БАСПАНА БАҒАСЫ АСПАНДАП, САПАСЫНА СЫН КӨБЕЙДІ

544 көрілім

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында еліміздегі тұрғын үй мәселесіне ерекше тоқталды.

«Тұрғын үй азаматтарымыз үшін – қашанда басты мәселе.

«Баспана хит» және «7-20-25» сияқты тұрғын үй бағдарламаларының мерзімі таяу арада аяқталады.

Сонымен қатар, нарықтық ипотека ставкасы әлі де жоғары және жұрттың бәріне бірдей қолжетімді емес.

Осыған орай, бірыңғай тұрғын үй бағдарламасы әзірленетін болады.

Ұлттық даму институтына айналатын «Отбасы банкі» оның әкімшісі болып белгіленеді.

Банк алдында «бір терезе қағидаты» бойынша есеп жүргізіп, азаматтарға тұрғын үй бөлу міндеті тұр».

Облыс мәртебесін алған бойда шарықтаған пәтер бағасы күннен күнге өсіп барады. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға өзекті мәселенің бірі – баспана болып табылады. Былтырғы жылы тұрғын үй кезегінде тұрған мұқтаж азаматтардың саны 12 441 құраған. Ал, өз алдына жер алып, дербес үй тұрғызудың кезегіндегілері 35 мыңға жақындап қалды.

Осы бағытта 2020 жылы жаңа әлеуметтік үйлердің қатарын көбейту жоспарланғанымен, тәжтажал індетіне байланысты тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарын мерзімінде жүргізуге облыстардың шекаралары жабылуынан жұмысшылар мен құрылыс материалдарының уақытылы жеткізілмеуі көп кедергі келтірді. Соған байланысты көптеген ғимараттардың құрылысы кестеден кешігуде.

Өткен жылдың соңында кезекте тұрған 440 мұқтаж азаматтарға пәтерлер тапсырылды. Сондай-ақ, 534 пәтер несиемен рәсімделіп берілсе, 7 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, 336 пәтер «Отбасы банкі» арқылы пайдалануға берілді. Мұның өзіне де шағымданушылар қатары сиремей отыр.

Әсіресе әлеуметтік желіде тарап кеткен Отырар шағын ауданындағы 32 үйдің сапасыз салынып, қабырғасының қақырап, іргетасының шөгуі орын алды. Осы үйдің көршілесі 31 үйдегі жылу жүйесінің істен шығуы да тұрғындарды әбігерге түсірді. Алдағы жылу беру маусымына дейін барлық жылыту қазандықтарының жұмысын сынақтан өткізудің уақыты жетті.

«Біткен іске сыншы көп» деген жақсы сөз бар. Қандай да жобаның барлық адамның көңілінен бірдей шығуын күту – үлкен қателік. Біріне ұнағаны – міндетті түрде екінші адам тарапынан кері қабылдануы мүмкін. Алайда, тұрғындардың талғамы күн санап өсіп келеді. Жазғы мезгілдегі қапырық ыстықта кондиционерсіз отыру қапасқа қамалғанмен тең. Осы орайда, жаңа мемлекеттік ғимараттар мен тұрғын үйлерді салған кезде құрылысшылар тарапынан әркелкі емес, әрі әсем, біркелкі кондиционер желдеткішпен қамтылғаны жөн.

Жыл басында қала әкімі Рашид Аюпов елге есеп беру отырысында: «Атқарушы орган ретінде басым көпшілікке ұнауы мақсатында, тұрғындарымызға жобалардың іске асырылуы барысына қатысуға мүмкіндік беруді бас міндетіміз деп санаймыз. Былтыр «Халықтық Жоба», «Халықтық Бюджет» бағдарламаларын жүзеге асыруды бастаған болатынбыз»,-деген болатын.

Осы жобалардың жүзеге асырылуына тұрғындардың белсенді қатысуын жүзеге асыру үшін онлайн форматтағы әдіс- тәсілдерін қолданып, БАҚ пен блогерлер арқылы дер кезінде ақпараттандыруды тұрақты жүргізген жөн.

Қала бойынша 46 көпқабатты тұрғын үйлердің қасбетін қайта жаңғырту жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Алайда, Астана жаңа салынған кездегідей тұрғын үйлердің қасбеті ғажайып көрікті көңілге қуаныш ұялатқанымен, артқы жағындағы кіре берістері қоқыстан аяқ алғысыз болып жатқандығын көргенде ұяттан жерге кіріп кете жаздайтынбыз. Бұл жағдай киелі қалада қайталанбауы тиіс.

Бүгінгі таңда әкімшілік-іскерлік орталығындағы 77 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұл ретте құрылыс жұмыстары аяқталған соң, кезекте тұрған азаматтарға 2021 жыл соңына дейін 730 пәтерді табыстау жоспарлануда.

Қала әкімінің қуаттауымен алдағы уақытта пайдалануға берілетін үйлердің сапасы мен бағасын қоғамдық орындардың тұрақты бақылауында ұстап, барынша қолжетімді ету биліктің де беделін көтеретіндігі даусыз. Бәрінен бұрын жыл он екі ай, тәулік бойы құрылыс жүргізуге болатын ауа райы аса жайлы Түркістанда отандық өнімдерді барынша арзанға пайдаланып, тұрғын үй нарығына бәсекелестерді еркін енгізіп, пәтер бағасын түсіруге болмас па еді деген орынды сұрақ көпшілік көкейінде қалып қойды.

Осы ойды дөп басқан Мемлекет басшысы кезекті Жолдауында: «Халық қатысатын бюджет» орталыққа бағынатын қалалар мен облыс орталықтарына табысты енгізілді. Азаматтардың нақты сұранысына сәйкес ондаған абаттандыру жобасы жүзеге асырылды. Бұл – жақсы тәжірибе.

Енді абаттандыру және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығының бюджетіндегі «халық қатысатын» үлесті 10 есе арттыру керек»,-деп тұжырымдады.

Осыған орай қалалық басты газетімізде «Баспана» айдарымен арнайы материалдар әзірлеуді бастадық. Алдағы уақытта бұған қалың көпшіліктің қатысуымен арнайы беттер әзірлеуді жоспарлап отырмыз. Сондықтан, тұрғын үй мәселесімен айналысатын құрылыс компаниялары, мемлекеттік мекемелер, баспана сапасын тексеретін құзырлы органдар мен қала тұрғындарының белсенді қатысуын сұраймыз.

Ескендір ЕРТАЙ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы