ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРЛЕРІ ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ ДӘРІПТЕУДЕ БАҚ СЫНАСТЫ

1  461 көрілім

Шаһар төрінде орналасқан «Фараб» әмбебап кітапханасында ұмыт болған салт-дәстүрді қайта жаңғыртуда «Тәуелсіз елдің анасы» атты ұлттық фестиваль өтті.

Мәдени шара Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Түркістан қаласы әкімі қолдауымен және қалалық әйелдер алқасының бастамасымен ұйымдастырылды. Фестиваль мақсаты жас ұрпаққа тәрбиелік мақсатта, ұлттық құндылықтарымызды, ұлттың ары-абыройы болып отырған әйел-аналардың даналығы мен көркемділігін насихаттау.

Мерекелік шараға қалалық әйелдер алқасының төрайымы Ұлжан Әбенқызы мен қала әкімінің кеңесшісі Қадырболат Мұсағалиев және «Фараб» әмбебап кітапханасының басшысы Жанат Шардарбекова қатысып, сөз сөйледі.

– Ата-бабамыз аңсап жеткен Тәуелсіздік күніне орай өткізілген бұл фестиваль жас жеткіншектерімізбен мынау өскелең ұрпаққа өнеге, тағылым болсын деген ниетпен қала әкімінің бастамасымен ұйымдастырылып отыр. Жастарымыз ұлттық құндылықтарды дәріптеп, қастерлеп, ата-баба дәстүрін қайта жандандырса нұр үстіне нұр болары сөзсіз, – деді қалалық әйелдер алқасының төрайымы Ұлжан Мұстафаева.

Фестивальде бақ сынасқан қатысушылар Түркістан қаласынан Ұлжалғас Шілдебаева, Мереке Айдаржан мен облысқа қарасты Сауран ауданы Абай ауылынан Үміт Алмаханбетова өз өнерлерін көрсетті. Фестивальға қатысқан өнерпаздар киіз басу, кілем тоқу, сурет салу, ұмыт қалған ұлттық тағамдары дайындау, ұлттық нақышта тігілген киім үлгісін көрсетумен қатар, арнайы көрініс қойып сайысқа түсті.  Онымен қоса, мәдени іс-шараға, мектеп оқушылары да белсене қатысып, сонымен қатар қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары ән шырқап, би билеп, сахналық қойылым қойды.

Шара соңында фестиваль ұйымдастырушылары Ұлжан Әбенқызы мен кітапхана басшысы Жанат Шардарбекова қатысушыларды марапаттап, қала әкімінің ақшалай сыйлығымен қоса, арнайы диплом табыстады.

Ұлпан АБДІРАХМАН

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы