Қаламыздағы Конгресс хол концерт залында «Сәлем саған, Түркістан» атты облыстық мәдени өнер фестивалі аясында «Бұраң бел» облыстық бишілер байқауы болып өтті. Байқауды Түркістан облыстық мәдениет басқармасы мен Қазығұрт ауданы әкімдігі ұйымдастырды. Байқаудың ашылу салтанатында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов құттықтау сөз сөйлеп, өңірде мәдениет пен өнерге қолдау көрсету жалғасатынын жеткізді. Би жарысы байқауына жасөспірімдер арасынан 17 ауданнан би ұжымдары келіп қатысты. Байқауға келген әр команда да үлкен дайындықпен келген. Жалпы бұл байқауды ұйымдастырудағы басты себеп – бүгінгі мектеп оқушыларының демалыстық сәтін тиімді өткізу үшін сондай-ақ би билеуге, би өнеріне деген ынта-ықыласы мен құштарлығын ояту.


Байқау хореографиялық, сюжеттік, фольклорлік қойылымдарына сүйене отырып, сайыс 2 кезеңнен тұрды. 1-кезең: «Қазақ биі» – бұл кезеңде қатысушыларымыз қазақ халқының кез келген ұлттық биін таңдап, нақышына келтіре орындап шығуы керек болса, 2-кезеңде, қатысушыларымызға «Еркін тақырып» берілді, яғни сайыскерлеріміз өздері қалаған би түрін орындап шықты. Сайыс қатысушыларының өнері критерийлер бойынша бағаланды. Атап айтсақ, қатысушылардың өздері таңдап алған би түрінің материалдарын игеруі, екіншіден билейтін билеріне сай киім үлгілерінің сәйкес келуі болса үшіншіден топ мүшелерінің бір-бірімен үйлесімде болуы бағаланды.
Сайысқа ҚР Мәдениет қайтаркері Қазақстанның үздік хореографы, қазылар алқасының төрағасы Айболат Орынбай, Мәдениет саласының үздігі «Яссы» би ансамблінің жетекшісі Қуат Таукеев, «Фараб» би ансамблінің жетекшісі Марианна Шаликашвили, «Жұлдыздар» халықтық би ұжымының жетекшісі Жаннат Балтаева және халықаралық би байқауларының лауреаты Жангүл Ерсұлтанова хореографтарымыз қазылық етіп, сайыскерлеріміздің өнеріне өз бағаларын берді. 5 сағатқа созылған тартысты би байқауының қорытынды нәтижесінде қазылардың шешімімен «Бұраң бел» байқауында бақ сынаған 17 би ұжымының арасында Қазығұрт ауданының «Таңшолпан» би тобы гран-приді иеленді. 1-орынды Жетісай ауданы «Аяна» би тобы жеңіп алса, 2-орын Арыс қаласының «Алтынай» би тобына бұйырды. Үшінші орындарға Қазығұрт ауданының «Балауса» және Кентау қаласының «Рапсодия» би ұжымдары лайық деп танылды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге диплом және ақшалай сыйлық тапсырылды.
Балдәурен ЖҰМАБЕКОВА