ЕЛБАСЫ ЯСАУИДІ ЖАҢҒЫРТЫП, ТҮРКІСТАНДЫ ТҮЛЕТТІ

1  256 көрілім

Желтоқсанның 1-ші жұлдызы Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні. Бұл күн Түркістан облысы үшін ерекше мереке. Себебі, Елбасы осыдан үш жыл бұрын өзінің Жарлығымен Түркістанды облыс орталығы деп жарияласа, арада көп ұзамай Түркі мемлекеттері басшыларының Саммитінде Түркі дүниесінің рухани астанасы атанды.

Міне, осы Елбасының тұсаукесер рәсімі әрі ақ батасымен басталған үш ақ жылда Түркістан мәдени, экономикалық, саяси тұрғыда серпінді дамудың даңғыл жолына түсіп, адам танымастай өзгерді. Екінші тынысы ашылған түркі дүниесінің түп төркіні даму қарқынына Түркия мемлекетінен бастап, көптеген мұсылман елдері сүбелі үлестерін қосуда. Кешегі келмеске кеткен Кеңес дәуіріндегі керітартпалардың кесірінен ғасырлар бойы сақталған жәдігерлері ұрланып, қабырғасы қақырап, іргесі сөгілген, мал қораға дейін айналып барып, қайта қалпына келтірілген Ясауи кесенесінің де екінші тынысы Тәуелсіздік жылдары ашылды.

Басқа өңірлерді қайдам, Елбасының Түркістан өңірінің дамуына қосқан үлесі, сіңірген еңбегі ерен. Тәуелсіздіктің 30 жылында Елбасы Түркістанға жиырмадан астам ат басын тіреген екен. Елбасымыздың қасиетті шаһарға әр сапары жақсы жаңалығымен жанға жебеу, ойға демеу болып келеді.

Ол сонау өткен ғасырдың соңғы жылдарынан басталды. Елбасы Н.Ә.Назарбаев 1985-1988 жылдары Қазақ ССР Министрлер кабинетінің басшысы қызметін атқарып жүрген тұста, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне арнайы ат басын бұрып, мұндағы атқарылып жатқан іс-шаралармен танысады. Содан бері Елбасы тарапынан Әулие бабамызға тағзым ретінде саналатын игі жұмыстарға ақ жол ашылды деп есептеуге болады.

Еліміз Тәуелсіздігіне енді қол жеткізіп, егеменді мемлекет ретінде еңсесін тіктеп жатқан жауапты кезеңде Елбасы Н.Ә.Назарбаев Түркістан қаласының абыройын асқақтатар, күллі түркі жұртының басын қосуға бағытталған жобаларды бекітті. Тұңғыш рет киелі мекеннен Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті ашылды. Сонымен қатар, кесененің көрік-келбетін қалпына келтіруге күш жұмылдырып, 2000 жылы Түркістан қаласының 1500 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО деңгейінде атап өтуге барлық жағдайды жасады. Президенттің «Әзірет Сұлтан» кесенесіне жасап отырған қамқорлығының арқасында «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында көне шаһардың шынайы шежіресін айқындау қолға алынды. Бұл бағдарлама бойынша орындалған нәтижелі еңбектердің өзі бір төбе.

Осы алтын сабақтастықтың бүгінгі күнге дейін тіні үзілмей жеткендігін Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өткен тарихымызға, рухани мұрамызға деген ізгі ниетімен, ілтипатымен байланыстыруға болады. Әркез бабалар дәстүріне айнымас адалдықтың үлгісін көрсетіп келе жатқан Елбасымыз «Әзірет Сұлтан» кесенесінің ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енуіне тікелей мұрындық болды.

Мереке қарсаңында Елбасы Түркістанға сыйға тартқан тұқымы тұздай құруға жақын қалған, тоғыз бас Бұхар бұғылары қазіргі таңда «Қызылшаруа» орман шаруашылығы мамандарының күшімен 170 басқа жеткізілді. Қазір осы шаруашылық «Қаратау» қорығы туризм кластерінің бір бағдары болып қалыптасып келеді.

Табиғат қорғаудағы ісіне тоқталсақ, Елбасының басшылығымен Астана маңынан «Жасыл аймақ» РМК ашылып, ондағы аумағы 70 мың гектар жерге отыздан астам ағаш түрлері өсірілсе, соңғы жылдары елік, қырғауыл жіберіле бастады. Қазір республикаға тарай бастаған тәжірибенің алдыңғы қатарында «Жасыл ел» деп аталатын осы эстафеталық үрдісті қабылдаған түркістандықтар қала маңына 4 млн. түп ағаш отырғызуды мақсат етуде. Бұл өз кезегінде Түркістан өңірінің ауа райын күрт өзгертіп қана қоймайды, су көздерін үнемді пайдалануға сонымен бірге туризм кластерінің бірнеше бағдары бойынша дамуына жол ашады.

Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың тарих сахнасына шығып көреген саясат жүргізе отырып, Солтүстіктегі Ресей, Шығыстағы Қытай, Батыстағы Еуропа елдерінің, мұхит асып АҚШ басшыларымен терезесі тең дәрежеде келіссөз жүргізе білгендігін бүгінде әлем мойындап отыр.

Сондай-ақ еліміз, 2010 жылы ЕЫҚҰ төрағасы болып, Астанада елу төрт елдің басшыларын жинап Саммит өткізді. 2011 жылы еліміздің тарихында болмаған Алматы мен Астана қаласында қысқы Азия ойындарының жалауы көтерілді. 2017 жылы дүниежүзілік EXPO көрмесі Астанада өткізілді. Астанада дүниежүзілік діндер қауымдастығының бірнеше мәрте алқалы отырыстары өткізілді. Астана әлемдік деңгейдегі түйіні шешілмеген саяси өзекті мәселелерді шешетін де сындарлы сұхбат алаңына айналды. Бұл халықаралық шаралар Қазақстанның беделін әлемдік ауқымда асқақтата түсті. Мұндай халықаралық деңгейдегі ауқымды рухани және мәдени шаралар-ды ендігі жерде Түркістан өңірінде атқарудың мүмкіндігі ашылып отыр.

Бұл жерде туристерді магниттей тартатын өңірдің бренді болып қалыптасқан киелі Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі түркі халықтарының, оның ішінде исі қазақтың айрықша құрмет етіп, тәбәрік тұтар мекені. Ұлы ұстаздың рухани ілімі бағзы заманнан бері шынайы еркіндікке, тәуелсіздікке жеткізетін жол ретінде танылған. «Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы» деп өткен кешегі қазақтың хан-сұлтандары ел басқару ісінде Ясауи қағидаларын негізге алған. Ясауидің ұстазы Арыстанбап кесенесі, көне Сауран, Үкаша Ата, Жылаған ата, Қаратау сілемдері, Ақмешіт сынды табиғи тылсымы мол өңірлерге соңғы жылдары мыңдаған саяхатшылар келіп тамашалады. Бұл әрине қазақтың қонақжайлы мінезінен ғана емес, жергілікті биліктің абаттандыру саласындағы жасап отырған ерекше қамқорлығының да жемісі деуге болады.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Түркістан мен оның ұлы ғимаратын бүгінгі ұрпақ қазақ мемлекеттілігі тағдырымен тығыз бірлікте қарастырады. Ұлттық бостандығымыз бен іргелі елдігіміздің ақ ордасы, асыл көзіндей ардақ тұтады», – деген сөзі киелі мекеннің дәрежесін одан әрі айқындай түсті.

Қазақстан аумағындағы ежелгі темір ғасырынан бастап Сақ, Сармат, Үйсін, Қаңлы, Ақ Ғұндар, Түркі, Қарлұқ, Оғыз, Қидан, Қарахан, Қыпшақ, Алтын Орда, Ақ Орда, Көк Орда, Көшпелі Өзбек және Қазақ хандығы сияқты көптеген мемлекеттер қалыптасып, өмір сүрген және ыдырап отырғандығы тарихтан мәлім. Өз заманында атақты Томиристен бастап Естемі қаған, Оғыз хан, Қарахан сынды тұлғалармен теңдес қазақтың Қасым хан, Есім хан, Тәуке хан және ұлы Абылай сынды тарихтың дамуына ықпал еткен бірегей саясаткерлер шықты. Әсіресе, «Орыс аюын орманында, Қытай айдаһарын қорғанында, Жоңғар жыланын інінде» ұстайтын саясат жүргізе білген ұлы Абылайдың рөлі ерекше еді. Міне, осындай қазақ халқының маңдайына біткен ұлы тұлғаларының Түркістаннан қоныс теуіп, осында жерленуінің өзі өңірдің рухани дәрежесін айғақтап, айбынын асыра түседі.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың өз қаламынан туындаған кітаптарда, ой-толғамдарында Қожа Ахмет Ясауидің рухани ілімі мен оның қазіргі кездегі қажеттілігіне баса назар аударылған. Оның тарихи-мәдени маңызына қатысты елеулі тың тұжырымдар келтірілген. «Тарих толқынында», «Сындарлы он жыл», «Ғасырлар тоғысында» атты кітаптарында Ясауи қалыптастырған ілімнің құндылығы жөнінде оң пікірлер айтылған.

Елбасымыз Түркістан қаласына 2010 жылдың 26 мамырында жасаған сапары кезінде Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіндегі кездесуде жиналған жастардың алдында күллі әлем мойындаған Ясауи мұрасын оқып-үйрену жөнінде, оның мәні жөнінде сөз қозғады. Демек, бұл Ясауитанудың, Ясауи мұрасын игеру саласының жаңа белеске көтерілуіне алғышарт бола алады.

2018 жылы Түркістан облысы қайта тарихи миссиясына кіріскен кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістанға ресми іс-сапары барысында Қожа Ахмет Ясауи кесенесі аумағындағы «Этноауыл» алаңында ұйымдастырылған «Түркістанға оралу» салтанатты іс-шарасында тебірене толғанды.

– Түркістан тарихы күллі қазақтың тарихы. Сондықтан қасиетті Түркістанға деген мақтаныш сезімі әр қазақтың жүрегінде ұялаған. Түркістан бізге ғана емес, Түркі жұртына ортақ қасиетті мекен. Бұл еліміздің қуаты артып, қарыштай түскенінің көрінісі. Аталған шешімдер Оңтүстік өңірдің әлеуметтік жағдайын түзеп, елге жұмыс беріп, мына жерде еліміздің керемет шаһары өседі деп сенеміз.

Қадірлі түркістандықтар! Халқымыз үшін тарихы бай, тағлымы терең Түркістанның еліміз үшін орны бөлек. Ол – Орта Азиядағы ең көне қалалардың бірі. Естеріңізде болса 2000 жылы қасиетті Түркістанның 1500 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО деңгейінде атап өтіп, оны бір көтердік. Соңғы деректерде Күлтөбеден табылған археологиялық жәдігерлер оның кемінде 2 мың жылдық тарихы бар екендігін дәлелдеп отыр. Түркістан – Қазақ елінің рухани жүрегі. Ғасырлар бойы еліміздегі айтулы оқиғалардың бел ортасында жүрген тарлан тарихтың көнекөз куәгері. Қала екі ғасыр бойы Қазақ хандығының бас ордасы болды. Ел тағдыры сынға түскен алмағайып кезеңдерде ұлт болашағына байланысты көптеген шешімдер дәл осында қабылданып отырды. Түркістан тарихы күллі қазақтың тарихы. Сондықтан қасиетті Түркістанға деген мақтаныш сезімі әр қазақтың жүрегінде ұялаған. Түркістан бізге ғана емес, Түркі жұртына ортақ қасиетті мекен. Алғаш ел егемендігін алған жылдары Түркия мемлекеті біздің тәуелсіздігімізді мойындап, ел басқарған басшылармен осында Ахмет Ясауи университетін құрған болатынбыз. Түркістан талай ғасырлар бойы Қап тауынан Қашқарияға дейін мекен еткен халықтар зиярат етіп келетін қастерлі орын. Түркі мемлекеттері Түркістанды «Түркі дүниесінің рухани астанасы» деп жариялады. Осыған орай ТҮРІКСОЙ-дың қолдауымен мұнда 40-тан астам ауқымды шара өткізілді. Осының барлығы бізді бүгінгі шешімге алып келіп, Түркістанды облыс орталығы деп жариялауға себеп болды»,- деді Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ, Президент Түркістанның түркі халықтары үшін де аса маңызды қала екендігіне тоқталып, қабылданған Жарлыққа сәйкес қала жаңа биіктерді бағындыратынына сенім білдірді. Нұрсұлтан Назарбаев Түркістанды ілгерілету ісінде барша тұрғындарға табыс тіледі. Бұл өз кезегінде Қазақстанның Тұңғыш Президентінің стратегиялық тұрғыдағы сындарлы саясаты мен ғажайып көрегендігінің дәйегі деп ауыз толтырып айтуға әбден болады.

Ескендір ЕРТАЙ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы