ТӨЛЕБИЛІК БІР ТОП АЗАМАТ ТҮРКІСТАНҒА САЯХАТТАДЫ

724 көрілім

Қазан айының үшінші жексенбісі БҰҰ ұйғарымымен «Мүгедектер күні» деп белгіленген. Осы орайда, Төлеби ауданының атымтай жомарт азаматы мүгедек жандарға туризм орталығына айналған Түркістан шаһарын тегін аралауға мүмкіндік сыйлады.
Саяхаттың адам өміріне пайдасы зор. Мәселен, сізге таңсық, жаңа бір қалаға барып мәдениетімен бір сағат таныс болудың өзі таным көкжиегіңізді арттырып, керемет әсер қалдыратыны сөзсіз. Сондай-ақ, жаңа серпін мен өңірдегі өзгешелік тұрғындар үшін жағымды эмоция сыйлайды. Ал эмоция тек қана адам өміріндегі белсенді әрекет болып есептелмейді. Ол арқылы белгілі бір тұрғыда рухани демалыс алуға болады. Сондықтан болар, денсаулығында кінәраты бар науқастарға дәрігерлердің көбісі саяхаттауға кеңес береді.
ҚР Журналистер одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Ғалымжан Елшібай жоғарыдағы тұжырымды ескеріп, Түркістан қаласына жиырмаға жуық мүмкіндігі шектеулі жандарды алып келді. Түркістан облысының әр өңірінен келген саяхатшылар қайта түрленген шаһардың бүгінгі бейнесін көріп таңданысын жасырмады. Арнайы келген қонақтар алдымен «Визит Центр» орталығына табан тіреп, тарихи жәдігер экспонаттарымен танысты. Одан кейін көне шаһардың символына айналған Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барып, Құран бағыштады. Әрі қарай қалада жаңадан бой көтерген «Президент саябағы», «Керуен Сарай» ойын-сауықтық кешенін аралаумен жалғасты. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар тарихи қаладағы өзгерісті тек теледидардан емес, өз көзімен көріп сезінгені абзал дейді игі істің бастамашысы болған Ғалымжан Елшібай.

Әлемдегі дамыған мемлекеттің қатарына қосылу тек экономикалық өсіммен ғана өлшенбеуі тиіс деп санаймын. Рухани серпіліс беретін түрлі саяхаттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға көрсетілер құрмет қоғамда ең бірінші орында тұруы тиіс. Жалпы, басты ұстаным – мүмкіндігі шектеулі азаматтардың көңілін бір серпілтіп, шаһардың жаңа тынысымен таныстыру, – дейді Ғалымжан Елшібай.
«Түркістанды дәл осылай өзгереді деп ойламадым» – дейді тағдыр тәлкегіне ұшырап, арбаға таңылған Төлеби ауданының тұрғыны Талғат Абылайов. Ол жаңарған шаһардың бүгінгі келбетін көру бақыты бұйырғанына алғысын білдіріп, ақ тілегін жаудырды. Ерекше жандарға қайрымдылық жасап, тарихи қалаға саяхатқа шығару үрдісі алдағы уақытта да жалғасын табады деп үміттенеміз.

Ғалия БИСЕЙІТ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы