Халықаралық Қарттар күні мерекесіне орай, ашылған «Атадан өсиет» ескерткішінің лентасын қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков, облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов, қалалық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Әбдіхан Әбдіқадыров, қалалық аналар кеңесінің төрайымы Ұлжалғас Мұстафаева, қалалық ардагерлер алқасының төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов қиды.
Халықаралық Қарттар күні мерекесіне орай, жиналған қаланың зиялы қауым өкілдері жаңадан ашылған «Ынтымақ» үйінің ішіндегі қоғамдық ұйымдардың офисімен танысты. Мерекеге орай, бірқатар ақсақалдарды әңгімеге тартып пікірлерін сұраған болатынбыз.
Облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов:
«Біз ақсақалдар алқасы, ардагерлер кеңесі, әжелер алқасы, қалалық қоғамдық келісім кеңесі секілді барлық қоғамдық ұйымдар бір шаңырақтың астында «Ынтымақ» үйінде отыратын боламыз. Бұл бір жағынан әр жерде отырып, бір-бірімізді іздеп жүрмейміз. Қасымызда жастардың ресурстық орталығы ашылды. Яғни жастармен жұмыс жүргізіп, ақыл-кеңес беріп отырамыз. Қарттар күні мерекесінде белсенді қарияларымызды марапаттап, құрмет көрсеткен қала әкімі Нұрбол Тұрашбековке алғысымыз шексіз», – дейді Жарылқасын Әзіретбергенов.
«Үлес» қайырымдылық қорының төрағасы Райымжан Қошқаров:
«Ынтымақ» үйі, «Атадан өсиет» ескерткішінің ашылуы бұл ғажап мереке болды. Біздің Түркістан өңірі алуан түрлі ұлттар мен ұлыстардың «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» ынтымақтасып, жұмыс жасап жатқан елміз. Кешегі Арыстағы, Мақтааралдағы оқиғалар елдің береке-бірлігінің мызғымастығын көрсетті. Бұл әрине, қадірменді қарияларымыздың үлгі өнегесі деп айтуға болады. Жігерлі жастар да қасымызға келіп жатыр. Бәріне орта толсын дейміз», – дейді.
Қала тұрғыны, Сидней олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттархановтың анасы Сырлыкүл Саттарханова:
«Бұрын осы «Жеңіс» саябағында түрлі мәдени іс-шаралар тынымсыз өткізіліп жататын. Соңғы жылдары індетке байланысты тоқтап қалды ғой. Енді жастарымыз да, қарияларымыз да бір–біріне жақын ғимараттарға келіп орналасты. Бұл қала әкімдігінің қолдауы біздің жұмысымызға тың серпін береді деген ойдамыз».
Қариясын ұлықтап, жастарды қолдаған ұрпақ озады. «Ынтымақ» үйінің іргесінен «Жастардың ресурстық орталығы» да бой көтерді. Қарттар күніне орай, қаланың дамуына сүбелі үлес қосқан зейнеткерлер марапатталды. Мәдени шара концерттік бағдарламаға ұласты.
Ескендір ЕРТАЙ,
«Түркістан».