- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Түркістандағы түркітілдес халықтар кітапханасындағы басқосуда Түркістан қалалық Әйелдер алқасының төрайымы Ұлжан Мұстапаева осындай бастама көтерді.
Айта кету керек, бұл бастаманы біраздан бері атақты ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің қозғап жүргені «Ол жас-Он молодой» кітабының екінші бөліміндегі сұхбатында көтерілгені мәлім. Бұл кітаптың алғашқы тұсаукесері Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде ежелгі қаланың зиялы қауымы, оқытушылар, студенттер қатысқан кезде басталғанды.
«Қазақстан кезінде Ұлы оқырмандар елінің бір мүшесі болған еді, – деп атап өтеді Олжас Омарұлы. – Егер де біз интеллектуалдық және рухани дамыған отыз елдің қатарынан көрінуге тырысатын болсақ, біз кітапты қайтаруымыз керек. Осы атағын ерте ме, кеш пе түбі қайтаруы тиіс… ».
Қалалық мәдениет бөлімін 17 жыл басқарған Ұлжан Абенқызы халық нарыққа көшкен тұста 63 кітапхананың жабылып қалғандығын айтады. 2009 жылы соның 42-сін қалпына келтірген. Жазушы, ғалым Құлбек Ергөбектің жеке қорындағы кітаптарды жинақтай отырып, түркі тілдес халықтардың кітапханасын ашқан. Қазір ол кітапхана қорында шор, тыва, хакас, саха, шуаш, алтай, абхаз барлығы 32 түркі тілдес халықтар болса, соның бірқатарының өз тілдеріндегі кітаптары сақталған. Қазіргі таңда кітап қоры 46238-ді құрайды. Ұлжан Мұстапаеваның бастамасын Әлем жазушылар одағының мүшесі, Өзбек халық жазушысы Мұхабат Аматаева қызу қолдады.
– Бұрын кітап сүйетіндігіміз соншалықты әрбір үйдің жеке кітап қоры болатын. Оған мөр басып, үйіне алып кетіп оқитындарға асып кеткенде екі аптаға беретінбіз. Біз кітаптарды шамның жарығымен оқитынбыз. Кітап оқу адамның миын тынықтырады. Жан рахатына бөлейді. Келіндеріме, немерелеріме айтарым – қазіргі атыс-шабысқа толы теледидарды тамашалай бергенше, бір уақыт кітап оқуды әдетке айналдырыңыздар дегім келеді.
– Біз қазір қаланың бірқатар кітапханаларында оқушылармен, студенттермен кездесулер өткізіп тұрамыз. Жастарға қатысты барлық өзекті жайларды сонда шығаруға болады. Оларды кітап оқуға бала жастан үйретуіміз керек. Бұрын оқушылар мұғалімнің алдында өзінің білімділігін дәлелдеп, сабағын өзі айтып беретін. Қазір тестілік сынақ мақаулыққа әкеліп соқтырды. Балаларымыз өз ойларын түсіндіріп бере алмайды. Ұялы телефонды шұқылап, СМС-пен хабар алмасқандары жаппай сауатсыздыққа ұшыратады. Сондықтан, кітап шығару мәселесін мемлекеттік тұрғыда шешуге атсалысуымыз керек. Жеке баспалар мен тұлғалардың сапасыз кітаптарын көріп жүрміз,-дейді Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан педагогикалық академиясының профессоры Әлима Хайдарова.
Әріптестерін қолдаған әнші, сазгер, ғалым, «Мәдениет қайраткері» Сауранбек Еркінбекұлы кезінде Шоқан Уәлиханов Қазақстандағы рухани жаңғырудың Түркістаннан бастау алғандығын өз еңбектерінде жазып өткен дей келіп: «Жақында Астанада болдым. Астаналық Жазушылар одағы мен ақындары бірлесе отырып, Арқа төсіндегі тарихи тұлғалар жазушылар, ақындар, күйшілер, әншілер туралы көп кітаптар жазып тастапты. Біз де осы өңіріміздегі күні кеше ғана қасымызда жүрген Қаныбек Сарыбаев, Әбдікерім Манаповтан бастап, Әселхан Қалыбековалардың мұраларын жарыққа шығаруымыз керек. Ешкімді де ұмыт қалдырмауымыз керек»,-дейді.
Кітапхана – аға буын мен жастар жиі келетін, қалың оқырмандар білім нәрімен сусындайтын қасиетті шаңырақ. Сондықтан түрлі форматтарда кездесулер, қоғамымыздың көлеңкелі жақтары жайлы ашық сұхбаттар алдағы уақытта да ұйымдастырылады деген сенімдемін,- деп отырысты Түркітілдес халықтардың кітапханасының директоры Мария Курышбаева қорытындылады.
Кешке қатысқан журналист –жазушы «Түркістан» газетінің тілшісі Ескендір Ертай бұл бастамашылыққа қосылатындығын мәлімдей отырып, Олжас Сүлейменов басқаратын ЮНЕСКО аясындағы Халықаралық мәдениеттерді жақындастыру орталығының атынан түркі әлеміне танымал ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің 85 жасқа толуына орай шығарған «Олжас –Он молодой» кітабын кітапхана директоры Мария Құрышбаеваға табыс етті.
Зиялы қауым өкілдерінің бастамасына Түркі тілдес халықтардың кітапханасының директоры Мария Құрышбаева, қалалық жастар ресурстық орталығының мәдени шараларды ұйымдастырушысы Сәкен Парманқұл, жас жазушы Бағдат Үмітбек қолдау білдіріп, нақты шаралар жасау керектігіне тоқталды.
Иса БЕРКІМБАЙ