ТҮРКІСТАНҒА ТЕР ТӨГУ АЗАМАТТЫҚ ПАРЫЗЫМ

592 көрілім

Елбасымыздың 2018 жылғы 19 маусымдағы №702 тарихи шешімімен Түркістан қаласы облыс орталығына, сонымен бірге биыл наурыз айында өткен Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми Саммитінде Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасына айналды. Небәрі 3 жылдың ішінде Түркістан адам танымастай дәрежеде өзгерді, жаңадан нысандар салынды. Бұл әлбетте, баршамызға қуаныш сезімін ұялатады. Дегенмен түркістандықтарды тұрақты жұмыспен қамту үшін өндіріс орындарын көптеп ашу мәселесі өзекті тақырыпқа айналып отыр. Кәсіпкерлерге қолдау жағын да тағы бір пысықтап алғанымыз жөн. Өйткені, өз жұмысын енді қолға алған кәсіпкерлер кейде жан-жақтан кедергілерге тап болатыны бар. Мысалы, құрылыс үшін ең қажетті тас, құм, шағал тас, темір-арматуралардың, тағы басқа құрылыс материалдарының қымбаттауы кәсіпкер үшін де, жай қарапайым халық үшін де оңайға соғып отырмағаны анық. Алдағы уақытта осы мәселелердің өзегін негізге алып, тиімді шешім қабылдауға күш салудамыз.

Түркістанда атқарылып жатқан жұмыстар қала басшысының тікелей бақылауында. Бөлім басшылары бар күш-жігерлерін жұмсап, аянбай еңбек етуінің нәтижесінде жұмыстар сапалы орындалады. Әлбетте, мұндай мәселелер тұрақты комиссияның отырысында да талқыланып келеді. Ал, одан қорытынды шығару басшылардың арына, намысына байланысты. Сондықтан Түркістанның табыс көзін тікелей туризммен байланыстыратын болсақ, атқарып жатқан жұмысымызды тиянақты, нақты, ынта-жігермен атқаруымыз керек. Сонда ғана киелі қаламыздың атына, оның қасиеттілігіне дақ түсірмеген боламыз. «Жас кезімде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» демекші, жастарға еңбекқор болуды, бойындағы күш-жігерін мүмкіндігіне қарай жұмсап, Түркістанның бұдан да көрікті болуына атсалысуы керек.


Ғаппар Сәрсенбаев

Түркістан қалалық мәслихат депутаты

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы