Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен Түркістандағы Ұлы Дала Елі орталығында қаланың айтулы алты ақыны жастармен кездесіп, өздерінің соңғы жылдары Түркістанды жырға қосқан жаңа туындыларымен бөлісті. Олардың қатарында кәсіпкер, меценат, бес кітап, 12 әннің авторы Нәлібай Дәрібаев бастаған ақын, сазгер Қаламқас Өтеуова, Тілдерді дамыту орталығының маманы Айгерім Жұмабай, Мәдениет үйінің баспасөз хатшысы Ақмарал Ғаниқызы, медициналық колледждің студенті Ақерке Ибадуллаева, суырып салма ақын Мұхит Құрманбековтер бар.


Түркістан қаласының облыс орталығы әрі түркі тілдес елдердің рухани астанасы болуы, соған сәйкес сәулетті ғимараттардың бой көтеруі, мәдени мұралардың жаңғыруы, ақындар мен сазгерлерге ерекше шабыт беріп, шығармаларына арқау еткені көрініп тұр.



«Туған өлке тарихы» тақырыбымен өткен ақындардың жастармен кездесуіне жақында ғана Түркістан қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы болып, қызметіне кіріскен Әбдіжаппар Сәкенұлы мәдени шараға арнайы қатысып, жастарға патриоттық рух беретін осындай кештерді өткізуге қашанда қолдау көрсететіндігін мәлімдеді.
Кездесу барысында жергілікті ақындардың сөздеріне жазылған әндерін Мәдениет үйінің әншілері тамылжыта орындады.
Ескендір ЕРТАЙ