САУРАНДА ҰЛТТЫҚ ӨНЕР САЛТАНАТ ҚҰРДЫ

1  014 көрілім

Көне Сауран қалашығының шетіндегі Қарауыл төбеде Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, Отырар, Сауран әкімдіктерінің ұйымдастыруымен қыз қуу, аударыспақ, жамбы ату, асық ойнау, ләңгі тебу, арқан тарту, көкпар, теңге ілу, құсбегілік, тазыларды таныстыру бойынша жарыстар өткізілді.

«Сәлем саған Түркістан!» атты мəдениет жəне өнер фестивалі аясында ұлттық спорт түрлерінен Сауран, Отырар аудандары мен Түркістан, Кентау қалаларының спортшылары арасында өткен жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Сайын даланы мекен еткен ата-бабамыздан мирас болып келе жатқан ұлттық спорт түрлерінен түркістандық саңлақтар жарыс жолына шығып, өз мықтылықтарын көрсетті. Көкпар, теңге ілу, қыз қуу, жамбы ату жəне лəңгі тебу, құс бегілер мен тазылардың көрінісі бойынша мықтылар анықталды. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған бұл мәдениет және өнер фестиваліне Түркістан облысының әкімдігі мен облыстық дене шынықтыру жəне спорт басқармасы, Сауран және Отырар аудандарының әкімшілігі атсалысты. Ұлттық спортымыздың әлемдік деңгейде жаңғыруының маңызды екендігіне тоқталған Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов жарыстың ашылу рәсіміне қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.

Жарыс жолына шыққан Сауран, Отырар аудандары мен Түркістан мен Кентау қалаларының талантты саңлақтары қала тұрғындарына керемет ойын көрсетті.

– Түркістанның ішкі туризмін түлету мақсатында мұндай ұлттық спортымызды дәріптеген сайыстар жиі ұйымдастырылуы керек. Түркі тілдес халықтардың мәдени астанасына айналған көне шаһар жыл сайын түрленіп келеді. Осылайша, отандық туризмді дамытуға мол үлес қосыла-тын болады,-дейді Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаман.

Жарысқа Кентау, Түркістан қалалары мен Отырар, Сауран аудандарының командалары қатысты. Асық атудан Түлкібас ауданы 1-ші, Түркістан қаласы 2-ші, Кентау қаласы 3-ші орын алды. Арқан тартудан Сауран ауданы 1-ші, Кентау қаласы 2-ші, Отырар ауданы 3-ші орынға ие болды. Жеңімпаздарды Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаман марапаттады.

Бүркітшілерден қос бірдей қыранымен Төлеби ауданы, Кеңесарық ауылы-ның құсбегісі Бағдат Кеуенов ерекшеленді. Оның Жебе есімді бүркіті 3-жаста әлі тірнек болса да, болашағынан үлкен үміт күттіретіндігі байқалды. Әзірге түлкі, қоян алып жүрген қыранды дұрыстап баптаса, ірі жабайы жануарларды алуы мүмкін екендігін көрсетті. Бағдат Кеуеновтің айтуынша, жалпы қолдағы бүркіттердің жасына қарай 25-30-ға дейін ұстауға болады екен. Одан кейін күші қайта бастайды. Нағыз бабына 9- 10 жасында келеді екен.

Көкпарға шыққан командалар 6 адамнан бір топ құрап, іріктеу сайыстарына қатысты. Оларға көкпарды мәреге жеткізіп тастаған шабандоздарға бөлек демеушілер есебінен ақшалай көтермелеу сыйлықтары жасалып отырды.

Ескендір ЕРТАЙ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы