ЖҮРЕГІМЕ ҚАТТЫ ӘСЕР ЕТТІ

199 көрілім

Бұл оқиғаны жазбас бұрын қатты уайымдадым. Біздің айналамызда болып жатқан шынайы оқиғалар кейде біреуге ертегідей көрінсе, біреулер үшін жәй ғана қалыпты құбылыс. Сіз үшін орны толмас қасірет болып саналған қайғы, екінші адамға соншалықты қатты әсер етпеуі мүмкін. Жасың ұлғайған сайын көп нәрсені өздігіңше саралап, ойша қорыта бастайсың. Әр жүрген жеріңде адамдардың болмысына терең үңіліп, ішіндегі арпалысын айтпай оқығың келіп тұрады. Мен ол кісімен ойда жоқта жолықтым. Жүзінде соншалықты қайғының жұрнағы болмаса да, көздері сайрап тұрды. Айтылған әңгіме болашақ жастарға үлкен ой тастайтын болғандықтан бүкпесіз баяндаймын деп шештім.
«Мейлі бай бол, кедей бол бұл тағдыр сені айналып өтпейді екен» деп әңгімесін бастады аялдамада отырған әйел. Әке-шешеміз тірі кезінде бәріміз жақсы, өте тату тұрдық. Өзіміз атадан екі ұл, үш қызбыз. Үлкен ағамызды үйленген соң 40 күннен соң еншісін беріп, бөлек шығардық. Оның үстіне келініміз мінезді болды. Ата-анамыз жұртқа сөз болмайық деп бөлек шығарды. Екінші келінді алдық. Жуас, момын болып көрінгенімен оның да мінезі көп өтпей белгілі болды. Қыдырып бара қалсақ қабағын түйіп алатынды шығарды. Кейде тосыннан ауырып қалады. Жақтырмай тұратыны жүзінен көрініп тұратын. Екі сіңілім де қайрылып қарамайды. Әсіресе өзімнен кейінгі сіңілім қарамақ түгілі тойына да шақырмады. Қызықшылығын бөліспеді. Кезінде екі сіңілім мен марқұм інімді өзім жетілдірген болатынмын. Сөйткен бауырларым қазір амандаспайды, көрсе танымаған адам сияқты өте шығады. Қарашаңырақтағы момын деген келінді анам өзі таңдап алып берген. Бір кездері дүние қолымда болғанда солардың бәріне керек болдым. «Адам аласы ішінде, мал аласы сыртында» деп осындайды айтқан екен ғой. Туған бауырларым өзімнен теріс айналды. Осыны ойласам «ой, тоба» деп ауыр күрсініп қоямын. Тірі кезімде сыйламай, өлгенімде өтірік жылап жоқтамай-ақ қойсын» – деп жүрек түкпірінде жасырынған сырымен бөлісті.
Адам анадан безбүйрек, тасжүрек болып туылмайтыны хақ. Осының бәрі біздің бойымызға жүре келе жұғады. Немесе жаман қасиетті қабылдап, адами болмысымызды кірлетіп аламыз. Бір күні сенің де тәубеңе келіп, жұрттан медет сұрайтын сәттің тумасына кім кепіл? Сонда анадан туған жан бауырың ғана қол созады. Бәріне көз жұмып сені кешіруі бек мүмкін, бірақ оның көңіліне түсірген қаяу жазылар ма екен? Кешігіп қалмай тұрған уақытта жақынымызды ренжітпеуге тырысайық, бауырлар!
Мухаббат АМАТАЕВА

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары