26 НЕМЕРЕ, 44 ШӨБЕРЕ, 4 ШӨПШЕК СҮЙГЕН БАҚЫТТЫ ӘЖЕ

1  127 көрілім

Халқымыз «қазақ-өзбек бір туған» деген сөзді жиі айтады. Шынында, тура айтылған. Редакция табалдырығын аттаған алғашқы жылдары киелі қаламызда тұратын ағайындарды жергілікті халықпен жиі шатастырып алатынмын. Өйткені, өзбек деп таңдаған кейіпкерімнің қазақ болып, ал қазақы отбасы деп барғаным өзбек ағайын болып шыққаны өзіме ғана аян жағдай болатын. Бұл сірә, түр-келбеттері ғана емес, сөйлеу мәнерлеріне дейін ұқсап, бір-бірімен тығыз қарым-қатынас орнатқан түркі тілдес халықтардың ынтымақ-бірлігі болар.
Бүгінгі кейіпкеріміз де қазақ халқына әбден сіңген, сіңгені сол болар қазақ халқының демографиясына өзіндік үлесін қосқан өзбек қызы Ырыс Ескендірқызы Ташметованың кимешек киіп салт-дәстүрімізді насихаттап, қарашаңырақты жайқалтып отырғаны – қазақ халқына келін болып, адал жар, ардақты ана құдыретін бойына дарытқанынан деп түйдік. Ендеше, сексеннің сеңгірінен асса да еңбектен қол үзбей, тiгiн машинасын сартылдатып, құрақ құрап, тігін тiгiп отырған Ырыс апамен әңгiмелесе отырып, өмiрдерегiне де қаныға түстiк.
Ырыс Тәшметова 1939 жылы 20 қазан күнi Түркiстан ауданының Шаға ауылында дүниеге келген. Балалық шағы сұм соғыспен тұспа-тұс келіп, балалықтың бал дәмін тата алмай, ерте есейген буындардың бірі. Зұлмат соғыс басталғанда екі жасар сәби болатын. Ауылдағы еңбекке жарамды бар ер-азаматтар майданға аттанып, бар ауыртпалық қыз-келіншек, бала-шаға, кемпір-шалдың мойнына түскенде әкенің аялы алақаны мен ана мейіріміне қанып үлгермеді. Таң бозынан қырманға жөнелетін анасына еркелеуді де білмей, еңбектеп жүріп етек жиған ол соғыс біткенде жеті жасқа жаңа аяқ іліктіргенді. Жеңіс хабары жеткен тұста елдегі жағдай өте ауыр болатын.
1948 жылы мектеп табалдырығын аттап, 8 сыныптық білім алады. Кәмелет жасына толған тұста, яғни, 1956 жылы Қуанышбай Өсербаевқа тұрмысқа шығып, өмiрге 4 ұл мен 2 қызды әкелiптi. Жасынан алғыр, зейінді де зерек болып өскен Ырыс Ескендірқызы алғашқы еңбек жолын 1962 жылы Түркістан аудандық тұтынушылар одағында есепшінің көмекшісі болып бастайды. Жұмыс істей жүріп осы істің кәнігі маманына айналған ол 1973 жылы сырттай оқуға түсіп, 1975 жылы есепші мамандығына ие болды. Қалалық тұтынушылар одағында 40 жыл абыройлы еңбек етiп, зейнеткерлiкке шыққан. Құдай қосқан қосағы Қуанышбай Өсербаев 2008 жылы дүниеден озыпты.
Қашанда жанындағыларға қамқорлық танытып жүретін Ырыс Ташметованың ұжымда абыройы биік болды. Сондықтан оны әріптестері кәсіподақ және әйелдер ұйымының төрайымы етіп сайлады. Сауда саласында атқарған еңбектері ескеріліп, «Сауда кооперациясының үздігі» төсбелгісімен, «Еңбек ардагері», «Түркістан қаласына сіңірген еңбегі үшін» медальдарымен және Түркістан қалалық, Оңтүстік Қазақстан облыстық тұтынушылар одағы, басқармалары мен кәсіподақ ұйымдарының мадақтау қағаздарымен марапатталды.
Ине мен жiптi өмiрiнiң бiр бөлшегi санайтын Ырыс Тәшметова кесте тоқып, киiз де басқан, кiлем де тоқыған. Бұл қасиет оның бойына iсмер тiгiншi анасы Үржаннан дарыпты. Иә, Ырыс апа әр қазақ әйелiне тән қолөнерiмен көрпе, көрпешелердi, жалпы айтқанда үйге қажеттi бұйымдардың барлығын өз қолымен тоқып, тiккен iсмер. Хас шебер апамыздың қолынан шыққан қөздiң жауын алар қызылды-жасылды құрақ көрпешелер, жастықтардың бiр шетте «қыздың жиған жүгiндей» болып қаз-қатар жиналып тұруы үйге ерекше сән берiп тұрғандай.
– Өзiм әрдайым кимешек киiп, жүрген жерiмде насихаттап жүремiн. Әрбiр қазақы шаңырақтың әжелерi кимешек киiп, немерелерiне ертегi айтып отырса, жарасымды емес пе?! 2013 жылы “Қызым саған айтам, келiнiм сен тыңда” атты облыстық байқауға көп балалы жанұя ретiнде қатысып, әулетiмiзден 18 болып бардық. Байқауға өзiмнiң қолымнан шыққан қолөнер бұйымдарын, құрақ көрпешелер мен жастықтар, 10 кимешек тiгiп апардым. Сондай-ақ, өзiмнiң және енемнiң тоқыған тақыр кiлемдерiн және енемнiң енесi тұтынған қол диiрмен, келi келсап, күбi, атамыз ұстаған қамшы және өзiмiздiң әулеттiң қолөнер бұйымдарын алып барып, «Жұлдызы жарық жанұя» бас жүлдесiн иеленiп қайттық. Бүгiнде бұл заттардың бәрi арнайы бөлмеде жасаулы тұр,- деген Ырыс апаның осынау ата-бабадан мирас болып келе жатқан құнды дүниелердi көзiнiң қарашығындай сақтап келе жатқан қасиетiне тәнтi болдық. Шынында, Ырыс апаның Абай атындағы орталық кiтапхананың кiтапханашыларына 2017 жылы 65 әппақ кимешек тігіп бергені туралы кезінде газетімізде жазған болатынбыз.
– «Елiмiз Тәуелсiздiкке қол жеткiзгелi ұлттық салт-дәстүрiмiз жаңғырып жатыр. Ақтау, Алматы, Шымкент, Қызылорда облыстары, Атырау қаласынан келiп, кимешектерiмдi алып кетiп жатады. 5-6 жылдың көлемi болды, бесiк апарғанда бөбектi бесiкке салған әжелерге кимешек кигiзу үрдiске айналды. Жаңадан босаға аттаған келiндерге арнап шымылдық тiгемiн»,-дейдi Ырыс апа.
Зейнетке шықса да еңбектен қол үзбеген Ырыс Ескендірқызы ұлттық қолөнерді насихаттап, қазақтың түрлі ою-өрнектерімен зерленген көрпе, жастық, құрақ, сырмақ, кілем, алаша, кимешек және т.б. бұйымдарын жаңғыртып қана қоймай, қасиетті өнерге ізбасарларын баулып жүргені жастарға үлгі өнеге. Бүгінде үлкен шыдам мен сүйіспеншілікті қажет ететін қолөнердің қыр-сырын Ырыс ападан үйреніп жүрген жас шеберлер Түркістанда аз емес.
Сондай-ақ, Ырыс апа елордамызда өткен «ЭКСПО-2017» көрмесін тамашалауға барған сапарында өзі тіккен қазақтың ұлттық киімімен 33 павильонды аралап шығып, кимешектің екі данасын Астана қаласының әкімдігіне апарып тапсырыпты. Ұлт өнерін насихаттаудың ең жарқын үлгісі осындай болса керек-ті.
Ырыс апа бүгінде қаламызда өтіп жатқан барлық іс-шараларға белсене қатысып, ұлттық салт-дәстүрімізді халықтың ортасында кеңінен насихаттап жүрген асыл аналардың бірі әрі бірегейі. Бүгінде шөберелері оқитын М.Мәметова атындағы мектептің ата-аналар комитетінің төрайымы ретінде де белсенді жұмыстардың бел ортасында, қызу еңбектен қол үзбей келеді.
Бос уақытты тиімді пайдалануды көздейтін Ырыс әже ісмерлікті үйренуге келген шәкірттеріне тәрбиелік мансұғы бар кеңес айтып, жол көрсетіп отыратын жақсы қасиетімен де ерекшеленеді. Тәрбиеге негізделген мазмұнды әңгімесіне ден қойсақ:
– Қазақ халқымыз табалдырықты басуға болмайды,-дейді. Адам атаның баласы әке-шеше өсиетін бұлжытпай үй салады. Баспана дайын болған кезде алғаш бірінші болып қонаққа келген құт екен. Ол үйден орын беруін сұрайды. Шешесі: «Қалаған жеріңе қон, қоныс қой» дейді. Құт табалдырыққа келіп жайғасады. Осыған орай ел арасында: «табалдырыққа тұрма, табалдырықты баспа үйдің құты қашады» деген ырым сақталыпты. Киімді жамылуға болмайды. Киім кигенде жеңіңді түгел ки, себебі оның кимеген жеңіне жамандық ұя салады. Осының кесірінен жамандыққа жиі жолығады. Сонымен бірге, шапанды желең әруақтар, қолы жоқ кемтар, мүгедек адам жамылады,-деген түсінік бар. Бұл айтылған мәселелерден шығатын қорытынды – біз халықтық даналықтарымызды үйде де, балабақша мен мектепте де, тіптен қайда жүрсек те үнемі жастарға айта жүріп, олардың мәнісін түсіндіріп отырсақ, осынау бай рухани құндылықтарымыздың өмірін ұзартып, кейінгі ұрпаққа бұдан әрі қарай да мұра етіп қалдыра алар едік. Сонда ғана жасы үлкендердің жастар алдындағы үлкендік парызы орындалып, ұлттық тәрбие тағылымы қалыптасар еді»,-дейді Ырыс әже.
Осындай парасатты да, тағлымды ақыл- кеңестерімен жастарға үлгі болып жүрген Ырыс әже халқымыздың салт-дәстүрін мектеп оқушылары мен студент жастарға, көпшілікке насихаттап келеді.
«Сырлы табақтың сыры кетсе де, сыны кетпеген» дегендей, 82 жасқа келсе де иінін тік ұстап, тiгiн машинасын игерiп, қазақы құндылықтарымыздың бiрi әрі бірегейі – кимешек тiгiп, ұлттық бас киімдеріміздің дамуына үлесiн қосып отырғаны көпке үлгi болғай. Шынында, парасатты ұл, ибалы қыз өсірді. Ақ босағасын аттап келген келіндеріне бар білгенін үйретіп, төрінен қонақ кетпес берекелі шаңырақтың отаналары етті. Бүгінде сол тамырын терең жайған үлкен әулетінің өрісі мен қонысын кеңейтіп отырған ұрпағы да ұлт өнерін насихаттауға атсалысып, Ырыс апаның ырысын тасытып отыр.
Әңгіме барысында, Ырыс апа 154 мың теңге зейнетақы алып отырғаны Мемлекет басшысының салиқалы саясатының арқасында зейнеткерлерге жасалып отырған үлкен қамқорлық екенiн айтып, алғысын жеткiздi.
Айтпақшы, Түркістан облысының құрылғанына 3 жыл толған мерекелі күніне орай қаламыздың дамуына үлес қосқан бір топ азаматтар марапатталғанда, солардың қатарында Ырыс Тәшметова да Түркістан қаласының «Құрметті азаматы» атанды. Бұл да болса қарапайым еңбек адамының ел алдында құрметке бөленгені болса керек. «Жақсы адамға жақсылық үйір» дегендей, жақында Ырыс әже мен Қуанышбай көкеден тараған Өсербаевтар әулеті облыстық «Мерейлі отбасы – 2021» ұлттық байқауына қатысып, жүлделі 2 орынды иеленіп, Түркістан қаласының мерейін үстем етті.
Бүгiнде Ырыс әже Аманкелдi, Махаббат, Мұхадас, Мұхтар, Марат, Ербол есiмдi ұл-қыздарынан 26 немере сүйіп, олардан өрбіген 44 шөбере мен 4 шөпшектің қолынан май жалаған бақытты әжей.

Л.ҚАНЫБЕКҚЫЗЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы