ЖАРҚЫН ІСТЕРГЕ ЖОЛ АШТЫ

606 көрілім

Тәуелсіздігіміздің әр күні жылға татитын­дай тарихи кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Маңызы зор саяси оқиғалар қоғам өміріне жаңаша сипат, мәнді мазмұн беруде. Солардың ішінде маңызды саяси құжат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты халыққа жария еткен Жолдауы. Ел дамуына серпін беретін бұл стратегиялық маңызды құжат дер кезінде жолданып отыр. Оның себебі бар. Өйткені, ел дамуындағы басым бағыттарды айқындап, ел экономикасын дамуына жол салды. Бұл Жолдау сонысымен айрықша маңызды. Енді Үкімет, жергілікті атқарушы органдар терең талданған тапсырмаларды тезірек әрі сапалы жүзеге асыруы тиіс. Мемлекет басшысының жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауының негізгі өзегі – еліміздің экономикасы және оны дамыту мәселелері.

Президенттің биылғы Жолдауында бүгінгі қоғамдағы аса маңызды мәселелерге баса назар аударылды. Сонымен қатар, ел экономикасын одан әрі дамыту, халықтың әлеуметтік әл-ауқатын жақсарту жолдары, білім, медицина саласы қызметкерлерінің мәселелері де кеңінен қамтылды. Елдің ішкі экономикасын дамытуда отандық өнімдерге деген сұранысты арттыру жолдары да атап көрсетілді. Ең бастысы, бұл Жолдауда Қазақстанның болашақ даму жолының бағыт-бағдарлары айқындалып, халықтың әл-ауқатын жақсартудың нақты жолдары көрсетілді.

Мемлекет басшысы Жолдауда денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру мақсатында көптеген қадау-қадау мәселелерді көтерді.  Халқымыздың «Бірінші байлық – денсаулық» деуін алға тартып, бүкіл әлемді дендеген індетті дер кезінде қолға алып, онымен күресу шараларын қолға алғанымызды атап өтті. Бұл тұрғыда Қазақстан – коронавирусқа қарсы вакцина жасап шығарған әлемдегі санаулы мемлекеттің бірі екенін, отандық вакцинаның тиімді әрі қауіпсіз екенін мәлім етті. Бүгінгі таңда отандық QazVac-қа өзге мемлекеттерден сұраныс түсіп жатқанын айтты. 

Сонымен қатар, елімізде вакцина қорының жеткілікті, қазақстандықтардың таңдау мүмкіндігі мол екенін, көптеген мемлекеттердің бұған қолы жетпей отырғанын атап өтті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында тіркелген вакциналарды тезірек сатып алу керектігін, бүкіл денсаулық сақтау саласын тұрақты екпе алу жүйесіне дайындауды тапсырды.

Сонымен бірге, «Дені сау ұлт» жобасы бойынша кемінде 12 зертхананы жоғары технологиялық құралдармен жабдықтауды, соның арқасында зертханалардың 90 пайызға дейін халықаралық талапқа сай жұмыс істейтін болатынын жеткізді.  Медицина саласына қомақты қаржы құю керектігін, бұл қаражат инфрақұрылымға, маман даярлауға және халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге жұмсалатынын атап өтті.

Сөзімді қорытындылай келе, бүкіл әлемді шарпыған індетпен күресуде әрбір отбасы өздерінің қауіпсіздігі үшін енгізілген шектеулерге үлкен жауапкершілікпен қарап, өзіне де, жұртқа да қауіп қатер төндірмеуі керек, – деп ойлаймын. «Тәртіпке бағынған елдің ырысы мол болады» – дейді дана халқымыз. Қатерлі індеттің жаппай алдын алудың басты мақсаты вакцина екенін жұрт бүгінде мойындап отыр. Сондықтан барша түркістандық жерлестерімді екпе егуге асығуға шақырамын. Бұл әлемді шарпыған індетті тек қана вакцинация арқылы ауыздықтай алатын боламыз. Ендеше, сақтық саулықта екенін ұмытпауымыз керек ағайын!

Ж.ДІЛДАБЕКОВ,  

қалалық орталық ауруханасының бас дәрігері

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы