Бұл жөнінде «Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры Е.Рысбеков аталмыш кәсіпорында өткен пресс-турда мәлім етті. Кәсіпорын басшысының айтуынша Түркістан қаласы бойынша 2020-2021 жылғы жылу беру маусымына бекітілген жұмыс режимімен мекеме тарапынан толық жұмыс атқарылып отыр. Қазақстан Республикасы Үкіметінің және қала әкімдігінің қаулылары негізінде әр жылдың жылу маусымы 1 қараша айынан басталып, 1 сәуірге дейін қамтамасыз етіледі.
Қаламыздағы І-ші мөлтек ауданда 58 көпқабатты, ІІ-ші мөлтек ауданда 15 көпқабатты, ТГЖД аумағында 2 көпқабатты, Отырар мөлтек ауданында 38 көпқабатты жалпы 113 көпқабатты тұрғын үйлер орталық жылу энергиясымен қамтамасыз етілген. Одан бөлек, 28 бюджеттік (2 балабақша, 4 мектеп, 2 колледж, 6 мемлекеттік емес балабақша, 6 денсаулық сақтау мекемесі, 4 мемлекеттік мекеме, 3 басқарма бөлімшелері) 55 кәсіпкерлік заңды тұлғаларға және 52 жер телімді тұрғын үйлерде орталық жылу энергиясымен қамтамасыз етілген.
Кәсіпорын биылғы жылу беру маусымында толығымен табиғи газбен қамтылатын болады. Көгілдір отынмен қамтамасыз ететін «ҚазТрансГазАймақ» акционерлік қоғамымен және газ желісімен жеткізуі қызметіне «ИнтерГаз Орталық Азия» акционерлік қоғамымен келісім-шарт жасалған. «Жылу» мекемесі тарапынан үстіміздегі жылдың сәуір айында қазандықтар мен жылу жүйесіндегі магистралды және ішкі орамдық жүйелеріндегі құбырларды қысымдау мен шаю жұмыстары толық жүргізілген. Магистралдық жылу жүйесі жылу беру маусымына толық дайын екенін жеткізді.
Табиғи газ болмаған жағдайда орталық қазандықта қосымша отын түрі 1200 тонна көмір (сыртқы ауа температурасы орта деңгейде болған жағдайда 20 күндік қор) кәсіпорын қоймасында сақтаулы тұр. І және ІІ мөлтек ауданындағы жылу жүйесінде ішкі орамдағы 17990 метр құбырдың 14200 метр жарамсызын ауыстыруды бас мердігер «АстанаСтройРитм» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіп, жер қазба жұмыстары басталып, былтыр ішкі орамның 1050 метр жылу жүйесінде жарамсыз құбырларын ауыстырған. Құбырларды орналастыру жұмыстары аяқталған соң қысымдау және шаю жұмыстары жүргізіліп, тексеріліп қабылданатын болады. Отырар мөлтек ауданындағы №2, №3, рухани мәдени орталығындағы №4 қазандықтар жылу жүйесін қысымдау және шаю жұмыстары толық жүргізілген. Бүгінгі таңға дейін кәсіпорын жылу маусымында табиғи газбен қамтамасыз етіп, қала тұрғындарына жылу сыйлап келген. Биыл да сол межені толық орындайтынын бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне жеткізді.
Қуаныш ТАСЫБАЕВ