«ЯССЫ» БІРІНШІ ЛИГАҒА ЖОЛДАМА АЛДЫ

1  452 көрілім

Биыл Түркістан спортының тарихында ерекше жыл болды. Нақтырақ айтсақ, ҚР Премьер-лигасына «Тұран» командасы алғаш рет қатысып, жоғары лигада өз орнын сақтап қалса, міне тағы бір жас команда «Яссы» футбол клубы Қазақстанның екінші лигасында «Оңтүстік-Батыс» аймағы бойынша күміс жүлдеге ие болып, бірінші лигаға жолдама алды. Біз бүгін «Яссы» футбол клубының  жетекшісі, Түркістан  қаласының Құрметті азаматы, ҚР «Дене шынықтыру және спортқа еңбек сіңірген» төсбелгісінің иегері, қаншама жастарды спортқа баулып жүрген Дәрібаев Нәлібай Үсенұлымен сұхбаттасып, маусым қорытындысы туралы ойларын білген едік.

– Нәлібай аға, өзіңізді спорт жанашыры ретінде жақсы танимыз. Осы ретте, «Яссы» футбол клубының құрылуы туралы айтып өтсеңіз?

– Биылғы жылдың басында қала әкімінің қабылдауында болып, түркістандық жастардың достық-ынтымағы мен қарым-қатынасын нығайту үшін футболдан команда жасақтасақ деген ұсыныс айтқан едім. Ұсынысым бірден қолдау тапты. Содан барып теңбіл допқа әуес жастар арасында іріктеу жүргізіп, команданы жасақтауға қол жеткіздік. Сөйтіп, «Яссы-Түркістан» командасының биылғы Қазақстанның екінші лигасында «Оңтүстік-Батыс» аймағында ойнау құқықына ие болдық. Негізі о баста команданың аты «Яссы-Түркістан» болып құрылып, екінші айналымда Түркістан қаласы әкімдігіне қарасты «Яссы» футбол клубы болып өзгерді.

– Алғаш құрылған команда үшін бұл үлкен жетістік. Әрбір жеңістің артында үлкен еңбек тұр. Жалпы, биылғы маусым жайлы тоқталсаңыз?

– Иә, бастапқыда команданы ұстап қалу үшін үлкен қиыншылықтарға тап болдық. Жалақы жоқ, ойыншыларға ешқандай мүмкіндік қарастырылмаған, сырт алаңда ойнау үшін барып-келу шығыны, тамағы, жатақханасы тағы бар. Жасыратыны жоқ, 3-4 ойыншымыз команданы тастап кетіп те қалды. Қаладағы О.Жарылқапов атындағы стадионның да жағдайы мәз емес, талапқа сай келмейді. Бірінші айналымда ойынымыз ойдан шықпады, өйткені, командадағы ойыншылардың көбісі кіші футбол ойнап жүрген жастар болатын. Екінші айналымда жүрісіміз түзеліп, командаға сырттан 2-3 жігітті шақырттық. Қалаға жаңадан әкім болып тағайындалған Нұрбол Тұрашбеков пен Түркістан облысы футбол федерациясының президенті Хәкім Көшқалиевтің қолдауларының арқасында бүгінде осындай жетістікке жетіп отырмыз. Реті келгенде қиын сәтте түсіністік танытқан футбол жанашырларына рақметімді айтқым келеді. Жігіттерге де рақмет, табандылық танытып, намысқа тырысып бақты.

– Қаладағы байырғы О.Жарылқапов атындағы стадионының сын көтермейтіні туралы жоғарыда айттыңыз? Осы мәселені ашып айтсаңыз?

– Дұрыс айтасыз, миллиондар ойыны футболшыларға жағдай жасалмаса ешқандай нәтиже болмайды. Аталмыш стадионда ілгеріректе Қазақстан жоғары лигасының ойындары өткен. Стадионның бүгінгі жағдайы сын көтермейді. Жақында стадионға қала әкімі мен облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев бірге келіп, алаңның бүгінгі қал-жағдайымен танысып қайта жөндеуге ұсыныс берді.

– Футбол – командалық ойын, дегенмен де осындай жоғары жетістікке жетуге ерекше үлесін қосқан ойыншылар мен бапкерлерді атап өтсеңіз?

– Бүгінгі таңда команданың 75-80 пайыз ойыншылары жергілікті жастар. Өз қаржыма ҚР бірінші лигасында Түркістан, Кентау қаласының жастарымен «Түркістан» спорт клубын құрып, сонда ойнаған Самат Қарашбаевты шақырып командаға капитан етіп сайладық. Өйткені оның тәжірибесі басқа ойыншыларға қарағанда көп. Сондай-ақ, қақпашымыз Мұхамбет Тамабай, қорғаушы Айбек Гумаров, жартылай қорғаушылар Жасулан Сәрсенбай, Дилмурат Паччаханов, Шыңғыс Саменов, шабуылшылар Ерсұлтан Төреқұл, Жеңіс Абуов және Ұлықбек Сырлыбаев сынды ойыншылардың қосқан үлестерін айрықша атап өтуге болады. Әрине, бас бапкер Шайзидин Кенжебаевтың да маусым бойы атқарған еңбегі орасан зор.

– Жақында, команданы қала әкімінің өзі қабылдады. Қала басшылығы келесі жылғы маусымға қандай қолдау білдіретін болды?

– Қала әкімі Нұрбол Әбдісаттарұлы жеке қабылдауында команданы биылғы жеткен жетістігімен құттықтады. Шара барысында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Хәкім Көшқалиев, ҚР кәсіпқой футбол федерациясының өкілі Мұрат Ағыбаевтар да спортшыларды жеңістерімен құттықтап, шаһар абыройын байрақты бәсекелерде асқақтата беруіне тілектестігін білдірді. Жалпы, келер жылы команда толық қаржыландырылып, ойын алаңына күрделі жөндеу жүргізілетінін атап өтті.

– Осы уақытқа дейін Түркістан үшін тер төгіп келе жатқаныңызды жұрт жақсы біледі. Сол жайлы бір сыпыра айтып кетсеңіз?

– Жастайымнан спортты жаныма серік етіп жүргендіктен, қала спортының дамуына қоғамдық негізде 35 жыл еңбек етіп келемін. Осы аралықта толағай табыстарға қол жеткіздім. Атап айтсам, 2007-2008 жылы облыс әкімінің «Дала мен қала» кубогінің, ҚР футболдан бірінші лига командалары арасында өткен «Наурыз» кубогінің иегері болдық. «Ай-Университет» футбол командасын құрып, республикадағы университеттер арасында 2-ші орынды иелендік. Сондай-ақ, қаламызда бокс, волейбол спорт түрлерінің дамуына да айрықша көңіл бөліп келемін.

– Спорт жанашыры ретінде бүгінгі футболымыздың деңгейіне тоқталсаңыз?

– Жалпы, алғанда қазақ футболы даму үстінде. Бұрынғыға қарағанда ойыншыларымыздың өздерінде сенім пайда бола бастады. Ойынды бақылай алатын дәрежеге жетті. Дегенмен, әттеген-ай дейтін тұстарымыз бар. Мысалы, жоғары лига командаларына шектен тыс легионерлердің шақырылатынына көңілім толмайды. Қарап отырсақ, шетелден келген ойыншыларға жағдай жасап, жоғары жалақы беріп отырмыз. Менің жеке ұсынысым, ойын алаңында әр позицияға, қорғаушы, жартылай қорғаушы, шабуылшы ретінде ойнауға бір-бір легионерлерді қойсақ, қалғандарына өзіміздің қазақ жігіттері доп тепсе дұрыс болар еді. Әйтпесе, алаңға шықпай қосалқы құрамда қалып отыра беретін жағдайы бар. Шеберлігін шыңдап, өз командасының, керек десеңіз ұлттық құраманың сапында ойнағанға не жетсін.

– Облысымыздың «Мақтарал» футбол командасы енді ҚР Премьер-лигасында ойнайтын болды. Бір облыста екі команданы жоғары лигада ұстап тұру қиынға соқпай ма?

– Орынды сұрақ. Түркістан облысы басқа облыстарға қарағанда халқы тығыз орналасқан аймақ саналады. Сондықтан да, бір облыстан екі команданың суперлигада ойнауы заңдылық. Халық санына қарай салауатты өмір салтын ұстанған жандардың қатары да көп болары анық. Соның ішінде ала допқа қызығушылық танытқан жастардың қатары артқаны да рас. Біріншіден, бұл облысымыздың абыройы, екіншіден облысымызда футболдың қарыштап даму үстінде екенін аңғартады.

– Сұхбатыңыз үшін рахмет. Келер жылы да командадан үлкен жетістіктер күтеміз. Жеңісті күндерде кездескенше.

Сұхбаттасқан:

Райымжан ӘЛІБАЕВ,

«Түркістан».

P.S. Кезінде О.Жарылқапов атындағы стадионда Түркістанның «Монтажник» (1990-1992), «Яссы» (1993-2001), «Яссы-Рахат» (2003) командалары Қазақстанның жоғары лигасында өнер көрсетіп, футбол жанкүйерлеріне керемет көңіл-күй сыйлаған болатын. Міне, араға 20 жылға тарта уақыт салып, түркістандық жастардың басын қосып, жаңа команданы жасақтаған Нәлібай Дәрібаевтың еңбегі мақтауға тұрарлық. Команда маусым бойы небір қиындықтарды бастан кешіріп, қаражатсыз-ақ қарқынды ойын көрсетіп, жасыл алаңда жаттығып, үлкен жетістіктерге қол жеткізіп отыр. Осы ауыртпалықтардың барлығына төтеп беріп, бүгінгідей жетістікке жеткен Нәлібай Үсенұлына барша түркістандық спортсүйер қауым атынан алғысымызды білдіреміз.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы