ЖАСТАР «ЖАРЫЛЫСТЫҢ» АЛДЫН АЛУҒА БАРЫН САЛЫП ЖАТЫР

490 көрілім

Түркістан қалалық мәслихатының депутаты, «Nur Otan» жастар қанатының басшысы Жансерік Жұман «Түркістан қаласы әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомсвоаралық комиссиясының» отырысында жастарға төнген қауіптің алдын алу бойынша ұсыныс жолдап, мәселе көтерді. Иә, жарылысқа пара-пар бұл мәселе салғырттықты көтермейді. Бүгінде есірткіге тәуелді жандардың қатары күрт артуға жақын тұр. Әсіресе, бұл іске жастардың көптеп тартылуы бек мүмкін. Тіпті алғашқы легі айналысып та жүргенге ұқсайды.

Енді мәселеге көшсек. Халық қалаулысы өз сөзінде: «Синтетикалық есірткілер – бұл психобелсенді есірткі заттарының жаңа түрлері болып табылады. Оларды тұтыну адамның ағзасына өте ауыр зиянын тигізеді. Синтетикалық есірткілерді тұтынған адамда өмір бойына психикалық ауру диагнозы қалады. Оларды бір рет қолданудың өзі өмір бойына тәуелділікке алып келуі мүмкін. Ал, олардан бас тарту өте қиын болып қалады. Синтетикалық заттарды ине арқылы екпейді, иіскеу немесе суға араластырып ішу арқылы қолданады. Сондықтан, адамдар мен ине салмаймын, демек нашақор емеспін деген түсінікте болады. Ал, синтетикалық заттардың әсері марихуана, гашиштен 5 есе жоғары», – деп дабыл қақты. Депутаттың айтса айтатынындай бар. Бұл өнімнің бағасы қолжетімді және оның насихат жұмыстарын да осы жастар жүргізіп жатқан көрінеді. Латынша әріптер мен сандардан тұратын шағын жазбалар қаланың кез-келген жеріне бояумен жазылған. Оның әрқайсысын жазған адамға екі мың теңгеден астам ақша төленетін ұқсайды. Ол не жазу десеңіз. Әлгі өнімді саудалайтын сайттың атауы. Орта жастан асқан адамдар бұл жазбаларға аса мән бермеуі мүмкін. Бірақ жастар оның не жазу екенін түсіне қоятыны белгілі. Есірткі саудалайтынын білмесе де, сайттың кілті екенін сіз бен бізден бұрын жастар тез түсінеді.

Есірткі демекші мамандар синтетикалық есірткілердің әсері есірткілер тізіміне енгізілген марихуанадан әлдеқайда күшті екенін ескертуде. Синтетикалық есірткілердің ішіндегі ең қауіптісі каннабиноидтар – яғни, спайс, басқаша айтқанда, «тұздар». Спайс – синтетикалық есірткі, негізінен Қазақстанға Қытайдан жеткізілетін көрінеді. Бұл есірткінің қауіптілігі адам ағзасын тез бұзып, тез бейімдейді.

Өкініштісі ол зат Қазақстанда тыйым салынған прекурсор мен синтетикалық есірткілер кестесінде болмауы ықтимал. Полиция дерегі бойынша, соңғы кездері синтетикалық есірткілерді «Еуроодақ елдері, Ресей мен Қытайдан курьерлік қызмет көрсететін логистикалық ұйымдар мен халықаралық пошта» арқылы тарату көбейген.

Соңғы уақытта синтетикалық есірткінің формуласы үнемі өзгеріп тұратын болғандықтан, есірткі таратқан-дарды ұстағанымен, алайда кейін тексере келе мұндай есірткі тізімде болмай шығатынын алға тартқан мәсли-хат депутаты аталмыш әрекет үстінде ұсталған адамды жауапқа тарту мүмкіндігі жоқтың қасы екенін айтады.

Статистикалық деректерге қарағанда, синтетикалық есірткіге тәуелді болатындардың басым көпшілігі 14-21 жас аралығындағы жасөспірімдер мен жастар. Сонымен қоса, олардың қатары күн санап артып келе жатқандығы да жасырын емес. Міне, осылайша бүгінде тұмсығымыздың астында өте қауіпті дерттің жарнамасы қызып тұр десек болады. Оның алдын алу үшін Жансерік Жұман бастаған жастар легі әлгі жазбаларды өшірумен айналысып жатыр. Одан әрі құзырлы органдар шындап кіріспесе мәселенің ушыққан үстіне ушыға беретіні баршаға аян. Ал, салғырттық танытсақ көп ұзамай әскери қару-жарақтардан бірнеше есе күшті «жарылыстың» болуы ғажап емес.

Аталған комиссия төрағасы, қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков жүргізген жиынның күн тәртібіндегі мәселелер бұл емес еді. Бірақ та Мақсат Таңғатаров бастаған депутаттар көтерген мәселе ауқымды екенін түсінген жөн.

Енді басқосудың мақсатына ойыссақ. «Түркістан қаласы әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссиясы» шаһардың құқықбұзушылықтан ада болуын көздейтін және осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізуге ықпал ететіні белгілі. Сол мақсатта алғаш рет өткен жиында құзырлы орган басшылары баяндама жасады. Қала аумағындағы құқықбұзушылық әрекеттердің ішінде ең сорақысы алаяқтардың асығы алшысынан түсіп тұр. «Сізді жұмысқа орналастырып беремін, қажетті құжаттарыңызды рәсімдеп беремін», – деп тағысын-тағы жалғасып кете беретін күнделікті тұрмыста алдыңыздан шығатын және онымен өзіңіздің бас қатырғыңыз келмейтін мәселелерді «ақысына тындырып беремін», – деп табысқа кенеліп жүрген екі азамат аз уақыт ішінде жетпістен астам адамды тақырға отырғызған. Сонымен бірге, ғаламторды торлап, айласын асыруға машықтанған алаяқтардың да тасы өрге домалап тұрғанына қалалық Полиция басқармасының басшысы Бауыржан Селтанов өз баяндамасында арнайы тоқталып өтті.

Осылайша құқық бұзушылық деректері жөнінде және оның алдын алу барысы бойынша баяндама жасаған жергілікті атқарушы орган мен полиция қызметінің өкілдерінің жұмысын сынға алған қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков мұндай отырысты жәй есеп үшін емес, нәтижеге қол жеткізу үшін өткізу қажеттігін баса айтты. Сонымен бірге, баяндамашыларға да атқарылған және оның алдын алу барысындағы жұмыстарды нақты мәлімдеулерін ұсынды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы