНДА ҚУАНЫШҚА БӨЛЕНДІ

1  204 көрілім

Бүгін “Nur Otan” партиясы Түркістан облыстық филиалының ғимаратында республикалық “Мектепке жол” акциясы ұйымдастырылды. Мақсат – аз қамтылған отбасындағы балаларды мектепке даярлау тұрғысында қажетті құрал-жабдықтарды табыстау.

  “Партия жыл сайын бұл акцияға дəстүрлі түрде атсалысып келеді. Бізден көмек сұрап, қолдау күтетін облысымызда тұрғындар жетерлік. Біз бүкіл мүмкіндікті пайдаланып, демеушілерді тарту арқылы көмек көрсетіп келеміз. Соның ішінде, мектеп оқушыларын жаңа оқу жылына даярлау – біздің бір міндетіміз. Ертеңгі болашағымыз болып саналатын, келешекті дамытар ұрпаққа əрдайым қолдау білдіріп, білім алуына жағдай жасау – əрбіріміздің борышымыз”, – деді “Nur Otan” партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасарының міндетін атқарушы Қалыйма Жантөреева.

  Жалпы, “Мектепке жол” акциясы аз қамтылған жəне көпбалалы отбасылардың білім алатын балаларына көмек көрсетуге жəне əлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке бармауының алдын алуға бағытталған. Биыл дəстүрлі түрде он екінші жыл қатарынан жүзеге асып жатқан акция 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында жүргізіледі. Статистикаға жүгінсек, өткен 11 жыл ішінде акция аясында 2 млн 600 мыңнан астам балаға материалдық көмек көрсетілген.

  Бүгінде өңірімізде атаулы əлеуметтік көмек алатын 87 515 отбасы, нақты айтсақ 508 828 адам бар. Ал, жыл басынан бері партия филиалына көмек сұрап 50 оқушы тіркелсе, “Жас Отан” жастар қанатының қамқорлығында 5 оқушы бар.

  Аталған 55 балаға қуаныш сыйлауды мақсат тұтқан партия қызметкерлері жас білімгерлерге жаңа оқу жылына сəттілік пен оқуда озат болуын тілеп, сыйлықтар табыстап, акция кезегін аудан, қалалық филиалдарға табыстады.

Жанерке ЖАРЫЛҚАСЫН,

“Түркістан”.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы