«ТҮРКІСТАНДА ТУМАҚ ТҮГІЛ АДАМДАР, ТҮРКІСТАНДА ТҰРҒАНЫНА МАҚТАНҒАН!»

746 көрілім

Ақын Өмірбай Сәуірбаевтың 75 жасқа толуына орай, қалалық орталық кітапханасында «Жырларым менің сырларым» атты поэтикалық кеш ұйымдастырылды.

   Түркістандай жерде аты аңызға айналып, өлеңдері мектеп оқушылары тарапынан ұдайы сахналарда оқылып жүрген Өмірбай Сәуірбаев ауыр тағдырлы ақын болатын. Жастай аттан құлап, мертіккен, салдарынан айықпас дертке ұшыраған ақын, өмірге құштар жан еді. Оның жыр болып төгілген өлеңдері арқылы анық байқауға болады. Ақынның өнегелі ғұмыр жолына өлшеусіз баға берген талай азаматтар болған. Кітапханада өткен арнаулы іс-шара өскелең ұрпақтың ақын туындыларын одан ары терең тани түсуіне зор ықпал жасады. Сондай-ақ, жиынға Тілдерді оқыту бөлімінің оқытушысы, орталық кітапхананың тұрақты оқырманына айналған, жас ақын Айгерім Жұмабай, оқушылар сарайының дәстүрлі ән үйірмесінің жетекшісі, талантты ақын Жанғали Мұсаев және кітапхана жанынан құрылған «Замандас» клубының мүшесі Қарлығаш Сейітжаппарова қатысты. Арнайы келген қонақтар ақын өлеңдерінің болмысы мен талғамына пікір білдіріп, керемет жиынның куәсі болды. Жастар жағы да Өмірбай Сәуірбаевтың ел арасында жатталып жүрген өлеңдерін мәнерлеп оқып, кештің көркін одан сайын аша түсті.

   Түркістанда тұрған кісі Өмірбай ақынды білмеуі мүмкін емес. Себебі, ақынның «Түркістанда тумақ түгіл адамдар, Түркістанда тұрғанына мақтанған!» деген қанатты сөзі бүгінде тұрақты тіркеске айналған. Рухани азық болар іс-шара соңы балалардың домбыра тартып, ән орындаумен жалғасын тапты.  

Қарлығаш СЕЙІТЖАППАРОВА

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы