ПАЛУАН, ЖАТТЫҚТЫРУШЫ, ТӨРЕШІ

772 көрілім

«Палуан, жаттықтырушы, төреші» деп отырғанымыз – Хайыс Аққалиев атты қазақ. Хайыс Аққалиев – бұрынғы Кеңес Одағының құрметті спорт шебері, грек-рим күресі бойынша қазақтан шыққан тұңғыш Халықаралық дәрежедегі төреші, Қазақстан Республикасына және Кеңес Одағына еңбек сіңірген жаттықтырушы, Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері.

Аққалиев Хайыс Баянғалиұлы 1935 жылы 26 тамызда сол кездегі Түркістан ауданына қарайтын кенді Ащысай ауылында дүниеге келген. Түркістан қаласындағы бұрынғы Ленин атындағы, қазіргі А.Байтұрсынов атындағы орта мектепті бітірген. 1955 жылдан бастап грек-рим күресімен айналыса бастаған. Ресейдің Саратов қаласының чемпионы, Ресейдің «Буревестник» республикалық кеңесінің жүлдегері. 1958 жылы Алматы чемпионаттарының жүлдегері, Алматы қаласының құрама командасына енді. Х.Аққалиев 15 жылдан астам уақыт күрес бойынша республика федерация төрағасының орынбасары болып қызмет етті.

Х.Аққалиев негізінен – палуан. Күрес үйірмесіне сәл кештеу келгені болмаса, жас кезінен күрес өнеріне бір иығын беріп, ұстасқанды алып ұрып жүрген. Ал күрес үйірмесіне келгенде ол дап-дайын палуан еді. Әрине, күрес өнерінің техникасын, әдіс-тәсілдерін үйірмеде жүріп үйренді.

Әр нәрсенің өз уақыты, өз кезегі болады. Күресті қойған соң, жаттықтырушы болды. Қаншама жас өскін Хайыс ағаның үйретуімен шыныққан шымыр палуандарға айналды. Ол жастардың спортқа деген икемін бір көргеннен-ақ байқап, жаттығу барысында олардың бұла күштерін оң бағытқа қарай бұра білген.

Ал қазақтан шыққан тұңғыш Халықаралық дәрежедегі төреші атануы өз алдына бөлек әңгіме. Төреші болу үшін жай ғана палуан немесе жаттықтырушы болу аз. Оған көп тәжірибе мен қара қылды қақ жаратын әділдік те керек. Бұл қасиет Хайыс ағаның бойында болды. Сайыс барысында ешқашан да бұра тартпай, қашанда әділ шешім шығарып отырған. Х.Аққалиев, әсіресе, 1973 жылы әлемнің көптеген елдерінде, мысалы Румынияда, Швецияда, Польшада өткен халықаралық жарыстарда төрешілік жасап, әділдік пен ақиқаттың әдемі үлгісін көрсеткен.

Сонымен Х.Аққалиевтің жай өмірдегі және спорт саласындағы өнегелі өмірі – жастар үшін үлгі екенін білдік. Жастарға патриоттық тәрбие беруде таптырмайтын құрал екенін ұғындық.

Ақсүмбе БОСТАН,

С.Ерубаев атындағы музейдің меңгерушісі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы