«Туған жер» ұғымы ойға оралғанда, әрбір адамның жүрегінде шалқар шабыт пен сүйіспеншілік сезімі ұялайтыны анық. Себебі, адам туған жерінен түлеп ұшса да сол мекеннің меншігі болып қала береді. Туған жерге деген сезімінің шегі мен шеті жоқ. Осы бір ерекше шексіз патриоттық сезімді әрбір азамат пен жастардың санасына сіңіру мақсатында Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Туған жер» бағдарламасына ерекше басымдық берді. Ал, бұл бағдарламаға үн қосуды әрбір «елім» деген азамат өз туған жерін насихаттаудан бастаған жөн. Менің туған жерім бүгінде мақтанышпен ауыз толтырып айтатын ол – Түркістан қаласы.
Жалпы, Елбасының Түркістанды түлетудегі бастамасы құнды қазына. Ол өз уақытында сәтті қабылданған дұрыс шешім деп білемін. Өйткені, киелі шаһар өзінің статусын көтеруде және рухани астана атанып, күллі қазақ еліне, қала берді түркі тілдес елдеріне танымал болды. Оған дәлел, 30-31 наурыз күндері Түркі халықтары Саммитінің тура Түркістанда өтуі – үлкен жетістік. Нәтижесінде бүгінде Түркістан рухани астана атанып, барша әлем көз тігіп, назарын аударған шахар.
⠀Түркістан қаласының тұрғыны, осы қалада туылған тұлға ретінде бұрын Түркістан қандай болғаны, қандай кезеңдер өткені көз алдымда. Қаламыздан жаңадан бой тіктеген «Rixos», «Hampton by Hilton Turkestan» қонақ үй кешендері, «Ұлы дала елі» орталығы, «Шығыс моншасы», Неке сарайы, «Түркістан сазды-драма театры» және саябақтар мен өзге де өзгерістердің бәрін көзбен көріп, осындай ауқымды тірліктерді бастан өткерген кезде балаша қуандым. Біз үнемі отбасымызда, балаларыма, тіпті анамыздың шаңырағына барғанда анам дастархан басында Түркістанның осылай түлеуі әуелі Алланың қолдауы, одан кейін Елбасының көреген саясатының арқасында деп жиі айтып отырады.
Иә, жаңадан салынған ғимараттар қатарында «Оқушылар сарайының» орны ерекше. Өзге де нысандарға басшылыққа келген іскер ханымдар Нұр-Сұлтан, Алматы сынды алып мегаполистерді Түркістанға айырбастап келіп, тұрмыстық қиындықтарға қарамай, Түркістанды түлетуге барын салып жатыр. Мұндай ханымдарға алғыстан басқа айтарым жоқ. Мұның барлығы туған жер бағдарламасының өңірлерде үздіксіз іске асуы деп білемін.
Қорыта айтқанда, «Туған жер» бағдарламасы жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналды. Батырларымыз ақ найзаның ұшымен, ақындарымыз қара қалам күшімен қорғап бізге аманаттап кеткен ұлан-байтақ даланың қазіргі иесі ретінде, әрбір Қазақстан азаматы өзіне жүктелген межелі міндетті абыроймен атқару тиіс деп ойлаймын.
Бүгінде мақалада қамтылған «Туған жер» бағдарламасының жаппай ел арасында насихатталып, жастардың бойына патриоттық тәрбие ұялату үшін жұмыла жұмыс істеу – Сіз бен бізге берілген үлкен абырой. Әрбір азамат туған жеріне туын тігіп, оны келешек ұрпаққа аманаттау азаматтық борышы деп білуі шарт.
Инара НАМАЗБАЕВА,
Түркістан облыстық мәслихатының депутаты.
