РУХАНИ КЕРУЕН ТҮРКІСТАНДА

894 көрілім

Түркістан облысы мәдениет басқармасы және облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен бастау алған «Рухани керуен Түркістанда» атты акция жобасының келесі көшін Әл-Фарабидей дананың, Өзбекәлідей ұлт мақтанышының, Шәмшідей сазгердің кіндік қаны тамған, қасиетті өлкеден келген Отырар ауданы тізгіндеді.

Көшті Отырар аудандық орталық кітапханасының кітапханашылары, ауданның зиялы қауым өкілдерімен қатар жас өнерпаздары әннен шашу шашып арнау өлеңдерімен бастап келді.

Отырарлықтар М.Шахановтың «Отырар қаһармандығы немесе жеңімпаз туралы дастан» өлеңімен кешті ашса, әрі қарай кітап көрмелеріне шолу жасалды. Сонымен қатар, «Әл-Фарабидің шәкірттерімен кездесуі» және Отырар ауданынан шыққан Ө.Жәнібеков, Ш.Қалдаяқов, Қ.Мұңайтпасов жайлы көріністермен жалғасын тапты.

Кітапхананың кішкентай оқырмандары үшін балалар бөліміне арналған қойылым көрермен назарына ұсынылды. Үлкен сахна төрінде Отырар аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сағынтай Құттыбай сөз сөйлеп, кездесу кештің құрметті қонағы Әділхан Мәлік ағамызды сахна төріне шақырды.

Түркістан қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері Айғаным Серім құттықтау сөз сөйлеп, танымал суретші, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, Халықаралық «Тұран-Қазақ» суретшілер консолидациясының мүшесі Әділхан Мәлікпен кездесу сұхбаттың шымылдығын ашып берді.

Қыл қалам шебері облыстық әмбебап ғылыми кітапханасына өз туындысын тарту етсе, Отырар аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Айна Смайылқызы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасына рухани байлығымыз кітаптарды сыйға тартты. Шара соңында Түркістан облысы әмбебап ғылыми кітапхана директорының орынбасары Жанар Жақсылыққызы қорытынды сөз сөйлеп, келген қонақтарға алғысын білдірді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы